«Денсаулық» пойызы Қазақстанның шалғай бекеттерінің 60 мыңға жуық тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетеді.
«Қазіргі күні Қазақстанның шалғай аудандарының тұрғындары сапалы, уақытылы және тегін медициналық көмекке әлі де толығымен қол жеткізген жоқ. Осы тұрғыда «Денсаулық» жобасы тұрғындарға сапалы және жедел диагностика жасауға мүмкіндік беретін заманауи құралдармен жабдықталған медициналық қызметті ұсынады. Жоба аясында әрбір адам медициналық көмек ала алады. Пойыз Алматы қаласынан бастау алып, осы жылдың 21 желтоқсанына дейін жүретін болады. Биылғы жылы біз баратын облыстардың санын арттырдық, пойыз Қазақстанның барлық өңірлері бойынша 195 бекетті аралап шығады», – деді корпоративтік қорының бас директоры Дияс Әзбергенов. Оның айтуынша, медициналық пойыз одан әрі Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарына бағыт алады. Сол сияқты Орталық Қазақстан бекеттерінің тұрғындарына қызмет көрсете отырып, батыс өңірлерге алған бағыты оңтүстікке жалғасып, Жамбыл облысында өз бағдарын аяқтайды. Жалпы жол жүріп өту қашықтығы 19 мыңнан астам шақырымды құрайды. Медициналық бригадалардың құрамында қажетті мамандардың бәрі бар. Өткен жылы медициналық пойыз Қазақстан бойынша 124 бекетті аралап, 42 мыңнан астам (42 306) адамға қызмет көрсеткен болатын.
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz