Сайлау-2019: Президенттікке кандидаттарды ұсыну аяқталды
2019 ж. 29 сәуір
3058
0
2019 жылдың 9 маусымына тағайындалған кезектен тыс президенттік сайлауға ұсынылған кандидаттардың есімі толықтай белгілі. Үміткер кандидаттардың еңбек жолдарын қарап отырсақ, еліміздің саяси-қоғамдық өміріне тікелей қатысы бар азаматтардың ел басқаруға ниетті екендігін байқауға болады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, елімізде тіркелген барлық дерлік саяси партиялардың өкілдерімен қатар, республика еңбеккерлерінің құқығын қорғайтын Кәсіподақтар федерациясынан, рухани-патриоттық бірлестіктерден кандидаттар тіркеліп отыр.
Осылайша бүгін республикалық қоғамдық бірлестіктердің енді бір айдан астам уақыттан кейін өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға кандидаттарды ұсынуы аяқталды.
Қазіргі уақытта республиканың екінші Президенті лауазымын қолға алып, мемлекетімізді өркендету жолында аянбай еңбек етуге ниет танытып отырған 9 кандидат, нақты айтқанда «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігінен Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Төлеутай Рахымбеков, Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясынан Жамбыл Ахметбеков, «Ақ жол демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігінен Дания Еспаева, «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігінен Әміржан Қосанов, «Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы» Республикалық кәсіподақтар бірлестігінен Амангелді Таспихов, «Қазақстан Құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігінен Талғат Ерғалиев, «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігінен Сәді-Бек Түгел, «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен Жұматай Әлиев Орталық сайлау комиссиясына қажетті 7 құжат топтамасын толық тапсырған.
Аты аталған үміткерлердің ішінен Қасым-Жомарт Тоқаев, Жамбыл Ахметбеков, Дания Еспаева, Сәді-Бек Түгел, Төлеутай Рахымбеков, Амангелді Таспихов кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін арнайы құрылған лингвистикалық комиссия алдында емтихан тапсырып, сыннан сүрінбей өтті. Қалған үміткер алдағы уақытта қазақ тілін жетік меңгергендігін дәлелдейтін болады.