ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК – БАСҚАРУДЫҢ ШЕШУШІ САТЫСЫ
2019 ж. 26 сәуір
2919
3
Сенаттағы заң жобаларын талқылауға мәслихат депутаттарын шақырып отыру қажет. Бұл туралы Сенат депутаттарының орталық атқарушы және жергілікті өкілетті органдардың басшыларымен кездесуі барысында сенатор, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев айтты.
Оның айтуынша, өңірлер үшін маңыздылығы жоғары заң жобаларын талқылау барысында мәслихат депутаттарын Парламент Сенатына шақыру Сенат депутаттарын аймақтардағы нақты жағдаймен жақынырақ таныстырады және оның дамуы мен адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық жобаларды одан ары тиімді іске асыруына мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар, ол Үкімет әзірлейтін заң жобаларының сапасыз болып келетіндігін, соның салдарынан орындалмай жататындығын айтты. «Өздеріңіз білесіздер, Сенат депутаттары Үкімет әзірлеген заң жобаларының сапасын бірнеше рет көтерді. Әлеуметтік-экономикалық салдардың нақты бағаланбайтындығына байланысты біз, депутаттар әрқашан заң жобаларының қабылдану нәтижесі мен тиімділігі туралы жан-жақты көріністі айқындай алмаймыз. Өкінішке орай, іске асыру кезеңінде көптеген заңдар орындалмайды немесе жүзеге асырылмайды», – деді ол. Мәселен оның айтуынша, 2016 жылы Жер кодексіне ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін иеленуге қатысты өзгерістер енгізілді. Кейінірек бұған Президент Жарлығымен мораторий жарияланды. Мүлік пен кірісті жалпыға бірдей декларациялау туралы заң жобасы да шикі болуы салдарынан қолдану мерзімі бірнеше рет ауыстырылды. Міндетті медициналық сақтандыруға қатысты түзетулер де халықтың көптеген сұрағын туындатты. «Демек, мәслихат депутаттары Парламент Сенатында қаралатын заң жобаларына қатысуы, сондай-ақ қабылданған заңдарға сәйкес халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өңірлермен кері байланыс орнатуға, халықты алдағы заңнамаға енгізілетін өзгерістермен ақпараттандыруға мүмкіндік береді», – деді Т.Мұқашев.
qazaquni.kz