Президенттікке үміткерлердің мемлекеттік тілді меңгеруін тексеретін комиссияның құрамы бекітілді
2019 ж. 22 сәуір
2499
1
Президент лауазымына үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтайтын лингвистикалық комиссияның құрамы бекітілді. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясында өткен отырыста белгілі болды, - деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Академик Мырзатай Жолдасбеков төрағалық ететін комиссияға Әділ Ахметов, Ғарифолла Есім, Сейіт Қасқабасов, Гүлтас Құрманбай және Ерден Қажыбек сынды тіл мен әдебиет саласының мамандары енді. Олар кандидаттар орындайтын жазбаша жаттығудың, оқитын мәтіннің және көпшілік алдында сөйлейтін сөзінің тақырыбын ұсынады.
Ләззат СҮЛЕЙМЕН, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Үміткер емтихандағыдай тапсырманың 3 түрінің әрқайсысынан бір-бірден таңдап алады. Емтиханның әр кезеңіне дайындалу үшін Президенттікке кандидатқа жеткілікті уақыт беріледі. Жазбаша жұмысқа қажет болған жағдайда жарты сағатқа ұзарту мүмкіндігімен бір сағаттан кем емес уақыт беріледі. 15 минут көпшілік алдында сөз сөйлеуге дайындалуға 1 сағаттан кем емес уақыт беріледі.
Сондай-ақ, отырыста үміткер мен оның жұбайының салық декларациясын тапсыру мәселесі қаралды. Осылайша, үміткерлер мамырдың 11-не дейін аталған мәліметтерді тиісті органға тапсырғаны туралы анықтаманы Орталық сайлау комиссиясына ұсынуы керек. Әйтпесе кандидат ретінде тіркелмейді. Ал декларацияның дұрыс-бұрыстығын мемлекеттік кірістер органдары тексереді. Бұдан бөлек, Президент лауазымына үміткердің денсаулығы туралы медициналық қорытынды ұсыну туралы қаулы қабылданды. Денсаулық сақтау вице-министрі, Мемлекет басшысы болуға кедергі келтіретін 107 психикалық ауру түрлерін атады. Ләззат Ақтаеваның айтуынша, ол тізімнің ішіне өзі мен айналасына қауіп төндіретін ой, ақыл мен жады кемістіктері кіреді. Бұл тізімді түзуге мықты мамандардан құралған жұмыс тобы қатысқан.