Г. Әбдіқалықова Алматы облысының тұрғындарымен кездесу өткізді
2019 ж. 16 сәуір
2489
0
Жұмыс тобының құрамына ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, ҚР білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, ҚР денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов кірді, - деп хабарлайды primeminister.kz.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова мен ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев жұмыс сапарын Талдықорған қаласының қалалық жұмыспен қамту орталығы мен халыққа қызмет көрсету орталығынан бастады, онда мекемелердің жұмыстарын тексерді.
2018 жылы облыста 8294 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 2681 адам тұрақты жұмыс орындарына тұрды, 3248 адам төленетін қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Жұмыспен қамту орталығында атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі егжей-тегжейлі қаралды, бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Талдықорған қаласының ХҚКО-да 2018 жылы 234 мыңнан астам құжат берілді, олардың 59% электронды түрде ұсынылған.
Бұдан кейін жұмыс тобы Алматы облысының тұрғындарымен кездесті. Жиынға көп балалы аналар, аз қамтылған отбасылар, еңбек ардагерлері, мүмкіндіктері шектеулі жандар, мұғалімдер, дәрігерлер, азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Гүлшара Әбдіқалықова өз сөзінде жаңа әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттары, жұмыс тобының мақсаттары мен міндеттері туралы толығырақ айтып берді. Халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында қолға алынған шаралар туралы егжей-тегжейлі баяндай отырып, ол мемлекеттің басымдығы халықтың тұрмыс деңгейін барынша жақсарту екенін атап өтті. Басты міндет — халықты жұмыспен қамтамасыз ету, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына міндетті түрде мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
Залда көтерілген сұрақтарға жұмыс тобының мүшелері нақты әрі толық түсініктеме берді.
Кездесу аяқталғаннан кейін Вице-премьер цифрлық сауаттылықты дамытуға бағытталған №28 АТ-лицей мектебіне барды. Мұнда 1,3 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Мектеп заманауи жабдықтармен жабдықталған, 59 кабинет бар, оның ішінде информатика, психолог, лингафондық және мультимедиалық кабинеттер, оқу шеберханалары бар.
Бұдан кейін Г. Әбдіқалықова аз қамтылған отбасылармен кездесті. 5 бала тәрбиелеп, балабақшада тәрбиеші көмекшісі болып жұмыс істейтін көп балалы ана Т. Бекбердинованың пәтерінде болған Премьер-Министрдің орынбарасы атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тетігін түсіндірді, оған сәйкес бұл отбасы енді ай сайын 141 125 теңге алатын болады.
Бірінші жұмыс күнінің соңында Г. Әбдіқалықова азаматтарды жеке қабылдады. Атап айтқанда, С. Тұраштың табысы төмен отбасының өтініші қанағаттандырылды, ол өз үйінде тігін ісін ашқысы келеді және қаржыландыруға мұқтаж. Өңір басшылығына 505 мың теңге көлемінде өтеусіз грант беру мәселесін шешу тапсырылды.
Мал шаруашылығымен айналысуға шешім қабылдаған С. Күмісбек шағын несие беруді сұрады. Бұл мәселе де оң шешімін тапты — облыс басшылығы оған шағын несие бөледі.
Жұмыс тобының басқа мүшелері облыс аудандары бойынша сапарларда болды. ҚР денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов Ескелді ауданында, ҚР білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова Көксу ауданында, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов Талдықорған қаласының және Текелі қаласының құрылыс және ТКШ нысандары бойынша жұмыс сапарында болды.
Денсаулық сақтау, білім беру нысандарын, басқа да әлеуметтік мекемелерді, құрылыс алаңдарын аралай отырып, ауыл тұрғындары, мұғалімдер және дәрігерлермен әңгіме өрбіді. Халықтың жеке қабылдауы өтті, онда азаматтар өзекті сұрақтарға толық жауап алды, сонымен қатар олардың түйіткілді проблемаларын шешуге көмек көрсетілді.
Алматы облысына жұмыс сапары жалғасады.