Достық байланысты нығайту жолында

Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде Татарстан жастар қауымдастығының төрағасы Табрис Ярулинмен кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі елордалық әкімдікке сілтеме жасап.

ҚХА «Жаңғыру Жолы» РЖҚ төрағасының орынбасары, «Жарасым» РЖБ төрағасы Тимур Жұмырбаев атап өткендей, аталмыш кездесудің мақсаты жастармен жұмыс жасау бойынша тәжірибе алмасу, жұмыс жасаудың жаңа түрлерімен танысу болып табылады.

Кездесу жұмысына Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Павлодар қалаларының ҚХА белсенділері мен жастар қозғалысының көшбасшылары қатысты. Кездесудің бірінші ресми бөлімінде ағайынды екі елдің жастары бірлесе жұмыс жасау үшін жоспар құрып, цифрлы даму жолдарын ұсына отырып, алға қойылған міндеттермен және іске асуы тиіс креативті жобалармен танысты.

Ресми кездесуден кейінгі екінші бейресми бөлім барысында жастар жақын танысып, ойларымен бөлісуі үшін «Ақыл фабрикасы» атты еркін тренинг өтті. Мұндай шаралардың жиірек ұйымдастырылуы елдер арасындағы жылы қарым-қатынас пен достық байланыстарды одан әрі нығайта түсетіні сөзсіз.