ҚАРАШАҢЫРАҚ ҚУАНЫШЫ

d0bad0b0d0b7d0b3d1831         

Өткен жыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы үшін ерекше жыл болды. Қазақ жоғары білімінің қарашаңырағы өзінің 75 жылдық мерейтойын дүбірлетіп өткізді. 2009 жылдың ақпанында басталған мерекелік шара әлі күнге дейін жалғасын тауып келе жатыр десек те болады.

               75 жылдық мерекенің құрметіне университетте өткізілген дүбірлі думандардың әрқайсысы ерекше есте қалатын шара болды. Ең бірінші, университет көлемінде үздік оқытушылар шеруі басталды.

         Әр факультет ұжымы осы додаға өз жүйріктерін үкілеп қосып, қуаныштарын бірге бөлісті. Университет оқытушыларының арасынан жыл сайын Білім және ғылым министрлігі тарапынан өткізіліп келе жатқан «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» конкурсына қатысып, елге танылып, университеттің мерейін үстем етіп келе жатқаны әдетті шаруа сияқты болып қалғандай еді. Осы жылғы жарыс жылдағыдан ерекше болды. Жылда жарысқа қатысатындардың тізімі өз факультетінен ұсынылып, Үлкен кеңестің шешімімен министрлікке жіберілетін де, ең соңында бағы жанғандардың аты-жөнін «Егемен Қазақстанның» бетінен көріп, қуанып, танитындарымызды құттықтап жататынбыз. Танымайтынымызда шаруамыз болмайтын.

              Осы жылы өткізілген жарыстың ерекшелігі сол-үміткерлердің бәрі университет ұжымының алдына шығып, әріптестерінің құрметіне бөленді. Жас ұрпаққа сапалы білім беріп, Отансүйгіштік рухта тәрбие беруде жүргізген еңбектерімен көзге түскен 115 оқытушы «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің үздік оқытушысы» атанды. Бұл сапта жас та тұрды, жасамыс та тұрды. Олардың әрқайсысы-Ұстаз ұлылығын таныта білген ұлағат иесі. Бұл мерекеден қайтқанда «Жаныңда жүр жақсы адам! Бір-бірімізді қадірлейік»деген сезім ұялады әркімнің жүрегінде.

                   Мерейтой құрметіне өткізілген шаралардың арасында бұрын-соңды болмаған ерекше оқиға деп вело-шеруді атауға болады. Салауатты өмір салтын қалыптастыруда спорттың орны ерекше деп күнделікті насихатталып жатса да, спорттың елімізде әлі де ақсап жатқан тұстары аз емес. Осы олқылықтың орнын толықтыруда велоспортты дамытудың маңызы ерекше. Елбасының өзі осы мәселеге аса назар аударып отырғанын білеміз. Университет ректоры Б.Жұмағұлов пен қала әкімі А. Есімов бастап студенттер мен оқытушылардың велосипедпен қала көшелерінен жүріп өтуі тек университет қана емес, Алматыдай үлкен шаһардың келбетін келістіргендей әсер алдық. 300 адамнан құралған бұл жарыста елімізге танымал спортшылар да ат салысқан. Алтын ұясының абыройын асыруға еліміздің ірі компаниялары мен әртүрлі беделді ұйымдарын басқарып отырған университет түлектерінің де қатысқаны да көңіл қуантты. Шеру біткеннен кейін біздің студенттердің арасында осы спорт түрімен айналысамын деген ниетпен қайтқандарын естідік. Жастардың көңіл кілтін ашуда әкім мен ректордың игі ықпалы болғаны сөзсіз. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп Абай атамыз тегін айтқан ба! Бітер істің басына, Жақсы келер қасына деген осы да!

                   Университеттің әр студенті, әр оқытушысы мерейтойға ерекше сезіммен ат салысты және алған әсерлерінде шек жоқ деп ойлаймын.

                  Мысалы, мен әр шарада өзімді жай қарапайым көрермен емес, осы өтіп жатқан думанның бір кейіпкері деп түсіндім, түйсіндім. Себебі-мен осы университеттің түлегімін, мен осы университеттің доцентімін, менің балаларым да осы университеттің түлектері, яғни мен осы ұжымның бір бөлшегімін! Сондықтан да болар, әр жаңалыққа ерекше тебіреніп отырдым.

                  Ең толқыған сәтім – «медаль күні» болды. Еліміз егемен болғалы медаль мен орденнің түр-түрін естіп біліп жатырмыз. Олардың жөні бір бөлек. Ал Әл-Фараби бабамыздың атындағы Төл медальдің жөні бір бөлек! Университеттің 75 жылдығына орайластырып, университет басшылығы ерекше бір шешім қабылдапты, университеттің дамуына қосқан айрықша үлесі үшін университеттің бір топ оқытушыларына әл-Фараби атындағы Үлкен алтын медаль мен университетке сіңірген ерен еңбегі үшін Күміс медаль берілетін болыпты деген қуанышты хабарды естіп, бір-бірімізден сүйінші сұрап, серпініп жаттық.

                  15 қазанда осы қуаныштың куәсі бола отырып, мен медаль алып жатқан әр ардагердің қадір-қасиетін жеткізе айтқан Ректорымыздың көргенділігі мен шешендігіне тәнті болдым. Бірінші болып шақырылған академик Әбділдин Мейірхан аға болды. ҚазМУ-дың ректоры болған көненің көзі-Мейірхан ағаның университеттің ең қиын кезеңінде басшылық еткені, тығырыққа тірелген кезде үлкен ұжымды бір үйдің баласындай шашауын шығармай алып шыққанын университете бұрыннан қызмет етіп келе жатқандар біледі. Бақытжан Тұрсынұлы академик ағадан бастап  барлық марапат иелерінің еңбегін елге жеткізе айтты. Алтын алқа алған ағаларымыз бен апайларымыздыңбарлығы еліміздің біртуар азаматтары. Олардың арасында еліміздің ардақты ақсақалдары Сұлтан Сартаевтың, Тұрсынбек Кәкішевтің, Әбілфайыз Ыдырысовтың, Уахит Шалекеновтің болуы заңды құбылыс. Ал осындай әрқайсысы асқар таудай ағалардың арасында қазақтың дарынды үш қызы  Мая Шығаева, Құралай Аққошқарова, Гүлнар Надирова болғаны бізді қатты толқытты.

                  Алдыңғы аталған ағаларды қазақтың бәрі біледі. Бірі заң ғылымының білгірі, бірі қазақ ұлттық әдебиетінің шырақшысы, бірі қазақ журналистикасының майталманы, бірі қазақтың көмбелерін қазып, көне қалаларын тауып берген атақты археолог! Еліне еңбегі сіңген ел еркелері десек те болады!

               Мая Шығаева апамызды микробиология саласының мамандары, Құралай Аққошқарованы университет ұжымы және шетелдік студенттер жақсы білсе, Гүлнар Надированы шығыстанушылар, әсіресе араб тілінің мамандары үшін аса қымбат жандар.

               Мен өз басым алтын медаль алған ардагерлердің бәріне қуандым. Бәрінің университетке сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Бәрі құрметке лайық жандар.

               Ал ең үлкен қуанышым әрине өзімнің тікелей ұстазым- Надирова Гүлнәр Ермұратқызының алтын медальмен марапатталуы болды. Тұрсынбек аға да ұстазым, алдынан дәріс тыңдап, білім алдым. Университеттің бірінші проректоры Зұлқайыр Мансуров та ұстазым, университеттің ішкі мәселелерінде, әкімшілік салада үйреткені көп.

                Ал біздің ардақты ұстазымыз Гүлнар апай осы топтың ең жас медалисі екен. Араб тілі мен әдебиетінің білгірі, елімізден жырақ елдерде, ТМД елдері мен араб елдеріне танымал шығыстанушы ғалым. Университеттің дамуына айрықшаүлес қосқаны рас. Ленинград (Санк-Петербург) университетін бітіріп, біздің университетке келгеніне биыл 31 жыл болды. Осы жылдарда ұстаздықтың қыр-сырын меңгеріп, шәкірт тәрбиелеудің үлкен мектебінен өтті. Гүлнар апайдың шәкірттері бүгінде ел игілі жолында жемісті еңбек етіп жүр.

                   «Аспаннан құймақ жауған күн» дегендей, осы күн шығыстану факультеті үшін ерекше күн болды. Алтынмен апталып, күміспен қапталғандай сезіндік. Қазақтың белгілі ақыны, лирик ағамыз, ирантанушы Өтеген Күмісбаев университетке сіңірген ерен еңбегі үшін Күміс медальмен марапатталды. Өтеген ағаның қазақ сөз өнеріне сіңірген еңбегі көп, оны былай деп те жеткізгім келіп отыр:

Шығыстың жеті жұлдызы

Қуат берген өзіне.

Сырдың сүлей ақыны

Тұрмағамбет сөзі де.

 

Фирдоусидей Иранның

Шайырдың жаттап дастанын.

Рудаки, Хафиз, Румидей

Болсам деп қадам бастаған.

 

Еркесі кең даланың

Өтеген сынды Ағаның

Арқасында ақыры

Бұлбұлы иран бағының

Сайрады қазақ тілінде.

                  Дүбірлеп өткен бұл тойда факультет ұстаздарының тағы бір тобы жас ұрпаққа сапалы білім беру жолында сіңірген еңбектері үшін түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтсақ-корейтану кафедрасының профессоры Герман Ким, түріктану және шығыс елдері кафедрасының доценті Әбдуали Чупеков, арабтану кафедрасының доценті Клара Таджикова Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан берілетін наградаларға ие болды. Сонымен қатар, университеттің өзі бекіткен «Құрмет белгісі» төс белгісін алған оқытушылар бар.

                  Мұның барлығы біздің факультеттің абыройы. 20 жылдық тарихы бар шығыстану факультеті университеттің кенже баласы десек те болады. Кейінірек ашылса да, бұл факультеттің қалыптасқан дәстүрі, өзіне тән келбеті бар. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Алдабек Нұржамал Әбдразаққызы басқарып отырған шығыстану факультетінің ұжымы университеттің 75 жылдық мерейтойына үлкен дайындықпен ат салысып, мерейін арттырды.

                Университеттің дүбірлі тойына орайластырып халықаралық ғылыми конференция өткізілді. Студенттер арасында түрлі жарыстар мен сайыстар, конкурстар ұйымдастырылды. Сондай шаралардың бірі-егемендігіміздің 18 жылдығына арналған «Егемендік ел мұраты» атты кеш. Бұл кешті қытай және араб бөлімінің студенттері өткізді. Егемендіктің құрдастары кеш кейіпкерлеріне айналды. Тәуелсіздік, ел мүддесі, халық тілеуі туралы ой бөлісті.

                     Жастардың еліне деген махаббатын, жүрек лүпілін олардың балаң жырларынан, сыршыл шығармаларынан оқып, терең тебірендік. Қытай бөлімінің студенті Үмешбаева Жанна: «мен өркениет өріне қадам басқан еркін елдің өренімін» десе, Төре Гүлжарқын туған елге деген шексіз махаббатын Төлеген Айбергеновтың

           Өсемін, өміріңді  жайнатамын,

           Жерімнің жеткіземін  айға атағын.

           Шын сүйген ұланыңның анты деп біл,

           Осы бір өмірімнің әр қатарын

 деген жыр жолдарымен түйіндейді.

                Араб бөлімінің студенті Калменова Жанар: «мен өзімнің елімнің қадір-қасиетін Мысырға тіл ұстартуға барған сапарымда ерекше сезіндім. Біздің қазақ екенімізді бірден танып, жастығымызға қарамай үлкендерге ұқсатып, «Бейбарыстың ұрпақтары», «Назарбаевтың балалары» деп, қатты құрметтеп, елге қайтқанға дейін құрақ ұшып сыйлады. Мен мұны тәуелсіздігіміздің арқасы деп түсіндім»деп  жазыпты.

                  Жастардың мұндай ашық айтқан ой-толғаулары мен сырлары, балаң жырлары әр қазақтың жүрек лүпілінің жаңғырығы деп бағалағым келеді.

 

Бәтіш АТАБАЙ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің доцент