"Жынымды келтірмеңізші" дейтін вице-министр қызметінен босатылды
2019 ж. 10 сәуір
2945
2
Серік Жұманғарин ұлттық экономика министрінің орынбасары қызметінен босатылды. Бұл қызметке Жаслан Мәдиев тағайындалды, деп хабарлайды Stan.kz премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"ҚР үкіметінің қаулысымен Жаслан Хасенұлы Мәдиев Қазақстан Республикасының ұлттық экономика вице-министрі қызметіне тағайындалды. Осыған дейін аталған қызметті атқарған Серік Жұманғарин берген өтініміне сәйкес лауазымынан босатылды", - делінеді хабарламада.
Жаслан Мәдиев 1983 жылы дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Нью-Йоркте Халықаралық қатынастар және мемлекеттік басқару мектебін, Массачусетс технологиялық институтын, Слоун бизнес мектебін тәмамдаған.
"Альянс Банк" АҚ, ҚР Ұлттық банкі, "Қазақстанның даму банкі" АҚ, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ, "Қазына" тұрақты даму қоры" АҚ-да түрлі лауазымды атқарған. Әр жылдары "Ұлттық инвестициялық корпорациясында", ҚР премьер-министрінің кеңесшісі болып жұмыс істеген. 2017 жылдан бастап "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ қаржы жөніндегі вице-президенті қызметін атқарған.
Еске сала кетейік, осыған дейін Жұманғарин коммуналдық тарифке қатысты сауал қойған тілшіге "Жынымды келтірмеңізші" деп жауап беріп, елдің сынына ұшыраған.