«Эос» - қоғам өміріндегі белсенді ұйым
2019 ж. 04 сәуір
1291
0
Алматы қаласы Грек ұлттық мәдени орталығының 1989 жылы болған Құрылтайшылық жиналысына үш жүзге тарта адам қатысты. Бұл жиналыста Георгий Георгиевич Адамовтың басшылығымен ұйымдастыру комитетіне үміткерлер туралы мәселе талқыланды.
Бұл тізімге: Федор Барзали, Валерий Такмазов, Юрий Калаиджиди, Лаки Кесоглу, Фемистокл Параскевопуло, Спиридон Космериди, Валерий Констаниди, Панаёт Хрисохоиди, Павел Федороиди, Марклен Чатулов, Янис Калаиджиди және Эдуард Сивриди кірді.
Құрылтайшылық жиналыстың №10-шы хаттамасының негізінде Халық депутаттарының Алматы қаласы кеңесі атқару комитетінің 1989 жылдың 21-ші маусымындағы Алматы қаласының «Эос» грек мәдени орталығының тіркелуі туралы № 8/240 шешімі қабылданды.
«Эос» орталығының атауы грек мифологиясынан алынған. «Таңғы арайдың әйел құдайы» деген мағынаны білдіреді. Грек этномәдени бірлестігі Алматы қаласының гректерін демократиялық өзгерістер процестері мен қоғамдық өмірдің барлық салаларына белсенді түрде қатыстыру үшін құрылған.
Бірлестіқ мәдени-ағарту қызметімен, ұлттық өзіндік сананы, тіл мен мәдениетті дамытуға, Қазақстан Республикасының аумағында тұрып жатқан гректердің салттары мен дәстүрлерін сақтаумен айналысады. «Эос» грек этномәдени бірлестігі республикамыздың басқа аймақтары мен шет елдердегі грек қоғамдары мен орталықтарымен жэне Алматы қаласындағы басқа этномәдени бірлестіктермен өзара бірлік пен қызметтестікті дамытып келеді.
Грек орталығының этномәдени бірлестігінің қызметі Қазақстан Республикасының ұлттары мен халықтарының ұлттық мәдениеттерінің өзара бір-бірін байытуға бағытталған. Қазақстандағы грек этностарының отбасыларында әлі күнге шейін ұлттық салт-дәстүрлер мен рәсімдер сақталып келеді. Сонымен бірге гректердің отбасыларында ата-ана мен қарт адамдарға құрмет көрсету де бар.