Қазақстандағы дүнген этномәдени бірлестігі туралы не білесіз?

Алматы қаласының Дүнген этномәдени бірлестігі Қазақстанның Тәуелсіздігі қарсаңында құрылды. Оны дүнгеннің аға буынының белсенді ардагерлері құрды. Олар тілшілер мен музыканттардан, мұғалімдер мен жазушылардан және ғылым қайраткерлерінен құралған дүнген зиялылары еді. «Щинсын» Дүнген этномәдени бірлестігінің негізгі мақсаттары –дүнген халының ерекше салт-дәстүрлері мен мәдениетін сақтап қалу, ана тілін қайта жаңғыртып дамыту, жастармен арадағы тәрбие жұмыстарын жалғастыру, білімді дамыту, дүнген халқының әлеуметтік белсенділігін арттыру. Сонымен бірге бірлестік еліміздің мемлекеттік және басқа құрылымдарда дүнген халқының мүдделеріне өкілдік етеді. Этномәдени бірлестік Қырғызстанның, Өзбекстанның және Қытай Халық Республикасының дүнгендерімен тығыз қарым-қатынасты жалғастырып келеді. Алғашқы ұйымдастыру іс-шаралары тілші С.Янлосының бастамасымен жасалды. 1989 жылдың 27 тамыз күні дүнген этносының жиналысында Дүнген этномәдени бірлестігінің Бағдарламасы мен Жарғысының жобасы мақұлданып қабылданды. Сол жылдың 12 қарашасында Дүнген этномәдени бірлестігінің І-ші қүрылтай конференциясы болды. Конференцияда сөз сөйлегендер дүнген этносының өзекті проблемалары мен оларды шешу жолдарын тілге тиек етіп, талқыға салды. Дүнген этносының даму проблемалары туралы ғалымдар, педагогтар, өнер қайраткерлері, түрлі мекемелердің өкілдері, соғыс ардагерлері өз ой-пікірлерін айтты. Композитор Бакир Яхиянович Баяхунов орталықтың алғашқы төрағасы болып сайланды. Қысқа уақыттың ішінде Алматы қаласы мен Алматы және Жамбыл облысының елді-мекендерінде аумақтық кеңестер құрылды. Ақырында Қазақстан Дүнгендерінің қауымдастығы құрылды. Қауымдастықтың орналасу орны Жамбыл облысының Қордай ауданы болды. qazaquni.kz