Кәрім Мәсімовтың әкесі өмірден озды

80 жасқа қараған шағында қоғам қайраткері, "Қазақстан ұлттық агроөнеркәсіп палатасының" президенті Қажымқан Мәсімов дүниеден өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

"Қажымқан Қасымұлы қайтыс болды. Ол 18 сәуірде 80 жылдық тойын атап өткелі жүрген. Осындай жағдай болды", - деді Sputnik Қазақстан тілшісіне ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов.

Қажымқан Мәсімовті ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 9 сәуірде сағат 10:00-де Алматыда Ұлттық ғылым академиясында өтеді. Ал сағат 13:00-де Қабылдау үйінде ас беріледі.

Қажымқан Қасымұлы 1939 жылы 18 сәуірде дүниеге келген. Ол Омбыдағы Теміржол институтын, Павлодардағы индустриалды институтты тәмамдаған. Қазақ туризм және спорт академиясы спорттық медицина кафедрасының құрметті профессоры.

2016 жылдың қараша айында "Қазақстанның ұлттық агроөнеркәсіп палатасының" президенті болып сайланып, бүгінгі күнге дейін осы қызметте болды.

Қажымқан Мәсімов - Қазақстан ұлттық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовтің әкесі.