Кедендіктер жерге қаратып кетті

0
921

Кедендіктердің кедергісі туралы көп айтылып еді. Босағамызды тұңғыш аттаған қандастарымызға алғашқы әсерді сыйлайтын да шекара өткелі екені мәлім. Бірақ, өмірді де, өз бауырының тағдырын да қалтамен ғана өлшейтін жемқорлардың азаймай келе жатқаны кісіні қайран қалдырады.

              Мың естігеннен бір көрген артық дегендей тек өз көзіммен көрген оқиғаларды баяндайтын болсам, жақында ғана (03.02.2010ж. 14:30-да) Қазақстан-Қытай арасындағы Қорғас кеден өткелінен өтіп, біраз сұмдықтарға куә болдым.

                       Қытай жағынан бірінші рет Қазақстанға келе жатқан бір жолаушы ақсақал маған жабысып: «Қарағым, алғаш өтіп келе жатырмын. Жүгімді көтерісіп, жол-жорық көрсетіп жібер» деп жабысты. Көңілін қимадым. Әншейінде қытай жағының кедергісін көбірек айтқымыз келетін еді. Ал бұл жолы обалы қане, қытайлар әлгі шалды қолтықтап, сумкаларын көтерісіп, кішілік ибамен өткізіп салды. «Қытайларың мынандай болғанда, өзіміздің қазақтар жүгім түгілі өзімді де көтеріп өткізеді деші» деп шалым мәз. «Иә» деп жымисам да ішім қылпылдап келеді.

                     Қаупің неден, қатерің содан деген ғой. Менің қорқынышымды дәлелдегісі келгендей кеден қызметкерлері бізді тарпа бас салды. Шал екеуімізде 5-6 сумка бар еді. Шал алдыда,мен артта келе жатқанмын. Шалдың бұрын мөрленбеген ақ паспортын бірден таныған олар жерден жеті қоян тапқандай қуана шұқшиды. Компьютерлік тексеруде күмәнды зат байқалмаса да «сумкаларыңды көреміз» деп біздің рұқсатымызсыз-ақ ақтаруға кірісті. Әйеліме базарлыққа әкеле жатқан тонды жұлып алып: «Бұл кімдікі?» дейді. Мен сынықтан сылтау іздеп тұрған сөдегей қылықтарына күлкім келіп: «Менікі» деп жымидым. Сонда әлгі жігіттің: «Бұл қайдағы сіздікі, әйел адамдікі ғой» деп жабыспасы бар ма. «Мен әйелдің де киімін кие беремін» деп әзілдемекші болғаным сол, тағы екі-үш жігіт пайда бола кетті де біреуі шалдың, біреуі менің сумкаларымды жан-жаққа тартқылап ақтара бастады. «Қайда, қайда?» дегенім сол еді: «Ақтарамыз, жүктерің көп екен» деп, біреуі шалды кеудесінен итеріп жіберді.

              Ақыры шыдамай кеттім: «Компьютерден күмәнды ештеңе көрінген жоқ. Бір жолаушының 35 килограммға дейін жүк алып өтуіне болады. Бұл не деген бассыздық?!» деп айғайлап жібердім. Сол-ақ екен, әлгілер шалды тастай салып маған жүгірді. Егер мен тілшілік куәлігімді көрсетпегенде жағамнан алып сүйрей жөнелетін түрлері бар.

               Бір қызығы куәлігіме қарап алып тұс-тұсқа тарай жөнелді. Біріне бірі қол сілтеп «кете берсін, жоламаңдар!» деген ишара білдірді. Аузы аңқиып шалым тұр. Жол бойы Қазақстанды мақтап келе жатыр едім. Кеденшілердің ісін дәл өзім ақы беріп әдейі істетіп тұрғандай қатты ұялдым. Шал маған бір, оларға бір қарап басын шайқап қояды.

           Өлдік-талдық дегенде кеденнен өтіп, Үрімжі-Алматы бағытындағы Қытайдан келе жатқан жолаушылар автобусына міндік. Жол бойы жүргізушімен әңгімем жарасып әлгінде көргендерімді баяндап бердім. Ол мырс етіп езу тартты да: «Е, ондай іс күнде болып тұрады. Ақша дәметкенде пәле іздейтін әдеттері. Ондайға етіміз үйреніп кеткен. Жәй жолаушыны қойып, бізді салықсыз өткізбейді» деп күлді. «Сонда қалай, барлық құжаттарыңыз дұрыс болса да, ақша сұрай ма?» дедім таңданысымды жасыра алмай. «Сұрағанда қандай, бір рет кіріп-шыққанымыздың өзіне 50 мың теңгедей ақша төлейміз. Біздікі Қазақстан жағының автобусы болғандықтан арзан алған түрі. Ал ұйғыр, қытайлардың әкесін танытып, қалтасын қағып алады. Қалтасын толтырса сіздің тоныңызды қойып, тонналап апиын өткізсе де, көрмеске салады» дейді жүргізушім. Мен әлі де болса кедендегілерді ақтағым келіп: «Алған ақшасының сылтауы бар шығар. Мүмкін талон кессе заңды да болар?» дедім. Жүргізуші тағы күлді: «Әрине, себебі бар. Кедендегі қақпашы әскерлерден бастап, карантин, тасымал басқару, кіріп-шығу ақысы деген тектес көп себеп көрсетеді. Бірақ бір жапырақ талон кеспейді. Мүбада талон сұрасақ пәлеге қаламыз. Тырнақ астынан кір іздеп өткізбей қоюға тырысады. Әуел десеңіз екі шекараның арасында адам таситын шағын автобустарда да тәртіп жоқ. Ойына не келсе соны айтады. Қарсыласқан жүргіншілер болса «ендеше түсіп қал» деп күш көрсетеді». Мен үнсіз қалдым.

             Арт жағымызда отырған шал әңгімеміздің бәрін тыңдап отырыпты.

           «Әу, балам…?» деп бірдемелер айтқысы келеді. Мен оның бетіне қарай алатын емеспін. Көзімді сырт жаққа қадаған күйі: «Ой, ата, ұсақ-түйекке көңіл аударып қайтесіз. Одан да қазақтың кең даласына қарасаңызшы» деп сөзді басқаға бұрған боламын. Шал анда-санда басын шайқап, таңдайын қағып қояды.

              Міне, қазақ кеденшілерінің жақын күндердегі хал-күйі. Босағаны алғаш аттаған қонаққа көрсетіп жатқан сыйымыз.

               Алматының «Сайран» автобекетінен түсе салысымен шалды балаларына тапсырып, тайып тұрдым. Аппақ көңілмен келген қариямыз көшеден кезігіп қалып тағы бір «ұсақ-түйекті» сөз қылар ма екен деп қорқып жүрмін. Әзірше кезіккен жоқ, тәубе.

              Әй, кедендіктер-ай, тағы қанша азаматты жерге қаратар екенсіңдер. Мен емес, сендердің ұялатын жөндерің бар еді ғой. Әй, қайдам?!

                  Алладан тәупиық сұрайық, сендерге!

 

Ж.Шәкен

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз