Ерлан Қошанов: Мен мұндай лас Қарағандыны бұрын-соңды көрген емеспін
2019 ж. 04 сәуір
5133
2
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов облыс орталығының санитариялық жағдайын тексеру барысында Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровке сөгіс жариялады. Бұл туралы Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті, - деп хабарлайды baq.kz.
«Өңір басшысы контейнерлік алаңдардың айналасындағы қоқыс, абаттандыру жұмыстарының нашарлығына қатысты тұрғындар тарапынан шағым келіп түскен Майқұдық және Пришахтинск шағын аудандарының аулаларын көріп қайтты. Жуырда жергілікті телеарнаның бірінде Пришахтинскінің 21-ықшам ауданының тұрғындары «100 аула» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған абаттандыру жұмыстарының сапасына наразылығын білдірген бейнесюжет шыққан болатын. Тұрғындар ауланы қалыпқа келтіру барасында жарықтандыру жүйесі орнатылмағанына, қоқыс салатын контейнерлік алаңға баратын жолдың жоқтығына шағымданды. Ерлан Қошанов жағдайды өз көзімен көру үшін осы аулаға барды. Облыс әкімі 11-үйдің тұрғындарымен сөйлескен соң, аудан және қала басшылығына сын айтты», - делінген әкімдіктің хабарламасында. Облыс әкімі қала шетіндегі аумақтарды аралап көргеннен кейін осындай қорытынды жасаған. «Біз облыстық бюджеттен «100 аула» бағдарламасына ақша бөлдік. Ал сіздер олардың жұмсалуын қалай бақылап отырсыздар? Бұл бастама адамдарға ыңғайлылық сыйлау үшін құрылған. Алайда, бұл аулада керісінше жағдай бұрыңғыдан да нашар болып отыр», - деп наразылығын білдірді Ерлан Қошанов. Ол барлық кемшіліктерді жоюды талап етті. Осындай абаттандыру нәтижесінде Пришахтинск тұрғындары мектепке апаратын жолдардан айырылды. Бұрынғы асфальт алып тасталған, ал жаңасы сол беті төселмеген. Облыс әкімі бұл мәселеге қатысты да тәртіп орнатуды тапсырды. «Сіздерде өткен жылдан бері қалған қоқыс бүкіл қала бойынша жайылып жатыр. Кез келген аулаға барыңыз, санитариялық жағдайдан түршігуге болады. Мен мұндай лас Қарағандыны бұрын-соңды көрген емеспін. Мүлдем босаңсып кеттіңіздер! Сізге, Нұрлан Ерікбайұлы (Қарағанды қаласының әкімі) сөгіс жариялаймын», - деген ол, қала басшысы мен оның қоластындағылардың жұмысына нашар баға берді. Ал қалалық мәслихаттың депутаттары бүкіл қаланы аралап, әкімдіктің жұмысына өз бағасын беруін өтінді.