Елордада қоғамдық көліктің қатысуымен тағы бір жол апаты болды
2019 ж. 03 сәуір
2021
0
Елордада №300 бағыттағы экспресс-автобус пен жеңіл көлік соқтығысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«№300 автобус Қорғалжың тасжолымен қалаға қарай келе жатқан. Онымен бір бағытта қозғалған «Субару» маркалы автокөлік автобусты басып озып, кенет жолаушылар көлігінің алдына тоқтай қалған. Ақыры автобус жеңіл автокөліктің артына соғылған», - деп хабарлады «Астана ЛРТ» компаниясынан.
Компаниядан мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендер жоқ.
«Ешкім зардап шеккен жоқ. №300 автобустың жүргізушісіне қатысты хаттама толтырылды. Ол АП1 (Автобус паркі) басшылығының шешімі бойынша, жұмыстан шеттетіліп, Біліктілік орталығына қайта оқуға жіберіледі», - делінген хабарламада.
Автобус жүргізушісінің 13 жылдық еңбек өтілі болған. Он жылдан бері №1 автопаркте еңбек етеді.
Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын елордада үлкен жол-көлік апаты болды. Қала маңына қатынайтын жүрдек автобус қатты жылдамдықпен бағдаршамда тұрған автобусқа соғылды. №301 бағдардың жүргізушісі және алдыңғы орында отырған бір жолаушы оқиға орнында көз жұмды.
Жол апатынан 36 адам жарақат алды. Бір әйелдің аяғы ампутацияланды.