Аяулы азаматтың бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады

22 Қазақстан Республикасының ғылымы мен руханияты ауыр қазаға душар болды. 90 жастан асқан шағында көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, танымал мемлекет зерттеушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Салық Зиманұлы Зиманов дүние салды.

Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ірі қайраткер, заң саласына өлшеусіз үлес қосқан Салық Зиманов бар ғұмырын ел мен жер мүддесіне арнады. С. Зимановтың заң саласының қыр-сырын зерттеудегі істері бүкіл республика жұртшылығының назарына ілінді, қаламынан туған ғылыми еңбектер мен мақалалар заң ғылымының негізін танытатын тарихтың қайталанбас беттеріне айналды. Жоғары оқу орындарында, ғылыми ұйымдарда басшы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Консультативтік кеңестің, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты атанған жылдарында да туған тіліміз бен төл мәдениетіміздің тынысын кеңейтуге, еліміздің ырысын көбейтуге еңбек сіңірді. Халық арқалатқан аманатқа адал болып, жас мемлекетіміздің қанатының кең жаюына елеулі үлес қосты. Ата Заңымыздың негізін қаласып, күні бүгінге дейін заңдылықтың салтанат құруына атсалысты. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын да жауапты жылдарында Мемлекет басшысының қасында болып, азаттыққа жаңа қол жеткізген Отанымыздың өркендеуіне бағыт-бағдар берді, ұлт зиялыларының өнегесімен халыққа шынайы қызмет етті. Білікті заңгер маман ретінде егемендік, тәуелсіздік жолындағы Қазақстанның халықаралық қатынастарын заңдастырып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, президенттік басқару институтын енгізу, құқықтық-демократиялық реформаларды жүргізу ісіне белсене араласты. Қазақстан мемлекеті мен құқығының тарихын, ұлттық мемлекет құрылымының теориялық мәселелерін зерттеуде жаңа ғылыми бағыт қалыптастырып, әділ сотты қамтамасыз ету үшін республикада сот мүшелерінің қатысуымен «билер алқасын» енгізуге басшылық жасады. С.Зиманов қоғамға сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Президенттік бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының иегері атанып, «Қызыл жұлдыз», «Отан», «Парасат» ордендерімен, басқа да медальдармен марапатталды. Салық Зимановтың еліміздің еңселі, тәуелсіздігіміздің тұғырлы, келешегіміздің кемелді болуына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ірі қоғам қайраткерінің, ғалымның, аяулы азаматтың өшпес мұрасы ел тарихынан өзіндік орын алып, бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі

Алты алаштың  ардақты ақсақалы еді

Өткен жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен академик Салық Зиманов «Отан» орденімен марап

атталғанда бұл шешімді бүкіл заңгерлер қауымы шын қуана қарсы алды. Отандық заң ғылымының патриархы туралы сол кезде мен де газет бетінде ізгі ниетімді білдірген едім. Амал нешік, бүгін алты алаштың ардақты ақсақалы болған академик ағамыз туралы азалы сөз жазуға тура келіп тұр… Мұндай ойы қанық, сөзі анық, жаны жайсаң, жүзі жарқын, өсіп-өнген, жаратылысы бөлек жандар бақилық болғанда биік бәйтерекпен теңестіріп жатады. Асылы, кең ұғымда алғанда, тамырын тереңге жайған алып ағашты құлады деп айтуға келмейді екен. Өйткені, оның тамырынан таралып өскен тармақтарының өзі тал-теректі орманға айналып кетеді. Салық ағамызға қатысты алғанда да солай. Неге десеңіз, оның тікелей ақыл-кеңесін алып, тәлім-тәрбиесін көрген, қамқоршылық жетегінде болған шәкірттері де, етене араласпаса да жанамалай жақын жүрген және тіпті бір ауыз тілдесіп көрмесе де оның өмір жолын үлгі тұтатын, өзіне бірден-бір ұстаз санайтын шәкірттері де жетіп артылады. Ең бастысы, артында азаматтық болмысын ардақ тұтатын, еңбегін де, есімін де естен шығармайтын еңселі де зерделі халқы бар. Бір өкініштісі, тоқсанның тө-ріне шыққан заң заңғары Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атап өтілер күнді көрмей өтіп барады. Ал еліміз егемендік алған тұста, ХII және ХIII шақырылған Жоғарғы Кеңестің депутаты болған кезеңде Салық Зиманұлы саяси және құқықтық жүйенің теориясы мен тарихының, конституциялық құқықтың білгір маманы ретінде мемлекетіміздің құқықтық негізін қалауға бағытталған заңнамалық реформалардың бастауында тұрды. Тәуелсіз Қазақстанның аяғынан тік тұруына аянбай атсалысты. Оның өмір жолы көпке өнеге. Қатардағы жауынгер болып, Отан соғысына аттанып, полк командирі ретінде жеңіспен елге оралды. Бейбіт еңбекке араласты, Қазақстан тарихында заң ғылымдарының алғашқы академигі болды. Ел алдында елеулі еңбек сіңірді. Том-том туындылары ұлттық қазынаға айналды. Дүние жалған деген ұғым осынау дарынды да дара тұлғаға қатысты алғанда теріске шығады екен. Өйткені, оның азаматтық ажары, жарқын бейнесі халық жадында әрдайым жасай береді. Бақұл бол, абзал аға!

Қайрат МӘМИ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы.

Елдің бетке ұстар беделі

Қайран Сәке! Қазақ ғылымының қара нары Салық Зиманұлы, сізбен де қоштасқалы отырмыз. Өмір бойы рухани ізгіліктің келбетін жасап, ел парасаты мен өркениетіне сүбелі үлесін қосқан, ұзақ өміріңде табанды күрескерлігіңмен ел құрметіне бөленген айбынды ағамыз едің. Қазақ елінде заң ғылымы мен білімінің негізін салып, 60 жылдан аса өміріңіздің соңғы күніне дейін оның көшін бастадыңыз. Қазақ ғылымының Қаныш Сәтбаев бастаған алыптар тобының белді мүшесі болып, оның мәртебесі өсіп, даңқы әлемге жайылуына да жасаған еңбегіңіз зор. Сіз салған сара жол бар, сіз ашқан ғылым мектебі бар, сіз ұрпаққа ұсынған рухани мол мұра бар. Қазақтың ата заңдарын тынбай зерттеп, басқа бірде-бір халықта болмаған билер сотын әлемдегі ең әділ сот жүйесі, қазақ өркениетінің әлем өркениетіне қосқан дербес, озық үлгісі екеніне алыс-жақынның көзін жет-кізген де сіз едіңіз. Билер: адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік – осы төрттің құлы дейді халқымыз. Сіз де осы асыл қасиеттерді өміріңіздің туы ғып, оны ешқашан түсірмей өмірден өтіп бара жатырсыз. Жарты ғасыр ағалап соңыңыздан еріп едім, ардақты Сәке! Бетке ұстасам беделің қандай еді, арқаға ұстасам панаң мол еді. Бақұл бол, әз-аға! Жарқын бейнең әрқашан жүрегімізде.

Кенжеғали САҒАДИ, академик.

Қазақ үшін еңбек еткен ер

Қазақ арасында адамзат қауымының барлық заңдылығын ұшалап сөгіп, мүшелеп бөліп, жіліктеп білетін әйгілі ғұлама өмір сүрді. Оның мұндай тұңғиық терең білігі бір басының сипатын асырып қана қоймай, күндердің күнінде туған халқының ең асыл қажетіне жарады. 300 жыл отаршылдық езгіде болып жер бетінен жойылып кеткелі тұрған халқымыз аман-есен теңдік алып, тәуелсіздік тұғырына көтерілді. Осынау ұлы рухани ерлікті сомдаған санаулы сәтте ерекше қайрат көрсеткен академик Салық Зи-манұлы еді. Сөйткен сабаз тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына айдан астам уақыт қалғанда беймезгіл дүниеден өтті. Бұдан асқан өкініш болар ма?! Биылғы мамырда жасөспірім жігіт кезінде алғаш рет қызметін бастаған Ақкетік (Форт-Шевченко) қаласындағы орта мектепке бардық. Қайтадан қалпына келтірілген мектептің осы заманша жабдықталған оқу залдары мен кабинеттерін аралап көрдік. Сүйсіндік. Әсіресе, Сәкең қайта-қайта шұқшия үңіліп, қадала сұрады. Естігендерінің бәрі көңілінен шықты. Анталаса жаутаңдасқан бүлдіршіндермен отыра қалып, сұхбат құрды. Отызға толмай жатып, зеңбірекшілер дивизиясын, бригадасын басқарған ержүрек офицерден қараны қандырып, төрені төндірген, білмейтіні жоқ ұлық Ұстазға, Қазақ ғылымының тірі Патриархына айналғанға дейінгі қызық та хикметті өмір жолынан сыр шертті. Сол әңгімесін тыңдап отырған талай жайнақ көздерде небір тәтті қиялдар мен асыл армандар оянғаны анық. Ертеңдері жүзеге асатын сол армандар айтулы Азаматтың, асыл Ардақтың артында қалдырған мәңгілік ескерткіштері болғай.

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.