АТЫРАУ АСПАНЫНДАҒЫ ӘН
2019 ж. 23 наурыз
915
0

Батыс аймақтарда Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы өзге өңірлерге қарағанда ертерек басталатыны белгілі. Ол – алдымен ежелден келе жатқан ұлтымыздың «көрісу» салтымен ерекшеленеді. Ұзақ қыстан соң кездескен ағайындар төс қағыстырып, қауышады. Өткенге салауат айтып, болашаққа бақ, ырыс тілейді бір-біріне.
Биыл да Атыраудағы Сұлтан Бейбарыс алаңында қала тұрғындары Ұлыстың ұлы күні - Наруыз мерекесі жылдағы үрдіс бойынша атап өтті. Қазақы киіз үйлер тігіліп, наурыз-көже таратылып, мол дастархан жайылды. Мереке болған соң түрлі спортты жарыстар ұйымдастырылып, жастар жағы ептілігі мен күштілігі жағынан өз өнерлерін көрсетті. Орталық алаңдағы сахнада концерттік бағдарлама көрсетіліп, театрландырылған мазмұнды қойылым көрермендер назарына ұсынылды.
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне Атырау облысы Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестіктері де белсене атсалысқанын айта кеткеніміз орынды. Ұлттық киімдерін киіп, жиналғандарға ұлттық нақыштағы өз өнерлерін сыйлады. Қазақтың салт-дәстүрлерінің бірі – тұсаукесу рәсімін жасап, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Зелимхан Зубариев алғаш қадам жасаған баланың тұсауын кесіп, ақ батасын берді.
Этномәдени бірлестік мүшелері сонымен бірге қазақ тілінде де көптегенәндерді шырқап Атырау аспанында әуелетті.
Біржан САҒИДОЛЛА