СОЛТҮСТІКТЕ КӨКТЕМ МЕРЕКЕСІ САЛТАНАТ ҚҰРДЫ

Қалың қардың қабырғасы сөгілмей, қыс ызғары сезіліп тұрса да солтүстік өңірде көктем мерекесі – Наурыз мейрамын лайықты қарсы алу ізгі дәстүрге айналған.

Алғашқылардың бірі болып, облыс орталығы Қызылжар қаласы тұрғындары мен қонақтарын Наурыз мерекесіменСолтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұжымы құттықтады. Ассамблея көптеген ұлт өкілдерінен құралған, ондаған жылдар өз белсенділігімен қала жұртшылығына жақсы таныс.

Биылғы мерекенің бір ерекшелігі – «Қымыздан қуат алған бір тұтас ел» атты қымыз көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылғанын алдымен атағанымыз жөн. Әрине, оған қоса солтүстікті мекен етіп жатқан әртүрлі ұлт өкілдері өздерінің бай ұлттық дастархандарын да жайып салды.

Мерекелік шара барысында көптеген спорт түрлерінен жарыс ұйыдастырылып, жүлделер сарапқа салынды. Әрбір ұлт өнерпаздарының концерті де көпшіліктің көңілінен шықты. Орындалған әрбір ән, әрбір би жекелеген ұлттардың мәдениетінің, өнерінің даму үстінде екенін көрсетті.

Ақбота ҚУАТБЕКҚЫЗЫ