«АЛМАТЫ АРЕНА» МЕРЕКЕ АЛАҢЫНА АЙНАЛДЫ
2019 ж. 23 наурыз
1049
0

Ару қала Алматыда Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі кеңінен аталып өтті. Қаланың барлық аудандарында шаһар тұрғындары мен қонақтары мерекелік көңіл-күй, ерекше сән-салтанатқа куә болды.
Осындай бір мерекелік шара Дүниежүзілік универсиадаға арнайы салынған заманауи талаптарға сай келетін «Алматы Арена» алып спорт кешені маңында өтті. Айналасы атшаптырым аумақты тайлы-тұйяғымен жиналған мыңдаған адамдар Наурыз мерекесін қарсы алып, ерекше думанға бөледі. Алаңда орнатылған орталық сахнада Алатау ауданы мен Алматы қаласының көпұлтты өнерпаздары және Қазақстанға белгілі әртістер мерекелік концерт бағдарламасын ұсынып, көпшілікті риза етті. Түрлі ұлттық спорттық жарыстар ұйымдастырылып, жүлдегерлерге сыйлықтар тапсырылды.
Әрине, мұндай ауқымды шараларда мерекелік дастарханның да жөні бөлек. Қазақтың ұлттық тағамы наурыз-көже мен бауырсақ тегін таратылып,
түрік, корей, ұйғыр, дұнған сияқты өзге де ұлт өкілдері өз тағамдарын тойшыл қауымға ұсынып, дәм татқызды. Мерекеге келген қонақтар шебер қолдан шыққан қазақтың қолөнер бұйымдарын да тамашалай алды.
Бек МЫРЗАҰЛЫ