Балабақшадағы балаусалар аналар мерекесін атап өтті
2019 ж. 08 наурыз
2307
0

Ана – әлемді жанымен, әнімен тербететін ұлы тұлға. Оның жанарынан баласына деген махаббат, мейірім шуағы төгіліп, жүзіне күлкі үйіріліп, жүрегінде сезім гүлі бүр жарады. Демек адамзаттың ұрпақ жалғастығын үзбей, тал бесіктегі тәлім-тәрбиені беруші аналар. Жуырда Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылындағы «Амира-2016» атты балабақшада Халықаралық әйелдер мерекесіне орай іс-шаралар өтті. Мектепке дайындық «Балауса» тобының тәрбиешісі Сағиева Ақжамал Әуесханқызы тәрбиеленушілерімен бірге аналар қауымын құттықтап, әсем әнмен, күмбірлеген күймен шашу шашты. Балабақша меңгерушісі Лаура Сәрсенбиева сөз алып, аналарға ізгі тілегін жеткізді. «Балауса» тобының бүлдіршіндері мың бұрала би билеп, хормен ән айтып мерекелік көңіл-күй сыйлады. Алғыр да өнерлі жеткіншектердің сахнадағы аналарға арнаған қойылымынан көрермендер көздеріне жас алып, қуаныштарын жасыра алмады.
Көпшіліктің көзайымы болып көзге түскен балғындар арасынан Алмат Мимикенов, Айбек Камалұлы, Аиша Бақытжандардың есімдерін ерекше атаймыз. Сондай-ақ мектепке дайындықтарын көрсеткен олар ағылшын, ана тілдерінде мәнерлеп өлең оқыды. «Кім жылдам», «Сөз құрастыр» сияқты логикалық ойындар ұйымдастырылды. Хордың орындауында «Ақ мамам», «Аяулы анашым» әндері шырқалып, қыздар «Аққу», «Үнді» билерін, ұлдар «Джентельмен» биін орындады.
«Амира-2016» балабақшасының ортаншы тобы «Балдәуреннің» тәрбиешісі Егізбаева Жанар Маратқызы да мерекелік кеш ұйымдастырды. Мақсаты жас ұрпаққа ананың қадірін ұққызу, жүрек түкпірінде аналарға деген ізгілік, құрмет сезімін ояту. Сондай-ақ, сөздік қорларын, тіл байлығын, ойлау қабілетін дамыту арқылы білімді жастарды тәрбиелеп шығару. Бүлдіршіндер бірыңғай классикалық үлгіде киініп, қолдарына гүл шоқтарын ұстап сахнаға көтеріліп жылы лебізбен аналарын құттықтады. Қыздар «Аққулар», «Қуыршақ» билерін, ұлдар жағы «Гамми аюы» биін мың бұрала биледі. Көремендерді таудай талабымен, мәнерлеп оқу шеберлігімен таң қалдырған жеткіншектер арасынан Гаухар Мимикенова, Жанқожа Сакипов, Айша Аянбаева сынды бүлдіршіндер көзге түсті.
Осылайша «Амира-2016» балабақшасының мерекелік іс-шаралары көпшіліктің көңілінен шығып, ұстаздар қауымы алғысқа бөленді.
Майра Алдабергенова,
Қазақ үні