Полицейлер Қытай азаматтарының Қазақстанға заңсыз көші-қонын ұйымдастырған
2019 ж. 07 наурыз
4309
1
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысында ұзақ уақыт бойы қытай азаматтарының заңсыз көші-қонын ұйымдастырып келген топтың қылмыстық әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды sputniknews.kz.
Хабарламада айтылғандай, Тараз қаласының көші-қон полициясы бөлімінің қызметкерлері ҚХР-дан мигранттардың заңсыз көші-қонын ұйымдастырған. Дәлірек айтқанда, бөлімнің бұрынғы басшысы А. Зейдалиев пен орынбасары Б. Наурызбаев арада "делдал" болған - ҚХР-дан шыққан У. Силамбекпен өзара сыбайласыпты.
Бұл топ жалған құжаттарды пайдаланып, Жамбыл облысында Қытайдың 170-тен астам азаматына Қазақстанда кедергісіз тұруға құқық беретін құжаттар берген.
2019 жылғы 5 наурызда Тараздың № 2 қалалық сотында осы қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды.
"А. Зейдалиев Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлімі З-тармағы ("Ауыр салдарларға әкеп соққан лауазымдық уәкілеттілікті теріс пайдалану"), 394-бабы 4-бөлімі 2-тармағы ("Адамдар тобының алдын ала сөз байласып заңсыз көші-қон ұйымдастыруы") бойынша айыпты деп танылып, төрт жыл алты айға бас бостандығынан айрылды, жаза мерзімін қауіпсіздік деңгейі орташа түзету мекемесінде өтейді", - деп мәлімет берді баспасөз қызметі.
Ал, Б. Наурызбаев Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлімі З-тармағы және 394-бабы 2-бөлімі бойынша айыпты деп танылып, үш жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Ол да жазасын қауіпсіздік деңгейі орташа түзету мекемесінде өтейді.
У. Силамбек Қылмыстық кодекстің 394-бабы 2-бөлімі бойынша айыпты деп танылып, 4 жылға сотталды.
Қазір ҚХР азаматтарына берілген ресми құжаттардың күшін жою мәселесі қаралып жатыр.