Алғыс айту күніне орай Алматының 20 отбасына сыйлық сертификаттары табыс етілді
2019 ж. 01 наурыз
4225
0
2019 жылғы 1 наурызда Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Алғыс айту күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға Алматы қаласының әкімінің орынбасары Қырықбаев Арман Оразбайұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, республикалық және қалалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, көп балалы аналар, білім, мәдениет, өнер саласының өкілдері, жастар қатысты. Алматы қаласының әкімінің орынбасары Арман Оразбайұлы келген қонақтарды мерекмен құттықтап, Алғыс айту күнінің маңызы мен шығу тарихын ұмытпауымыз қажеттігін айта кетті. Сахына төріне этномәдени бірлестік мүшелері шығып, қазақ халқының өзге ұлттарға көрсеткен қамқорлығына ризашылықтарын білдірді. Іс-шара барысында көп балалы 20 отбасына сыйлық сертификаттарын табыс етілді. Сондай-ақ, әлем халықтарының достығы туралы бейнефильм көрсетіліп, «Алғыс» театр-поэтикалық көрініс қойылды.
Айта кетсек, 2016 жылғы 14 қаңтарда ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің №173 жарлығымен елімізде 1 наурызды тойланатын, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні Алғыс айту күні деп жариялады.
Ассамблеяның 20 жылдығына арналған мерейтойлық сессиясында Елбасы қазіргі Қазақстанда тұрып жатқан этностық топтардың тарихи тағдыры халық менталитетінде, оның өмірлік ұстанымы мен талпынысында жағымды көрініс тауып, барлық этностарға ортақ құндылықтар мен мұраттарды қалыптастырғанын атап өтті.
Қазақстанның көпэтносты халқының қалыптасуының тағдырлы тарихына аша отырып, Президент «...Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын, барлық этностың бір-біріне және оларға мейірімділік танытып, туғанындай қабылдаған қазақтарға Алғыс айту күні деп атап өту әділетті болар еді. Бұл бізді бұрынғыдан бетер жақындата түсер еді. Бұл күн мейірімділіктің, қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен сүйіспеншілігінің жарқын мерекесіне айнала алады...», - деген ұсыныс жасады.
Мерекенің басты мақсаты – азаматтық қағидаттар негізінде қазақстандық біртектілікті дамыту арқылы Қазақстан халқының бірлігін нығайту.
Еңлік Ерболқызы, qazaquni.kz