Сайын Борбасов,саясаттану ғылымдарының докторы, профессор:«Қазақстандық ұлт » идеясының ар жағында қазақ ұлтын жойып жіберу мақсаты жасырынып тұр
2010 ж. 25 ақпан
3516
0
– Елімізді шулатқан «Ел бірлігі» доктринасы туралы не айтасыз? Бұл доктринада қандай қателіктер бар? Саясаткер ретінде ашып көрсетсеңіз...
– «Қазақстанның ел бірлігі доктринасы» жобасына қатысты ғылыми сарапшы ретінде ең бірінші атауына үңілген дұрыс деп ойлаймын. Бұл жобаның орысша үлгісі «Доктрина нацианального единство Казахстана» деп аталған. Бірақ қазақша «Ел бірлігі» деп атау сәйкес келмейді. Сол себепті құжатты «Қазақстанның ұлттық бірлік концепциясы» деген кең көлемді, ауқымды атаумен атаған жөн. Өйткені «ел» ұғымы «мемлекет» ұғымының синонимі. Орысша «страна» деген мағына береді. Мәселе елдегі ұлттық қатынастарға тікелей қатысты болғандықтан «ел бірлігі» ұғымын «ұлт бірлігі» ұғымымен ауыстыру шындыққа сәйкес келеді. Ал «доктрина» десек, бұл ұғым қалыптасқан құбылыстың кең тарихи мерзімде, диалектикалық және эволюциялық дамуын бейнелейді. Сондықтан, Қазақстанның қазіргі этношындығына «Қазақстанның ұлттық бірлік концепциясы» деп атаған сәйкес келеді.
Жалпы ел бірлігі, ұлт бірлігі, саяси тұрақтылық мәселелерінің барлығы дұрыс мәселе. Бірақ та, «Ел бірлігі» доктринасында үлкен теориялық қателіктер бар. Бұл доктрина Қазақстанда жаңа бір ұлт қалыптастыру саясатына бағытталған. Мәселен сен қазақсың ба, орыссың ба, украинсың ба, ұйғырсың ба, барлығының ұлттық келбеті екінші кезекте, бірінші кезекте сенің азаматтық келбетің. Қазақстан халқының өкілі деген мәселе бірінші орынға қойылады. Мұндағы ең үлкен қателік осында. Осыдан келіп қазақ ұлтшылдарына, әсіресе қазақ зиялыларына жақпайтын ой туғызды. Әрине, саяси құжат ретінде мұндай доктрина қажет шығар. Бірақ мен осы доктринаға деген аса бір үлкен қоғамдық зәрулікті көріп тұрған жоқпын.
Өкінішке қарай, Қазақстанның «Ел бірлігі» доктринасында елдегі этникалық қатынастарды ортақ бір жаңа ұлт құруға деген құлшынысқа бағындыру байқалады. Қазақстандағы ұлттық үрдістердің дамуына америкалық ұлт үрдісінің дамуының моделін қолдануға ұмтылыс сезіледі. Түрлі этникалық топтардан тұратын адамзаттық қауымдастық келешекте Қазақстанда жаңа ортақ ұлттық бірлестік жасауға тиісті деген идея негізделеді.
Бұл тұжырымдамадан күні өткен кеңестік ұлт саясатын тірілтуге тырысушылық анық байқалады. Совет өкіметі де өз кезінде ұлттар дамиды, бірақ олардың барлығы ортақ кеңес халқының жаңа әлеуметтік қауымдастығын құрады деген формула бойынша ұлт саясатын жүргізді. Өкінішке қарай, бұл доктрина осындай қателікті тағы да қайталап отыр. Бұл қателік енді «америкалық ұлт моделі» формасын басшылыққа алу бейнесінде ұсынылған.
Елдегі этносаралық қатынасты зерттеу жаңағы аталған үрдістердің бар екендігін жоққа шығармайды. Сөз жоқ ортақ мақсат, жалпықазақстандық құндылық керек, маңызды. Бірақ та, осы құндылықтың барлығының іске асуы елдің тарихи иесі, ғылыми мағынасында автохоны, мемлекет жасаушы қазақ ұлтының өсіп-өркендеуіне байланысты екендігі айтылмайды.
Доктрина авторларының ең басты қателігі қазақ ұлтының елдегі шешуші рөлін атап көрсетпеуінде. Қазақ ұлты жаңару, түлеу, даму жағдайына келмей, бүкіл Қазақстан халқы жаңа сапалық деңгейге көтеріле алмайтындығын назардан тыс қалдыру тек теориялық қателік ғана емес, үлкен тәжірибелік қателік. Біз де онсыз да халықтың бірлігі, елдің бірлігі бар. Мемлекет бірлігі, халық бірлігі деген атауды алуға ешқандай негіз жоқ. Себебі, елдегі саяси шындық та, түптеп келгенде қазақ ұлтының қатынасына тәуелді болғандығы ақиқат. Қазақ ұлты тәуелсіздікпен бірге үлкен жаңару, көтерілу, өзін-өзі тану жағдайындағы ұлт. 260 жылға созылған орталық езгіден құтылған қазақ ұлты өзінің ұлттық, саяси, тарихи санасын жаңғырту арқылы қалпына келтіруде. Сонымен бірге қазақ ұлтының мәдени-рухани санасының жаңарып, ұлттық бет-бейнесін жаңа заманға сәйкес қалыптастыру үрдісі жүріп жатқандығы ақиқат.
Мәселен, 1991 жылы орыстардың жалпы саны 5,9 млн болған. Қазір 3,9 млн орыс қалды. Орыстардың саны 2 млн-ға азайды. Қазақтардың саны 3 млн-ға өсті. Осындай қазақ ұлтының демографиялық үлес салмағы артып, моноұлттық мемлекет қалыптасып келе жатқан жағдайда қазақстандық ұлт қалыптаса ма? Мүлдем қалыптаспайды. Керісінше, бізде қазақ ұлтының күшею деңгейі біздің демографиялық дамуымыздың айқын белгісі. Сондықтан моноұлттық мемлекет жасалу жағдайында жаңа бір қазақстандық ұлт жасала алмайды. Бұл дегеніңіз қазіргі этношындыққа қарсы пікір. Ал, енді осы мәселені қалай шешуге болады? Біз қазақ ұлтын күшейте отырып барлық қазақстандықтарға жағдай жасай аламыз. Қазақ ұлты - Қазақстан халқының іргетасы. Ал, енді, 2030 жылғы алдағы стратегиялық перспективада ең төменгі пайымдау бойынша Қазақстанда қазақ ұлтының саны 82-85 пайызды құрап отыр. Басқа ұлыстар мен этникалық топтардың саны 15-ақ пайыз болады. Осындай жағдайда жаңаша қазақстандық ұлт қалыптастыру мақсатын күн тәртібіне қою - теориялық жағынан да, тәжірибелік жағынан да ұят. Ол қазақ ұлтына, қазақ ұлтының күшеюіне қарсы жасалған құжат деп ойлаймын.
- Сөзіңіз аузыңызда, аға, сонда оны кімдер жасап отыр?
- Мұны маригиналданған бизнес-элита мен саяси элита жасап отыр. Мұны бізге қарсы Ресей немесе Қытай жасап отырған жоқ. Оны өзіміздің елдегі қазақ тілінен бас тартқан, орыс тілі қанына сіңіп кеткен, ағылшын тіліне көшуге даяр тұрған маригиналданған элита жасап отыр. Бұл тұрғыдан келгенде орыс тілді саяси элита мен орыстілді БАҚ-тың да әсерін айтпай кетуге болмайды. Олардың өздері де, балалары да ана тілінде сөйлемейді. Олар қазақ тілін білуді қосымша жүк деп есептейді. Қазақтың менталитетінен, саяси, мәдени дәстүрінен аулақтаған топтың әрекеті бұл. Өкінішке қарай сол топ, қазір қаржы жүйесінде де, саяси жүйеде де үлкен рөл атқарады. Сондықтан олар өздерінің яғни, азғантай олигархиялық топтың мақсат-міндетін бүкіл ұлттан жоғары қойып отыр. Оларға қазақ ұлтының болашағы қажет емес. Оларға Қазақстан халқының ортақ бір қауымдастық болғаны жақсы. Шын мәнінде ұлт саясаты Кеңес үкіметінің күшеюіне себеп болды. Онда ұлттық, мазмұны социалистік жаңа мәдениет қалыптастыру, сол жаңа мәдениеттің негізінде адамдардың жаңа саяси әлеуметтік қауымдастығы – Совет халқын қалыптастыру деген мақсат қойылған болатын. Ал енді осы мақсат Қазақстанда жаңа бір ұлтты қалыптастыру деген жаңа формада қозғалып отыр. Бұл теориялық жағынан да, практикалық жағынан да қате. Ол жасанды нәрсе. Ал, жасанды нәрсенің күні қараң екені белгілі. Қазақстандық ұлт деген нәрсе қазақ халқының саяси, мәдени, ұлттық дамуына бөгет болатын фактор болып табылады.
Ал енді бұл жаңаша қабылдану керек. Шын мәнінде Қазақстанда болып жатқан этносаяси, этноәлеуметтік үрдістерді сараптап барып тұжырымдама қабылдаған жөн. Қазақстандық ұлт бұл біздің әлеуметтік шындықта да жоқ, этношындықта да жоқ. Қазақстанда жаңа «қазақстандық ұлт» жасаудың экономикалық та, әлеуметтік те, саяси да қажеттілігі жоқ. Тек бұл орыс шовинистері мен космополиттердің саяси мақсатына ғана жауап бере алуы мүмкін. Себебі, олар Қазақстанда күннен-күнге күшейіп, нығайып келе жатқан қазақ ұлтының даму үдерістерінен қорқады. Қазақ ұлтының ұлттық құндылығының толық жеңіске жетуі осындай мүдделі топтардың саяси экономикалық мүддесіне қайшы. Олар өз мақсаты жолында «адам», «жекеменшік», «демократия», «тұрақты даму» идеяларын ұсынады. Бұған дау жоқ. Өкініштісі - қазақ ұлтының негізгі құндылықтарын даму басымдықтары ретінде үнемі жоққа шығарып отырады. Қазақтың ұлттық құндылықтары жалпы адамзаттық құндылықтардың құрбаны етіледі. Шынтуайтына келгенде бұл екеуінің диалектикалық жарастығына жету саясатын неге басшылыққа алмасқа. Қазақ тілі, өнері, мәдениеті тарихы мен діні мемлекеттік біріктіруші идеяларға ұлттық идеяға айналуы қажет. Барлық халықтар қазақ ұлтына бірігу керек. Бұл - этношындыққа жақын.
-Сайын аға, сіздіңше, «қазақстандық ұлт» пен қазақ ұлтының арасындағы күрес немен аяқталуы мүмкін?
-Қазақ ұлты басым болмай тұр. Ол үшін не істеуіміз керек? Біріншіден, этнодемографиялық дамуды пайдаланып, елдегі этнолингвистикалық ахуалды өзгертудің кешенді шаралары іске асырылуы керек. Қазақстан халқы қазақша сөйлеген жағдайда ғана «қазақ ұлты» жеңіске жетеді. Ал орыс тілін таңдаса халықтың абсолютті басым көпшілігі бола тұра «қазақ ұлты» жойылып, «қазақстандық ұлт» деген жаңа әлеуметтік қауымдастыққа қосылады. Ол қауымдастық болашақта орыс тілінен де безініп, әлемдік ағылшын немесе қытай тілдеріне кетуі де ықтимал. (Бетін әрі қылсын)... Қазақ тілінен орыс тілі мүлдем басым жағдайда болғандықтан «қазақстандық ұлт» құру идеясына негіз болып отыр. Бұл идеяның ар жағында қазақ ұлтын этнос ретінде жойып жіберу мақсаты жасырынып тұрғаны айқын.
Екіншіден, қазақ ұлтының пассионарлық салаларын ояту шараларын жүргізу міндет. Қазақстанда қазақ рухы барлық салалардан, өмірдің барлық ашық және жасырын қалтарыстарынан сезініп тұруы қажет. Осы мәселелерді негізге ала отырып, қазақ ұлтын сақтап, ұлт ретінде дамуына бар күш-жігерімізді жұмсасақ, сол кезде ғана біздің еліміздің алдынан даңғыл жол ашылары сөзсіз.
АҚПАРАТ КЕҢІСТІГІНДЕ ОРЫС ТІЛІНІҢ БАСЫМДЫҒЫН ӘЛСІРЕТПЕЙІНШЕ, БІЗ ҚАЗАҚ ТІЛІН КӨТЕРЕ АЛМАЙМЫЗ
–– Қазақ тілі азат тіл болуы үшін қандай қадамдар жасауымыз керек?
Жалпы, мемлекеттік тілді білу талабы мемлекеттік қызметкерлердің бәріне қойылуы қажет. Сол кезде ғана біздің халық қазақша сөйлеуді күшейтеді. Бұл - бір. Екінші ақпарат кеңістігінде орыс тілінің басымдығын әлсіретпейінше, біз қазақ тілін көтере алмаймыз. Алдағы уақытта қазақ тілінде үш телеарна ашылады деп жатырмыз ғой, осындай тілді дамытуға арналған шараларды тездетуіміз керек. Өзге елдердің бәрі де өз тілдерінде сөйлейді. Мысалы, Польшада поляк тілін білмейтін поляк жоқ. Ал, Қазақстанда қазақ тілін білмейтін қазақтың болуын кейбіреулер мақтан көреді. Осының барлығы ақпараттық кеңістіктегі орыс тілінің басымдығына байланысты. Міне, қазір «Жас қазақ үні», «Айқын», «Жас алаш» сияқты ұлтшыл газеттерді күшейту керек. Басты кезекте бүкіл ұлтқа ортақ басылымдарды көбейтуді жолға қоюымыз қажет.
Шындық деп шырылдаған тәуелсіз басылымдардың саны да көбейетін болса, қазақ тілінің дамуына қосылған үлкен бір үлес болары сөзсіз. Қазақ тілінде сапалы басылым шығару, түрлі телебағдарламаларды эфирге шығару қазір кезек күттірмейтін мәселе болуға тиіс. Өйткені мұның артында тілдің даму саясаты тұр емес пе?
Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа белсене енуі, алыс-шетелмен байланыстардың күшеюі де тілдік ахуалға ықпал етуде. Тұрғындар арасында ағылшын тіліне бетбұрыс күшті. Алдағы уақытта да мектепке, ЖОО-да ағылшын тілін оқып үйрету үдейе түспек. Мұның өзі қазақ тілін одан әрі әлсіретеді деген қауіп бар. Демек, дағдарыстағы мемлекеттік тіл даму үшін ол орыс тілімен де, ағылшын тілімен де жарысқа түспек. Бұл екі тіл де – нарықтық қатынастармен модернизациялау жолына түскен қоғамға ыңғайланған тілдер. Олар әлеуметтік, экономикалық, қаржылық инфрамқұрылымдарға үйлесімді. Ал, қазақ тілі өркендеуі үшін осы аталған салалар жұмысына тікелей белсеніп кіруі керек.
Елде тілге қатысты екі түрлі қозғалыс қалыптасты. Біріншісі – қазақ тілін дағдарыстан шығарып, орыс тілінің дәрежесіне көтеруге бағытталған қозғалыс. Оның әлеуметтік базасы – ауылда, және қалада тұратын, ұлттық мектепті бітірген қалың қазақы бұқара. Қазір ауылдағы әлеуметтік мәселелердің шиеленісіп, ауыл экономикасының күйреуіне байланысты қазақ тілінің әлеуметтік тірегі де әлсіреуде.
Екінші қозғалыс – қазақ тілінің мемлекеттік мәселесін, оның қоғамдағы рөлін көтеруді орыс тіліне келетін нұқсан деп түсінетіндер. Олар республикада орыс тілінің доминанттық рөлін жақтайды. Орыс тілділерге мемлекеттік тілді білуді міндеттеуді олар жеке адам құқығына қол соғу деп есептейді. Сонымен қатар орыс тілінің де Қазақстанда мемлекеттік тіл болғанын қалайды. Қазір бұл қозғалыстың әлеуметтік бағасы бірінші қозғалысқа қарағанда қуатты. Ол - елдегі орыс диаспорасы, славян тектес этникалық топтар, қазақ тілін кезінде үйренбеген қазақ этносының маригиналдары. Орыс тілдің рөлі бизнестік, шаруашылық және билік субьектілерінің қызметінде айқын басым.
Ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесі бар тиісті заң бар. Арнаулы мемлекеттік орган бар. Бөлінген қаржы да жетерлік. Тек нақты жұмыс аз. Күні кешеге дейін тіл мәселесін орынсыз саясаттандырып, әркімнің қолжаулығы етіп келдік. Атқарушы биліктегі адамдар жұмысты жаңаша жүргізе алмады. Бізге енді тың бағдарламалар қажет.
-Тіл мәселесі таусылмайтын тақырып. Тілді өркендетудің тағы да қандай жолдарын айтар едіңіз?
-Қазақ тілін дамытудың тағы бір жолы – біржақты қостілдікті екіжақты қостілдікке айналдыру. Қазір қазақтар дені – қос тілді. Ендігі кезек – орыстар мен басқа этникалық топтардікі. Олардың басым көпшілігі қазақ тілін білуді қажет деп есептейтіндігін әлеуметнамалық зерттеулер дәлелдеп отыр. Сондықтан мемлекеттік тілді білуге ден қойған орыстар мен басқа халық өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсету жөн. Қандай болмасын лауазымды қызметке тағайындауда маманның қазақ тілін еркін білуі талап етіліп, кәсіби артықшылық ретінде есептелуі қазақ тіліне бетбұрыс жасауда қуатты стимул болар еді.
БИЛІК АЙТТЫ БОЛДЫ, ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕДІ ДЕУГЕ БОЛМАЙДЫ.
– Қос мұхтардың бас қосып жиын өткізуі билік пен ұлт зиялыларының ымыраға келгендігін көрсетті. Ел азаматтарының пікірін ескере отырып, әзірленіп жатқан тіл саясатын жүзеге асырудың мемлекеттік бағдарламасы қазақ тілінің қарқынды дамуына даңғыл жол аша ала ма?
-Біздің мемлекетте тіл мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей келеді. Қазір тілдің ауруы тіпті тереңдеп кетті. Оны емдеудің кешенді шараларын жасау қажет. Балабақшадан бастап балаларға қазақ тілін бойларына сіңіру басты міндет болуға тиісті.
Конституциямыздағы «Орыс тілі мемлекеттік тілмен тең дәрежеде қолданылады» деген бапты алып тастамай, біздің тіліміз дамымайды. Қазақстан Республикасында бірден бір мемлекеттік тіл ол - қазақ тілі дегенді алдыңғы кезекке шығаруымыз керек. Сонда біздің тілдің даму кеңістігі ашылады. Тілді дамытамыз десек ең бірінші Конституциямыздан бастауымыз керек. Жалпыадамзаттық құндылықтар, демократиялық принциптер дегенді желеу етіп, Ресейдің өзі біздің саясатымызға сіңгісі келеді. Сонымен қатар қазіргі заман талабына сай интернетті де қазақ тілінде сөйлетуіміз керек. Қазақ тілінің даму қарқынын күшейтетін мұндай қадамдар жасау үшін белгілі бір тарихи мерзім керек. Билік айтты болды, қазақ тілінің мәселесі шешіледі деуге болмайды. Ол – утопия. Тіл майданы ол ұзаққа созылатын майдан. Біз осы майданда қазақ тілінің позициясы үшін күресу әрқайсысымыздың басты міндетіміз екенін ескере отырып, осы жолда табанды күрес жүргізуге тиістіміз.
- Қазақстанның экономикалық даму деңгейі көңіл көншітерлік дәрежеде ме?
Біздің елде әлі шешімін таппаған мәселе өте көп. Біз дамимыз дегенмен, бей-берекет дами алмаймыз. Ол үшін міндетті түрде жоспарлау керек. Мысалы үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаев биылғы Қазақстан халқына жолдауын 2010-2020 жылдарға арнады. Жоспарды он жылға емес, бес жылдан етіп бөліп жасаған жөн. Бұл тұрғыда бұрынғы кеңестік кезеңнен бар жоспарлау тәжірибесін орынды пайдаланғанымыз жөн.
Енді индустриялық инновациялық жағынан алып қарайтын болсақ, қазір Қазақстан тауар өндірудің 19 түрінен ғана алға шығып отыр. Мысалы үшін біздің ел ұнның сапасы бойынша соңғы үш жылда әлемде бірінші орында тұр. Сонымен қатар, мыс, мырыш, вольфрам, сияқты металдарды өндіру жағынан алдыңғы қатардамыз. Қазір біз тері өңдеуден алдыңғы орындамыз. Қазір біз осындай он тоғыз ғана саладан бірінші орынға шықтық. Егер де біз 2020 жылға дейін жүз сала бойынша алдыңғы қатардан көрінетін болсақ, алдағы уақытта экономикасы дамыған мемлекеттердің қатарынан табыла аламыз.
БІЗ ҚЫТАЙҒА ҚАРСЫ ГЕОСТРАТЕГИЯЛЫҚ ОЙЫН
ОЙНАУЫМЫЗ ҚАЖЕТ.
– Қытай сынды алып мемлекеттің қарқындап дамуы бізге ешқандай қауіп төндірмей ме?
– Қытайдың экспансиясы - өте үлкен геостратегиялық мәселе. Біз Қытаймен тату-тәтті көрші болуға міндеттіміз. Қытай қуатты әлемдік держава. Осы уақытқа дейін ол демографиялық держава болып келсе, енді ол экономикалық, әскери державаға айналып келе жатыр. АҚШ, Ресей мемлекеттері Қытаймен санасады. Ал, енді біздің Қытаймен санаспауымыз тіптен мүмкін емес. Біздің халқымыздың саны Қытайдан жүз есе аз. Бір қазақстандыққа жүз қытайдан келеді. Сондықтан біз Қытаймен тату-тәтті көршілік қарым қатынасымызды одан әрі нығайтуымыз керек. Бұл дегеніміз – Қытайдың ығына жығылу деген сөз емес. Қытаймен қарым-қатынас жасай отырып, біз өзіміздің экономикалық, саяси, тілдік мүдделерімізді қорғаудың кешендік шараларын жүргізуді қолға алуымыз қажет. ҚХР-мен түрлі келісімдерге келмей тағы да тұра алмаймыз. Өйткені біз Ресейге мұнай сатқаннан кейін, Қытай «неге бізге сатылмайды» деген сауалын қояды. «Біз жерлеріңе шабуыл жасайын деп жатқан жоқпыз, қаржысын құямыз, инвестиция береміз» - дейді. Ал, енді осындай кезеңде біз Қытайдың қаржысын, технологиясын кіргізуіміз керек. Бірақ бізге Қытайдың жұмысшыларын кіргізуге болмайды. ҚХР-мен жасалатын келісім-шарттарға абай болуымыз керек. Қайсыбір келісім-шарт болмасын нақты мерзімін көрсетіп, уақытша ғана жасауымыз қажет. Келісім-шартты елу жылға да жасауға болмайды. Тіптен он бес жылдан артыққа да қоюдың қажеті жоқ. Біз өз қаражатымыз жетпегендіктен еріксіз инвестиция алуға мәжбүрміз. Қытайға біздің мұнайымыз, шикізатымыз өте қажет. Өйткені олардың экономикасы кереметтей қарқынды дамып келе жатыр. Мысалы біздің биылғы ішкі жалпы өнім дамуы 1 пайызға жетер-жетпес болса, оларда биылғы даму 8-9 пайызға дейін артқан. Көрдіңіз бе, Қытайдың дағдарыстан кейінгі дамуын. Осыдан-ақ Қытайдың экономикалық даму қарқыны өте қуатты екенін көруге болады. Біздің елге Қытайдан үйренетін нәрсе көп. Бірақ Қытайға сіңіп кетуге болмайды. Бізге уақыт оздырмай, мықты экономикалық шаралар қарастыру керек.
Қытаймен арада шекаралық проблема жоқ. Ал, енді Қытайға қарсы біздің негізгі факторымыз – Ресей. Ресеймен өте жақсы қарым-қатынасты ұстау арқылы біз Қытайдың түрлі экспансиялық әрекетіне шектеу қоямыз. Екіншіден, Америка Құрама Штатымен жақсы қарым-қатынасты ұстап тұрған жөн. Өйткені, олардың экономикалық үлесі Қытайдың экономикалық үлесіне қарсы келе алады. Біз Қытайға қарсы геостратегиялық ойын ойнауымыз қажет. Басқа мемлекеттердің мүдделерін қарсы қою арқылы. Мәселен, Жапонияның, Германияның үлесін қарсы қою арқылы.
– Қазіргі Қазақстан секталардың сайран салар ордасына айналып кеткен тәрізді. Бұл топқа жоғарыдан ешкім дем беріп отырған жоқ па?
– Еліміздегі қырық құрақ сектаны жоғарыда тікелей қолдайтын топ жоқ. Бұлар шеттен келіп жатқан ағымдар ғой. Қалай дегенмен де бұл арада АҚШ пен Еуропа мемлекеттерінің қазақ ұлтының рухани тәуелсіздігіне қарсы екенін жоққа шығара алмаймын. Иегова, одан басқа секталарды алыңыз, олар әлемнің барлық мемлекетінен орын тепкен. Бұл – әлемдік құбылыс. Сондықтан мемлекетті, ұлтты бөлшектеуді көздейтін мұндай секталардың жұмыс жасауына көп ел тыйым салады. Ал біз дін саясаттан тыс дедік те, қитұрқы жоспары бар діни ағымдарға есігімізді ашып қойдық. Оларға тыйым салған жоқпыз. Егер мемлекетіміздің қауіпсіздігін ойласақ, діни наным-сенім бостандығы туралы заңды қайта қарап, қатал талаптар енгізіп, жаңаша түрде қабылдауымыз керек.
– Көрші елдердегі саяси экономикалық тұрақсыздық біздің елімізге белгілі бір дәрежеде кері әсерін тигізуі мүмкін бе?
– Аймақта болып жатқан оқиғалар Қазақстанға белгілі бір дәрежеде әсер етуі ықтимал. Алайда бұл елдің саяси-экономикалық жағдайына әсер ететіндей деңгейде емес. Себебі шекарамыз қырағы күзетіліп тұр. Кеден істері біршама жөнге келтірілген. Заңнамамызда миграциялық мәселелер өз деңгейінде қарастырылған. Босқындар мен мигранттар еліміздің экономикасына кері әсер етпеу үшін өзіміздің еңбек ресурстарымызға, мүмкіндігімізге қарап мигранттарды қабылдауға жол ашамыз. Бізде қандай көлемде адам қабылдауға болады дегендей тәртіп белгіленген. Жыл сайын елімізге 2 миллиондай адам келіп-кетеді. Соңғы кездері жұмыс істеп, ақша табу мақсатында келетін мигранттарға қойылатын талап күшейтіліп, олардың санына шектеу қойылып жатыр. Дегенмен көрші елдерде үлкен төңкерістер болып жатса, бұдан қауіп көбірек. Өйткені мұндай жағдайда миграциялық фонтан пайда болады. Оны тежеу де қиын.
– Сайын аға, әңгімеміздің ауанын өзіңіз қызмет атқарып отырған оқу ордасына бұрсақ. Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің еліміздің ауылшаруашылығы саласына қосып жатқан үлесі қаншалықты...
– Биылғы жылы Қазақ Ұлттық аграрлық университетіне 80 жыл толады. Университетте бүгінде 800-ге жуық оқытушы, профессорлар қауымы жұмыс істейді. Оның 250-і ғылым докторы, 400 ден астамы ғылым кандидаттары. Сонымен қатар оқу ордасында Ұлттық Ғылым академиясының 8 академигі қызмет атқарады. Оқу орнының потенциалы өте үлкен деп айтуға толық негіз бар. Қазақстанның аграрлық секторын жаңарту, модернизациялауға біздің оқу орнының түлектері белгілі бір дәрежеде үлес қосып келе жатыр десем артық айтқандық емес. Қазақ Ұлттық Аграрлық университетін бес жылдан бері басқарып келе жатқан академик, Ұлттық ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы Тілектес Есболов мырзаның іскерлігімен университет жұмысы жылдан-жылға жанданып жатқанын айтуға тиіспіз. Аграрлық саланы кешенді дамытудың түрлі ғылыми жүйелерін жасау, ауылшаруашылығы ғылымдарының жаңалықтарын өндіріске енгізуді қолға алып жатқан жайымыз бар. Оқу орнынан жыл сайын түлеп ұшқан түлектер еліміздің ауылшаруашылығын дамытуға тиісті дәрежеде үлес қосып келе жатыр деп айтуға толық негіз бар.
– «Жемқорлықтың иісі жоғарғы оқу орындарынан аңқиды» деген
пікірді жиі естиміз. Пара көбіне алына ма, жоқ беріле ме?
– Мұны дөп басып айту қиын. Бұл ЖОО-дағы үлкен мәселе. Мұғалімдердің пара алуы, студенттердің пара беру құбылысы бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ та осы ЖОО-да жұмыс істегеніме біраз жыл болды. Біреу пара алғанын, я болмаса сол пара арқылы ұсталып жатқанын өз көзіммен көрген емеспін. Бұл фактілер өте жасырын түрде жүргізіледі. Дегенмен, қазір қоғамдық саяси-мәдениетіміз өсіп, ашық жариялылық орын алғаннан кейін тікелей ректордың басшылығымен, мұндай құбылыстарға қарсы күрес қатаң түрде жүргізілуде. Жасырын жүретін бұл құбылысты жоқ деп айтсам өтірік болар. Студент мысалы сабаққа келмей қалады да, соның салдарынан тиісті тапсырманы орындай алмауы мүмкін. Осындай кезде ол мұғалімге пара беруге мәжбүр. ЖОО-ның бәрі түбегейлі коррупцияланып кетті дегенге мен келіспеймін. Бұл биліктегі басқарушы органға тән құбылыс болғандықтан, ЖОО-да да белгілі дәрежеде орын алып отыр. Бірақ та, ЖОО-дағы пара алу, пара беру мәселесін нақтылап пайызға шағып, оның көрсеткішін көрсетуге ешбір мүмкіндік жоқ. Өйткені жасырын жүріп жатыр. Бірақ оны бақылауға, оған қарсы тұруға әбден болады. Студенттер мен мұғалімдердің арасында арнайы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуітиіс. Егер мұғалімнің пара алғаны анықталатын болса, ол мұғалім өз қызметімен міндетті түрде қош айтысады.
– Тұщымды әңгімеңіз үшін
– рахмет сізге!
Сұхбаттасқан
Гүлмира САДЫҚОВА