АУЫЛ СПОРТЫН ДАМЫТСАҚ
2010 ж. 25 ақпан
1899
0
Өткен жылғы «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Жолдауда Елбасы «жаһандық дағдарысты» қалай шешіп жатқанымыз – кемелдіктің және біздің қоғамымыз бен мемлекетіміздің тұрақтылығының сынағы, біз бұл сынақты тапсырамыз» деп нық сеніммен айтқан болатын.
Ауданымыздың спортшылары да дағдарыс басталғалы аудан спортын жаңартып - дамытуға жауапкершілікті екі есеге арттырып, өз үлестерін қосты деуге болады.
Басқа жетістіктерді айтпағанда Өзбекстанның Қаршы қаласында қол жекпе-жегі түрінен жастар және кәсіби спортшылар арасында өткен Азия чемпионатына жерлестеріміз қатысып, байрақты бәсекеде Тагиев Асиф 90 кг салмақта Азия чемпионатының алтын белбеуін иеленсе, Ордабаев Құдайберген жүлделі 3 орын иеленуі, Ливан мемлекетінің Бейрут қаласында 1994-95 жылғы туылған жасөспірімдер арасында дзю-до күресінен өткен Азия чемпионатында балғын спортшымыз Қалдар Сержан жүлделі 3 орынды иеленіп, Азияның қола жүлдегері атануы бұған дәлел.
Елбасымыз өткен жылы ұтымды бағыт таңдап, Ұлттық қордың қаржысы арқылы әлеуметтік кепілдіктер толығымен сақталды. Енді еліміздің экономикасын жаңарту мен дамытуға бағытталған Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына 15-ші дәстүрлі Жолдауы ел дамуының алдағы бағыт-бағдарына жаңа жол көрсетіп, жаңа міндет жүктеді.
Елбасымыз Жолдауда «Халық денсаулығы – Қазақстанның стратегиялық мақсатының ажырамас бөлігі» деп атап көрсетті. Осы тұрғыда жергілікті әкімдерге елде бұқаралық спортты дамыту іс-шараларын анықтап, оларды нақты іске асыруды тапсырды.
Біз де биылғы жылы қала, поселке және ауылдық округтердегі спорттық алаңдары жоқ елді мекендерде спорттық алаңдар салу, қолданыстағы барын жаңарту бойынша жұмыс жүргізетін боламыз. Сонымен қатар бұқаралық спорттық жарыстар санын өткен жылмен салыстырғанда ұлғайту жоспарлануда.
Спорт мектептеріндегі топтарды мүмкіндігінше спорт базалары мен білікті мамандары бар елді мекендеріндегі орта мектептерден ашу жұмысын жалғастыраотырып, дене шынықтыру мен спортты ауылдық жерде жоғары деңгейде дамытуға жол ашудамыз.
Атам қазақ «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген.
Сондықтан да аудандағы бизнес өкілдері мен жеке кәсіпкерлерден өз мекемелері мен тұрғылықты елді мекендерінде дене шынықтыру мен спортты дамытуға баса назар аударып, мектеп пен мектеп жасына дейінгі мекемелердің спорт ғимараттарын жөндеуге, спорт кешендері мен алаңдарын, мүгедектерге арналған спорт орталықтарын салуға, аулалық спортты дамытуға өз үлесін қосуын сұранған болар едік.
Өткен жылы Жібек жолы ауылынан кәсіпкер Гулямов Зәкір атты азаматымыз заман талабына жауап беретін күрес залын ашып, ауыл жастарын спортпен шұғылдануға жағдай туғызса, биылғы жылы Абай ауылындағы кәсіпкеріміз Нұржанов Әжібек ақсақал бос тұрған ғимаратты қайта жөндеу арқылы екі спортзалды іске қосуға біршама жұмыс атқаруда.
Спорт – денсаулық кепілі. Халқымыздың, келешек өскелең ұрпағымыздың дені сау болуы үшін, барлығымыз спортқа жанашырлық танытайық, ағайын.
Е.Рысбаев,
Сарыағаш ауданы
әкімінің орынбасары