Астана әкімінің халықпен кездесуі: зейнеткер үстіне бензин төгемін деп қорқытты
2019 ж. 21 ақпан
3191
0
Астаналық зейнеткер әкімнің халыққа есеп беру кездесуінде ұлына грант берілмегені үшін үстіне бензин төгемін деп қорқытты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Зейнетке шыққан Ішкі істер министрлігінің қызметкері ұлына әкімнің гранты берілмегенін айтып ашуланды. Бұған қоса, балаларының тағдырына алаңдайтын астаналық тұрғын жалғызбасты аналардың проблемасын көтерді.
"Мен өзім жалғызбасты анамын. Осы орайда мына бір сұрақты қойғым келеді: жалғызбасты аналардың тізімі неге халықтың әлеуметтік әлжуаз тобынан шығарылып тасталды? Тамыз айында мен әкімнің грантына қатысты жүгіндім. Менің балам төрт пен беске оқыған, біз жүз балл жинадық, бірақ грант берілмейді деді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы гранттарды көп балалы отбасылар, мүгедектер, жетімдер алатынын алға тартады. Сонда мен баймын ба не? Мен Ішкі істер министрлігінің зейнеткерімін", - деп дауыс көтере сөйледі ашынған әйел.
Ол ұлына грант алу үшін қаншама табалдырық тоздырғанын, бірақ бәрі нәтижесіз екенін айтты.
"Қалай жүгіргенімді білсеңіздер! Ақыр соңында үстіме бензин төгіп, өз өмірімді берейін онда дедім. Бәлкім менің ұлым жетім қалғанда, әкімнің грантын сол кезде ғана беретін шығар", - деп айғайлады зейнеткер.
Жалғызбасты ана мемлекет жоғары оқу орындарында оқытуға шамасы келмейтін отбасылардың балаларына тегін білім беруге міндетті екенін баса айтты. Сөзінің соңында осы айтылғандардан кейін мемлекеттік органдар оның соңына түсіп алмауын талап етті.
Сонымен қатар ол жалғызбасты аналарды халықтың әлеуметтік әлжуаз тобына қосуды өтінді.
Астана әкімі Бақыт Сұлтанов ешкім оның ізіне түсіп, қудаламайтынына сендірді.
"Сіз өз пікіріңізді білдірдіңіз. Бүгінде оның көбісі шешімін тауып жатыр. Жеке шағымдарыңызға келсек, мен жаңа ғана айттым, ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Қазір кабинетке кіріп, әр мәселені егжей-тегжей талқылаймыз. Барлығы бақылауда, мен уәде бердім және оны орындаймын. Берген уәдемді орындап үйреніп қалғанмын", -деді қала әкімі.