«Өзі өлсе де, көзін көрген өлмесін...»

05 Туғанбай БАЙҒАБЫЛҰЛЫ дәрігер, медицина ғылымдарының  кандидаты 1980 жылдың мамыр айының ортасы болатын. Көктемнің ызғарлы суығы басыла қоймаған. Жезқазған облысының денсаулық сақтау бөліміне бас терапевт болып медицина ғылымының кандидаттығын Ленинградта қорғап келген жүрек қан тамырларының білікті маманы Ұзақбай Ідірісов деген қостанайлық жігіт келген. Ақ көңіл, адамгершілігі мол, адамға тек жақсылық жасағысы келіп тұратын абзал азамат бір күні беймезгіл уақытта, түнде үйге телефон соқты. Қорқып кеткенім рас. Амандықтан кейін: – Мұқышев Байкісіні білесің бе? Ауданаралық базаның директоры, қарсақпайлық, сенің жерлесің екен, – деді. – Ондай адам есімде жоқ. Мектеп бітіргеннен кейін Қарсақпайдан қол үзіп кеттім ғой... 15 жылдан асып кетті, – дедім. Аз-кем әңгімеден соң: – Туғанбай, қатты қысылып тұрмын, інілерім де әдейі менімен бірге демалысқа шығып еді. Өзің білесің, саяжайға деп 6-сотықтан жер беріп еді ғой, соған бірдеңе салсақ па деп едік. Жезқазғанда еш жерде цемент жоқ, ақшаға таба алмадық, тек сол жерде бар дейді, мүмкіндігің болса, ертең барып көрейік, – деп өтінді. Ертеңіне таңертең сағат 7.30-да сол жерде болдық. Базаның ішін аралап бір адам жүр, орта бойлы, 50 жас шамасында, қара сұр, түсі өте суық, Сталиннің киіміндей гитл-шалбары, бас киімі, құрым етігі, мұрты болса, генералиссимус па деп қаласың... «Осы директор» деп сыртынан күзетші жігіт көрсетті, бірақ мен танымадым, есіме де түспеді. Шамалыдан кейін конторына келді. Іле-шала біз де кірдік. Бізден басқа ешкім жоқ. Сәлемдескен соң мен Ұзақбайды жақсылап тілім жеткенше таныстырдым. Ол кісі «өзің кім боласың?» деді. – Мен қарсақпайлықпын, Байғабыл Жанысбаевтың баласымын, әкем жылқы фермасында басқарушы болған, – дей бергенімде, директор орнынан атып тұрды. Шығып кете ме деп қорқып кеттім. Бірақ ол кісі, керісінше, түсін жылытып, менің жаныма келіп, қолымды алып, маңдайымнан сүйді де: – Айналайын... «Байғабылдың баласы оқу бітіріп, үлкен қызметте, әке-шешесін қолына көшіріп алған» деп естігем. Әкең өлгелі біраз болды, дәм бұйырып көңіл айтып бара алмадым, кешірерсің. Осы таңның атысы, күннің батысы, әйтеуір таусылмайтын жұмыс қой. Маған адресіңді толық қалдыр, анаңа көңіл айтып, ағаның әруағына дұға бағыштау менің парызым, – деді. Ұзақбайдың да, менің де көңілім орнына түскендей болды. Құр кетпесімізді анық сезгендейміз. Директор мырза бізге қарап, «асықпасаңдар, бір әңгіме айтайын» деп бастап кетті. – Соғыстан кейінгі кез, жұрттың жағдайы жөнделе қойған жоқ, ауылдағы жұмыскерлердің көбі жетім-жесірлер мен жас балалар. Туғанбайдың әкесі Байекең управляющий, жылдың аяғындағы өз еңбекақысына бидай, арпа, бұзау, қозы алып, жетім-жесірлерге таратып беріпті. Бір күні сіздің үйге барсам, анаң әкеңе «енді өзіміз қалай күн көреміз, бәрін таратып жібердің?..» деді. Сонда Байғабыл аға: «Құдай жеткерер, өкіметтен қарызға жаздырып алармыз. Осы жолы өзімізге ештеңе қалмағанын мен де байқамай қалыппын...» деді. Мені сиыр фермасына сауыншылырдың сүтін жазып отыратын учетчик етіп жұмысқа кіргізді. Содан кейін кассир, бухгалтер, бас бухгалтер болып қызмет істедім. Ауылда жекеменшік мәшинені бірінші мінген де мен болдым. Бәрі, марқұм Байғабыл ағайдың арқасы. Жұмысқа адал, еңбекқор, қайырымдылығы мол адам еді. Ешкімді ренжіткен емес. Елдің бәрі құрметтейтін. Жаны таза, өте қарапайым адам еді. Халықтың батасын алып кетті, жаны жәннатта, топырағы торқа болсын... Ал, келген шаруаларыңды айта отырыңдар... – деді. Мен цемент таппай келгенімізді айттым. Директор қолма-қол қойма басшысын шақыртып алып, ертең ерте мына жігіт келеді деп Ұзақбайды көрсетті. Бір машина цемент салып бересің, менің атыма жазып қой, өзім төлеймін деді. Ұзекең қалбалақтап қалды. «Ақшам бар, аға, өзім қазір төлейін» деп еді, директор: – Сен, жігітім, ертең 4 бөтелке қызыл арақ әкел, оны цемент тиейтін төрт орыс бар, соған бір стақаннан үзіліске шыққанда берсең болды, мас болып қалмасын. Ашық цементті тиеу оңай емес. Ал мен Туғанбайдың әкесіне жылқы жетектеп барып, бата жасайтын орным еді, кінәлімін... Басқасында шаруаң болмасын, енді жолдарың болсын деді. Біз рахмет айтып шығып кеттік. Сол Ұзақбай досым қазір Алматыдағы дәрігерлердің білімін жетілдіретін институтта сабақ береді, кардиология кафедрасында білікті доцент. Отырыс, жиындарда ылғи осы әңгімені айтып, «Туғанбайдың дүниеде жоқ әкесінің беделімен бір машина цементті тегін алдық... әкең өлсе өлсін, әкеңнің көзін көрген өлмесін...» деп отырады. Дана қазақтың «жас өспей ме, жарлы байымай ма?» дегені рас екен ғой. Кешегі бала Байкісі бүгін халқына қалаулы, еліне елеулі ел ағасы. Тағы бір болған уақиға: Өткен ғасырдырдың 80 жылдары облыстан денсаулық сақтау тобы жасақталып, ішінде бүкіл мамандары бар дәрігерлер, зертханасымен қоса 20 шақты маман бүкіл бір ауданды аралап, ауыл-ауылдан адам қалдырмай тексерістен өткізіп, ауруын емдеуге келетіндерін емдеп, қалаға, облысқа жіберетіндеріне жолдама беріп, диспансерлік тізім жасап, әр ауылдың денсаулық картасын жасайтын. Сол жылдағы тәсілмен мен жетекшілік ететін топ медицинаның әр саласынан 18 маман Сарысу совхозына келдік. Он күнде тегіс малшыларды, шөпшілерді қалдырмай көруіміз керек. Кештетіп бір жайлаудағы ауылдың үстінен түстік. Оншақты киіз үй бар екен. Қиындығы сол, қайда жатамыз, қалай тамақтанамыз деп уайым шектік. Өйткені ауылдық жерде қонақүй, асхана деген болмайды. Қарапайым қазақтың «құдайы қонақ келсе, қой егіз туып, несібе қоса келеді» деген ескіден келе жатқан әдеті мен кең пейілінен басқада үміт жоқ. Ауылдың іргесіне келген соң мен топты 2-3 адамнан бөлдім. Өзім жаныма бес маман дәрігердің үлкендерін алып, ауылдың шетіндегі үлкен 8 қанат ақүйге, жанында кішкене қараша ас үйі бар, соған бет алдық. «Маусым айының ортасы, мал отқа тойып, қозы піскен, қымыз бабына келген кез, енді несібеміз біледі...» дедім жігіттерге. Кештетіп ақ үйге «ассалаумағалейкум» деп кіріп келдік. Әлі жата қойған жоқ екен. Амандықтан кейін мән-жәйді түсіндіріп айттық. Ас үйден шығып бір әйел самаурынға от салды да, қазанға от жаға бастады, ешкімнен ештеңе сұраған жоқ. Сәлден кейін жаңағы әйел үйге кіріп, екі жерден майшам жағып дастархан жайып, бауырсақ пен жаңа тартқан қаймақ қойды. Сабаны екпіндетіп пісіп-пісіп жіберді де, қымыз құя бастады. Біз бір-бірімізге қарап, осыдан артық не керек дегендей, іштей ризашылық білдірдік. Арасында әңгімелесіп, ауылдың мән-жайын, халықтың жағдайын сұрап жатырмыз. Үйдің иесі ұзын бойлы, келбетті келген кісі екен. Сірә, бұрын жауапты үлкен қызметтер атқарған адамға ұқсайды, зейнеткер болып шықты. Сол елдің танымал, беделді азаматы шығар – Зікірия Қожырбаев деген кісі екен. Шөлдеп келген біз бір-екі сапар кеседен қымыз ішіп, қаймақпен бауырсақ жеп ішімізге ел қонып қалғандай болдық. Дастархан жиналған жоқ, әңгіме созыла бастады, байқаймын ақ самаурын ентігіп дем ала бастады. Үй иесі әйелге қарап: «Қуырдақ дайын болғанша шәйді әкеле бер, шөлдеп келген шығар кісілер, күн ыстық, жол алыс қой» деді. Ішіміздегі орысша тәрбие алған Марат деген дәрігер-онколог «жоқ, жетеді, тойдық... жату керек...» деп безектей бастады. Мен оған қарап басымды изеп даланы көрсеттім, ол түсініп, құдай дес бергендей, шығып кетті. Шамалыдан кейін үйге ентіге жүгіріп қайта кірді. Демі екі иығында. Өзі де денелі жігіт еді. Не боды деп сұрасақ, сиырдан қорқады екен, өрістен ауылдың сиырлары қаптап келіп қалыпты. «Әне, әне!» деп ашық есіктен қолымен сиырларды көрсетеді, тым-тырыс отырған бәріміз ішек-сілеміз қатқанша күлдік. Буы бұрқыраған ыстық қуырдақ та келді. Бізде үн жоқ. Құдайы қонақпыз, бір жағынан, ескертусіз кеш келгенімізге ұялып та отырмыз... Енді үй иесі сұрақты жаудыра бастады, біз кезектесіп жауап беріп жатырмыз. Зікірия ағай маған қарап: – Сен өзің қай ауылдың баласысың? Өзіңді дұрыстап таныстыршы, сөз саптауың ұнап отыр, – деді. – Қарсақпайлық жылқы фермасында болған Байғабыл Жанысбаевтың баласымын, әкем 1971 жылы дүние салған, – дедім. Маған Зықаң тіке қарап: – Әй, сен Туғанбайсың ба? – демесі бар ма. Менің атымды қайдан біледі деп мен де аң-таң болдым. Содан Зікірия ағай әңгімесін бастады. – Солай де, Туғанбай... Мен совхоз құрылғаннан кейін көктемде Қарсақпай совхозынан Сарысу совхозына 300 жылқы берілсін деген райкомның қаулысымен, екі адам жылқы бөліп алуға сіздің ауылға келдік. Күн батып бара жатқан кез. Әлі көз алдымда... Ауылға 500 метрдей қалғанда сен жүгіріп келіп, «біздің үйге жүріңдер, көкем мал жайлаған соң келеді» деп томпаңдап алдымызға түсіп, үйіңе алып келгенсің. Әрине, сенің есіңде жоқ шығар. Шырағым, әкең иманды, топырағы торқа болсын! Байғабыл аға асыл азамат еді ғой, көңіл көрген жерде деген қазақ... – деді. Екі табақ қуырдақ таусылуға айналды. Манағы жоқ деген Марат та қасықпен күреп отыр. Сүт құйған күрең шәй кетіп жатыр. Әңгімені Зікірия ағай жалғастырды. Манағыдай емес, көңілі көтеріңкі, әңгімесі екпінді шыға бастады. – Сол түні сіздікінде қондық, – деді маған қарап. – Ертеңіне әкең жылқышыларды шақырып алып, бізді таныстырып болып, жылқышыларға қарап: «Сарышұнақ айғыр, Сарының қара төбелі, Аяштың қара жорғасы, ақ ауыз бен көктұйғыннан басқасын, мың жылқының ішінен 300-ін таңдап беріңдер, 150-і аналық болсын. Қолдарынан қақпаңдар, жылқының тәуірінен, тұқымы жақсыларынан іріктеңдер, ішінде кәрі-құртаң, көтерем, ауру, қашағандар араласып кетпесін. Ертең күндер өте, мына бәтшағар қайдан келген мал дегенде тіл тигізбейтіндей жасаңдар, бір қылқұйрық болса да, елдің намысы екенін естен шығармаңдар! Жақсы мал да елдің атын шығарады ғой, жігіттер, сендерге сендім! Қызғаныш, іштарлық тумасын, бас аман болса, мал табылады. Әлі талай тұлпарға мінесіңдер» деді Байғабыл аға. Біз қатты риза болдық. Мал бөлуге бармаймыз, Байеке, дайын болғанда бір-ақ айдап кетуге адам шақырамыз. Сіздерге сендік! – дедім. «Олай болса, – деді Байекең, – сендер асықпаңдар. Биенің көбі жаңа құлындап жатыр, жол алыс, жас құлын әзір айдауға жарамайды, шаңға тұншығып қалады. Қарақұлақтанып көтерілсін. Қыс қатты болды, малдың аузы көкке жаңа тиіп жатыр. Кемінде бір ай керек. Үй осы, демалып, ауыл аралап, мал көріп, жер танып жүріңдер...» деді. Сол айтқандай-ақ, біз табаны күректей 45 күн жаттық. Өзіміздің үйдей болып кетті. Анаң да жақсы адам екен, нағыз бесаспап. Бізден де басқа, күнде кісі, күнде қонақ десе болады, ал ауылға келе жатқан адамның алдынан жүгіріп шығып, үйіңе ертіп келетін сенің әдетің екен... – деп сақылдап күлді. – Әкең еліне қадірлі, еңбекқор, адал, қайырымды адам екен. Сол бір жарым айда туған әкемізден артық жақсылық жасады. Қаншама азаматтармен, ел ағаларымен табақтас болдық, тарихи аталы әңгімелер айтылды. Менің жайдары, жақсы күндерім сіздің үйде, сол ауылда өтті десем болады. Жылқының жайылымы жетісіне өзгеріп отырады, бірде батысқа, бірде оңтүстік бағытқа, тағысын тағы. Соған байланысты, арасына бір шақырымнан асырмай он адам жүйрік атпен тазы ертіп, жерді сүзіп, 15-20 шақырым жерге дейін қасқыр аулайды. Бір жолы әкең сарышұнақ айғыр мен көкқасқа тазысын маған берді. Сен барып кел қасқырға, бірақ атқа мықты отыр, ерден ұстап ал, себебі көзі аңды шалып қалса сарышұнақ саған бой бермейді. Өзі біледі, әуре болма, еркіне жібер деген. Содан 5-6 шақырымнан кейін сарышұнақ тұра шапты. Жануар қасқырды көзі шалып қалған екен, қиқу басталып кетті. Жұрттың бәрі қасқырдың артынан кетті. Менің атым айдаладағы өзенге қарай ағызып барады. Ал көкқасқа тазы қара шыңға қарай жүгіріп барады. Кейін түсіндім, әккі болған ат пен тазы қасқырдан бұрын біреуі тауды, біреуі өзенді бойлап, қасқырды жазыққа шығарып алу екен. Солай болды. Мен бәрінен бұрын жеттім қасқырға, ол құтыла алмайтынын біліп, маған қарсы атылды. Қос қолдап ұрып жібердім, қасқыр «арс» етіп, құрығымды жұлып алды. Енді не істеймін? Екпінмен өтіп кеттім. Атым өзі қайта оралып, қасқырмен бетпе-бет келгенде алдыңғы аяғымен ұрып, ұшырып түсірді. Басқа кісілер де келіп қалды. Қасқырды аттың беліне салғанда басы мен құйрығы жерге тиер-тимес болды. Өмірімде ондай үлкен арлан қасқыр, оған дейін де, одан кейін де көрген емеспін... Әкең марқұм бүкіл ауылды ешкімнің көлденең көк жібін аттамауға, адалдыққа, бірлікке жұмылдыратын. Ауылға кім келсе де «айта жүріңдер, бір жылдан асты, бөтен қара бие қара қасқа тайымен біздің ауылда... жарты жыл болды – құйрығы ақ қызыл қасқа тайынша біздің ауылда... – деп, қосылған малдарды түстеп, біреу таба алмай әуре болып жүрген шығар, жар салып, келген-кеткенге айта жүріңдер деп отырғанын естідім. Біз алған совхоздың жылқысынан кейін талай тұлпар, төкпе жорға, үйірін қасқырға бермейтін мықты айғырлар шықты. Маған шыбық торы деген құнанды көрсетіп, өзің мінерсің деп еді, сол кейін бірнеше аламан бәйгеден жүлдегер болды. Шіркін, қазір Байекеңдей ақ көңіл, адал адамдар азайып барады... Сендер енді дем алыңдар, ертеңнен бастап 10 күн біздің совхозды аралап біткенше менің қамқорлығымда боласыңдар. Үш мезгіл тамақтарың, жатар орын, бәрін өзім ауыл-ауылға айтып реттеп қоямын – деді. – Жігіттер, қазақта ұлағатты сөз бар, «жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі» деген. Бірақ, жақсылыққа жақсылық жасай алмайтын да болады екен. Мысалы, мен Байғабыл ағаның жақсылығын дер кезінде, көзінің тірісінде қайтара алмадым. Әйтеуір уақыт билеген заман. Енді сәті түсіп, міне, баласына да шамалап қайтарғаныма шүкіршілік етемін... Жақсы жатып, жайлы тұрыңдар! – деп Зікірия аға далаға шығып кетті. «Жақсы әкенің атағы балаға қырық жыл азық» деген рас екен...