Актриса өліміне айыпты Gelandewagen жүргізушісі соңғы сөзін айтты
2019 ж. 19 ақпан
1067
0
Үш адамның өмірін қиған жол апатына айыпты Gelandewagen көлігінің жүргізушісі сотта соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрметті сот, Шолпан Ғабдулмулинова, Динара Хамитова, Бақытнұр Құнапияұлының туыстары, мен сіздерден орны толмас қайғы үшін кешірім сұраймын. Бұлай болғанына өкінемін. Маған осы ауыр оймен өмір сүрудің өзі қиын. Айзада Сатыбалдиеваның денсаулығының зардап келтіргенім үшін де кешірім сұраймын. Алматы мен Қазақстан тұрғындарынан кешірім сұраймын. Барлық бап бойынша айыбымды мойындаймын. Бірақ, ішкен жоқпын. Обьективті шешім шығаруыңызды сұраймын. Мені осы отбасыларға көмектесу мүмкіндігінен, еңбек ету мүмкіндігінен ажыратпауыңызды сұраймын. Мен адам өлтіргім келген жоқ», - деді Ілияс Кар.
Мұның алдында мемлекеттік айыптаушы Ілияс Карды 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.
Айта кету керек, қайғылы оқиға 29 желтоқсанда болған еді. Абай мен Сейфуллин көшелерінің қиылысында Gelаndеwagen бағдаршамның қызыл түсіне өтіп Galant көлігін соққан. Жол апатынан 3 адам - Galant жүргізушісі мен екі жолаушы көз жұмды. Олардың бірі белгілі актриса Шолпан Елгезек.
Кейін 34 жастағы Gelаndеwagen жүргізушісі мас болғаны анықталды. Gelandewagen маркалы автомобиль жүргізушісі, 1985 жылғы Кар Ілияс ҚР ҚК-нің 345-бабы мен 347-бабы бойынша сот алдында жауап берді.
Айта кетейік, аталған жол апатынан аман қалған жалғыз жолаушы - актриса Айзада Сатыбалдиева ауыр халде ауруханаға түсті.