ТРАЙБАЛИЗМ НЕСІМЕН ЖАМАН?
2010 ж. 25 ақпан
7887
6
Мен бірнеше ай бойы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілігімен айтысып-тартысып жүріп дегендей өткен жылдың 29 тамызында облыс басшысының қабылдауына кірдім. Мен әкімнің алдына қоямын деген үш мәселемнің біреуі қазақтың рушылдық деген ескі ауруы болатын. Әкімнің көмекшісі «ананы айтпаңыз, мынаны айтпаңыз» деп әбден жүйкеме тиіп, тұтаныңқырап кірдім.
Сонда да болса сөзімді әкім мырзаның ел бірлігі туралы баспасөзде жарияланған үлкен мақаласына деген оң көзқарасымды білдіруден бастадым. «Сізге жұрт қазір үмтіпен қарап отыр» дедім. «Өйткені, әкімнің газетке көлемді мақала жазуының өзі сирек кездеседі. Мен де осы мәселедегі өз ой-ұсынысымды айту үшін келдім. Трайбализм несімен жаман?
Біріншіден, трайбализм сыбайлас жемқорлыққа жол ашады. Қайтіп? Ағайын-туғанның сөзімен болсын, өзінің ойымен болсын, қазақтың «қанына тартпағанның қары сынсын» деген мәтелін еске алып болсын «жұрттың істеген жұмысын осы жігіт те істейді ғой, басқаны алғанша қасыма ағайынымды алайын» деп, өзінің руластарын қызметке тартқан адам ертең сыбайластыққа бармай тұра алмайды. Дәл сол қызметке сол басшының қасындағы жігітті жолға тастайтын өзге рудың, өзге жүздің жігітін алмағанын жүз жерден негіздеп, ақтап алуға тырысқанымен, ол басшы да аспандағы айда жүрген жоқ, халықтың, елдің ішінде жүр, ел бәрін көріп-біліп отыр, басшының әрбір ісіне өзінің бағасын беріп отыр.
Екіншіден, трайбализм бар жерде әділеттілік жоқ! Ал, әділетсіздік дегеніміз барлық теңсіздіктің, кемсітушіліктің, жікке бөлушіліктің басы. Теңіздей терең жазирадай кең, шыдамы шексіз қазақ деген әлемдегі ең төзімді, ең көнбіс, ең сабырлы халықтың ішіне тыға беретін, тыға беретін, біртіндеп жиыла беретін, жиыла беретін ашу-ызасының, ренішінің, өкпесінің бастауы. Осының бәрінің салдары ретінде физикада айтылатын «критикалық массаның» жиылуы. Жиылып болған кезде жарылыс пайда болуы үшін жалғыз ұшқын жетіп жатыр. Бір күні болмаса бір күні бұрқ ете қалады.
Осы жерде сіздің қабылдау күніңізге өзіңіз әдейі алдырып отырған мына басшы жігіттердің көбісі елуден асып қалған жігіттер секілді, Шымкенттегі 1968 жылғы атақты «шоферлер көтерілісі» бәрінің есінде шығар. Ал, ол заманда халықтың көтеріліске шығуы деген сөз билік адамдардың құқығын әбден аяқасты етіп таптап, барар жер, басар тау қалдырмады деген сөз. Әділетсіздікке төзбейтін, қылышынан қан тамған кеңес өкіметінің өзіне қарсы «Созақ көтерілісі» бастаған үлкенді-кішілі үш жүз жетпіс көтеріліске шыққан қазақ халқымен ойнау отпен ойнағанмен бірдей. Шымкенттегі көтеріліс кезінде шоферлар мен таксистер милиция атаулыны қойша бауыздады деуге болады. Ол кезде рация деген байланыстың ең озық құралы тек таксистерде болатын, олар сол рация арқылы тез ұйымдасты. Ал, бүгінгі күнде ұялы телефон әр адамда екі-үшеуден. Басшылар өздерінің әділетсіз іс-әрекетімен халықты толқуға, көтеріліске өздері итермелейді. Кейде олардың ісіне қарап отырып, «осылар халықты әдейі жоғары билікке қарсы қойып отырған жоқ па?» деген сұрақ өзінен-өзі туындайды.
Қарсы қоятын істің біреуі жаңағы мен айтып отырған – трайбализм. Мен бір мысал келтірейін. Отыз жылдан астам өмірін сәулет өнеріне арнаған, осы салада облыста басшы қызметте істеген Асқар Мамырбаев деген Кіші жүздің жігіті сол рушылдықтың құрбаны болып, екі жылдан бері жұмыссыз жүр. Сіз мысалы депутаттыққа түсетін болсаңыз, сіздің қолдау тобыңыз «Асқар Мырзахметов оны істеген; Асқар Мырзахметов мұны істеген» деп халықтың арасында үгіт жұмысын жүргізуе мәжбүр болады, ал Асқар сайлауға түсетін болса ешкімді үгіттеудің қажеті жоқ, өйткені оның қолының ізі облыста сайрап жатыр. Ең ақыры мына өзіңіз отырған ғимаратты қайта жөндегенде әйнектен әдемі етіп салынған маңдайшаның авторы да сол Асқар. Әдемі болғаннан кейін шығар, қазір аудандық әкімдіктердің бәрі де өз ғимараттарына осы үлгімен әйнектен маңдайша салдырып жатқаны.
«Ол жігіт қазір не істеп жүр?» деді сол кезде әкім.
«Бос дедім ғой».
«Қалайша бос?»
«Сіз қызық екенсіз, өмір бойы бір салада істеген адам елуден асқан шағында далада қалса бос болмағанда не етуші еді? Ол енді барып ең болмаса базарда арба да айдай алмайды ғой!»
Осы кезде отырған басқарма басшыларының біреуі «оның өзінің айыбы бар болатын» үн қатып қалды. «Міне, бұл дұрыс әңгіме!» дедім мен. «Оның өзінің айыбы болса тексеру керек те әділ шешім қабылдау керек. Мен ол жігітке қалай да қызмет тауып беруіңіз керек деп отырған жоқпын ғой. Ол менің ешкімім де емес. Өзім Асқармен танысып, араласа бастағаныма жыл толған жоқ. Тек мен бұндай біліктілігі жоғары дәрежедегі, небір марапатқа ие болған, облыстың бас архитекторы, ГАСК-нің төрағасы секілді қызметтерді абыроймен
атқарған, Түркістанды түлетуге атсалысқан тәжірибелі басшының бос жүруі әділеттілік тұрғысынан қылмысқа тең нәрсе дегім келеді. Ол жігіттің қызметке жолатуға болмайтын айыбы табылса сөз жоқ, басқа жағдайда ондай мамандарды іздеп тауып алып, олардың деңгейіне лайық лауазым беру – сіз секілді аймақ басшысының алдындағы ең бірінші міндеті емес пе? «Таланттары мен мамандарын бағаламаған ұлттың болашағы бұлдыр» деген неміс мақалы бар. Асқар Мамырбаев таланты сәулетші ғана емес, әбден толысқан білгір маман да ғой». Мен осыны айтып болып, Асқардың өзі 50-ге толғанда оның өмір жолы жайлы шығарылған буклетті облыс әкімінің алдына қойдым. Әкім «хабарласамыз, бір шешім қабылдап, сізді хабардар етеміз» деп қалды.
Хабардар еткені сол, облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев мырзаның қолы қойылған, қазақша айтқанда «шығарып-салма», орысша айтқанда «отписка» жауап келді. Олай дейтін себебім, әлгі хатта «Біз А.Мамырбаевпен шақырып сөйлестік, оған басшылық резервке тұруына құқығы бар екендігі түсіндірілді» деп жазылыпты. Оу, ондай құқығы бар екенін кез келген сауатты адам біледі ғой. Және ең бастысы – мәселе бір адамда емес қой. Мәселе, тағы да қайталап айтамыз - әділеттілікте! Егер оның қызметсіз жүргені әділетті болса, сәулет жағын басқарып жүрген жігіттердің бәрі оны он орап алатындар болса, онда ешкімнің дауы жоқ. Ал, Асқар секілді рушылдықтың салдарынан өз орнын ала алмай жүрген қазақ азаматы облыста ондап, жүздеп саналады. Облыс әкімінің өзі қабылдаған сұрақтың, оның ішінде дәл рушылдық секілді бітеу жараға айналған сұрақтың қалай шешілгендігін қадағаламауы - оның бұл мәселеге тиісті деңгейде мән бермейтіндігінің көрінісі. Мән берсе сол қабылдаудан кейін сәулет төңірегіндегі әңгімеге нүкте қою үшін байқау-конкурс арқылы нағыз архитекторларды сұрыптап алуына болар еді ғой?
Демек, бізде бәрі бұрынғыша – сөз жүзінде басқа, іс жүзінде мүлдем басқа. Ал, екіжүзділік бар жерде ердің де, елдің де ісі оңғанын ешкім көрген емес. Ең ақыры кешегі кеңес өкіметінің құлауының басты себебінің бірі де сол коммунистердің екіжүзділігі болатын!
Жаңабек ӘБІШЕВ