Астанадағы 5 қыздың қазасынан ақша тапқысы келетін алаяқтар пайда болды
2019 ж. 06 ақпан
4173
2
Астанада болған трагедия бүкіл елді есеңгіретіп тастады. Көптеген қазақстандық бірден бес баласынан айырылып қалған отбасыға көмектесуге асықты. Астана полициясы өрттен зардап шеккен отбасыға қаражат жинау кезінде алаяқтық жасалуы мүмкін екенін ескертті, - деп хабарлайды sputniknews.kz.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ақша аударуға болатын банк карталарының реквизиттері көрсетілген ақпарат тарағаны хабарланды.
"Қырағылық танытуды сұраймыз! Еш уақытта белгісіз адамдарға ақша жібермеңіз. Алаяқтардың құрбаны болмау үшін көмек қолын созғысы келетіндердің барлығын қаржыны ресми есепшотқа жіберуге шақырамыз", - деп хабарлады полиция департаменті.
Ведомстводағылар қазір қаза тапқан қыздардың анасы – Ситер Жанымгүл Амангелдіқызының атына ашылған бір ғана шот бар екенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, бір отбасындағы бес баланың өмірін жалмаған өрт Астанада Көктал-1 ауданында болды. Кеше апалы-сіңлілі қыздар жер қойнына тапсырылды, жаназаға мыңдаған астаналық келді.