«Ертарғын» мен «Қобыланды» қытайша сөйледі
2010 ж. 25 ақпан
1185
0
Соңғы жылдары Қытайдағы қандастарымыз қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерін қытайша сөйлетуде біршама өнімді жұмыс атқарып келеді.
Қабай атты сібе ұлтынан шыққан аудармашы арқылы «Абайдың» қытайша сөйлегеніне де көп болған еді. Енді, міне, «Ер-Тарғын» бастаған бір топ батырлық жырларымыз бен Әсет, Біржан сияқты айтыс пірлері қытайша сөйледі. Өткен жылдың соңында Үрімжі қаласындағы Шынжаң халық баспасы жағынан қытай тілінде жарық көрген «Қазақ дастандары» мен «Қазақ айтыстары» сол бастаманы көтерген алғашқы томдар екен. Аталған еңбекті қазақ әдебиеті мен қытай әдебиеті арасына алтын көпір болып жүрген көрнекті аудармашы Қайша Тәбаракқызы тәржімалаған. Кітапты құрастыру, басу ісіндегі редакциялық топ жетекшілерінің бірі, жазушы Шәміс Құмарұлы бұл еңбектің жалғасы жарық көретіндігі мен әрқайсысының 16 томнан тұратынын айтады.
«Қазақ дастандарының» 1-томына «Қамбар», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қыз-Жібек» дастандары кірсе, «Қазақ айтыстарының» 1-томына Біржан мен Сара, Әсет пен Ырысжан бастаған бір топ ақынның айтысы кірген.
Ж. Шәкен