Қазақстанда жаңа салық енгізілді: Оны кім төлейді?
2019 ж. 28 қаңтар
2996
2
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізілді. 25 қаңтардағы мәлімет бойынша оны 1495 жеке тұлға төлеп, бюджетті 3,8 миллион теңгеге толықтырған. Бұл туралы Қазақстан мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кету керек, БЖТ-ны жеке кәсіпкер ретінде тіркелместен, кәсіпкерлікпен айналысып отырған жеке тұлғалар төлеуі тиіс. Оларға жалдамалы жұмысшылардың еңбегін пайдаланбайтын, салық агенттері болып табылмайтын тұлғаларға ғана қызмет көрсететін немесе жеке қосалқы шаруашылық өнімдерін сататын адамдар кіреді.
Бірақ, мысалы, егер жеке тұлға жеке кәсіпкерлерге қызмет көрсетсе, БЖТ төленбейді.
Бұған қоса, мына тұлғалардың БЖТ төлеуге құқығы жоқ:
- коммерциялық жылжымайтын мүлік нысандары және сауда нысандары аумағында жұмыс істейтін адамдар. Бұл сондай-ақ үй-жайды жалдап отырған, оған иелік ететін немесе сенімгерлік басқару құқығына ие тұлғаларға да қатысты;
- тұрғын үйді қоспағанда, мүлікті жалға беретін тұлғалар БЖТ төлей алмайды;
- жеке машықпен айналысатын адамдар (репетиторлар, бала күтушілер, ауруды күтушілер, тамада және тағы басқа);
- оралмандарды қоспағанда, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
- жеке кәсіпкерлер.
БЖТ төлейтін тұлғаның табысы күнтізбелік жыл ішінде 1175 еселенген АЕК көлемінен (осы жылы 2,96 миллион теңге немесе 7 850 АҚШ доллары) аспауы тиіс.
Жеке тұлға БЖТ-ны алдағы бірнеше айға төлей алады, ең бастысы ол қай ай үшін төленетінін көрсету керек. БЖТ төлейтін кезде салық есептілігі талап етілмейді.
"Бірыңғай жиынтық төлемге жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдердің сомасы кіреді", — деді мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
БЖТ қанша теңге:
- 1 АЕК — республикалық және облыстық маңызы бар қалалар, астана үшін (шамамен 6,6 АҚШ доллары);
- 0,5 АЕК – қалған елді мекендер үшін (шамамен 3,3 доллар).