Мерейлі кештің думаны Есмұхан Обаевтың 70 жылдығына арналды

об

          М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында көрнекті өнер қайраткері, осы театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі, режиссер, Қазақстанның халық артисі, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, профессор Есмұхан Несіпбайұлы Обаевтың 70 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеші өтті. Кеш алдында көрермен қауым Есмұхан Обаев туралы кітаптың тұсаукесеріне қатысып, режиссер шығармашылығына арналған көрмені тамашалады. Кештің негізгі ұйымдас­тырушылары Еса­ғаның әріптестері мен шәкірттері екен. Олар мерейтойлық бенефисті, негізінен, әдемі әзіл мен астарлы қағытпаға құрыпты. Театр тарландары мен дарынды жастар әннен шашу шашып, биден өрнек тоқыды. «Көрерменнің көңілінен шығу – театрдың басты парызы» деп жарғақ құ­лағы жастыққа тимей, қазақ театрының пұшпағын күн-түн демей илеп жүрген Есмұхан Обаев бұған дейін режиссер ретінде актерлерін «шаршатса», бүгін артистер режиссерді ортаға алып, әбден «шаршатты». Есмұхан ағаның есі шыққан шығар деп ойлағанбыз... Қайдағы-ы-ы?!. «Жетпіс деген, не, тәйірі?!» деп, тарсылдатып рок-н-ролл билеп, твисттің түбін түсірді. Және де қақ ортада, сахнаның нақ төрінде! Айтқандай, кез-келген атақты адамның ауыз толтырып айтар мерейтой кештері салтанатты бөлімнен басталып, ол бөлімде сонаааау жоғары жақтан келген үлкеееен кісілердің ұзынсонар сөз сөйлеп, ұзақ-ұзақ тілектер жаудыруы – сценарийде жазылған заңдылық қой. Сол заңдылық бұл жолы да қалыптасқан дәстүрге сай жалғасты. Конферансье Ерлан Біләлов Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедті құр­меттеп шақырып, сөз берді. Алғаш болып сөз алған министр мырза Қазақстан республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын жеткізді. Өзінің Есмұхан Обаевты қашаннан бері білетінін есіне алды. Мақаншыда тұратын 15 жасар қара бала Семей облыстық театрының қойылымына «тірі режиссер қандай болады екен, көрейінші» деп арнайы барыпты. Сонда алдынан шыққан «дәу сарымен» «ассалаумағалейкүм!» деп амандасып, «тірі режиссер осындай болады екен ғой деп аузы ашылып, көзі жұмылыпты...» Содан кейін-ақ «құттықтасам, ат мінгізіп, жібек шапан жапсам» деп тұрғандар кезегімен Сенат, Мәжіліс төрағаларының құттықтауларын жеткізіп, ыстық сәлемдерін жолдады. Одан соң президент әкімшілігінен бастап, құзырлы органдардың бәрі де ыстық лебіздерін жеткізіп, сый-сыяпаттарын ұсынды. Астана мен Алматы әкімдерінің сәлемдемесін – бір-бір темір тұлпарды жетектеп, орынбасарлары жетіпті. Әкімдерден қаламыз ба деп, туған елден артынып-тартынып келген ағайын-туған да, жер-жерден жеткен жамағайын да Есағаңды қалай жақсы көріп, қалай құрметтейтінін білдіріп жатты. Тіпті, Есағаңның кейіпкерлері де бұл тойдан бірі қалмай, тайлы-таяғымен жетіпті. Абай, Қарабайлар бастап, Оразбай, Жиреншелер қостап, сары ояз дейсіз бе, губернатор дей­сіз бе, полковник дейсіз бе, Добчинский-Бобчинский дейсіз бе... құдай-ау, тізіп тауысу мүмкін емес! Қыз-қырқындар қаншама десеңізші! Бәрінің біздің Есағаңнан дәмесі зор! Ояздың әйелі Лизадан бастап, сыған қызы Изольда, қазақтың еркетотайлары – Айман-Шолпанға дейін, Есағаның біресе оң жағына, біресе сол жағына шығып, биге шақырып, ән арнап, бәйек боп жүр. Томпыш пен Теңге жеңгейлерде қалысар емес... Қысқасы, бұл той нағыз «көрген де арманда, көрмеген де арманда» деуге лайық той болды. Министрдің әңгімесінің өзі әдемі әзілден басталғандықтан болар, әлде шығармашылық кештің өн бойы түгел әзіл-қалжың, ойын-күлкіден құрал­ғандықтан ба екен, біздің де мақаламыз да жеңіл әзілге айналып бара жатқан сияқты... Ал қалжыңсыз айтар болсақ... Есмұхан Обаев 1942 жылы Алматы облысы, Кеген ауылында дүниеге келген. Орта мектепті ойдағыдай оқып бітірген жас өрен Құрманғазы атындағы Қазақ консерваториясының театр факультеті режиссерлік бөліміне қабылданып, оны табысты тәмамдаған. Оның шығармашылық жолы 1964 жылы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қоюшы-режиссер қыз­метінен басталды. Е.Обаев қарашаңырақтағы алғашқы қадамдарын З.Ақышевтың «Жаяу Мұса», Т.Ахтановтың «Боран», Б.Майлиннің «Көзілдірік» пьесаларымен бастаған еді. 1968-1970 жылдарда жас режиссер Мәскеудің М.Горький атындағы академиялық драма театрында стажировкадан өтеді. 1970 жылы Алматының Жастар мен балалар театрына қоюшы-режиссер қызметіне тағайындалып, Б.Майлинның «Шұға», С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат», «Қашқар қызы», «Ботагөз», М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн», Ә.Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», Қ.Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек» сынды сүйекті шығармаларды да сахналайды. Қырғыздың Ош облыстық драма театрында М.Әуезовтың «Қарагөз», М.Ғапаровтың «Тұзды шөл», Ыстықкөл облыстық драма театрында М.Әуезовтың «Абай» пьесаларын сахналап, бауырлас қырғыз театрында зор шығармашылық табыстарға жетті. Талантты режиссердің күр­делі де қызықты твор­честволық жолы 1971-1991 жылдар ара­лығында ұлттық драматургиямыз бен театрымыздың ту тіккен жері – қасиетті Семей топырағында, Абай атындағы Облыстық музыкалық драма театрында көркемдік жетекшілік қызметімен бедерленді. У.Шекспирдің «Асауға тұсау», Н.Гогольдің «Үйлену», «Ревизор», М.Горькийдің «Шыңырау түбінде», Ж.Файзидің «Баш­мағым», Ф.Эрве нің «Мадемуазель Нитуш», М.Әуезовтің «Абай», «Қарагөз», «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Ақан сері-Ақтоқты», Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесаларын, сонымен қатар, сол кездері қазақ драматургиясына жаңадан қосылған жас қаламгерлер О.Бөкеевтің «Құлыным менің», «Зымырайды поездар», Д.Исабековтің «Әпке», «Перизат», Т.Нұрмағамбетовтің «Ескі үймен қоштасу», Н.Ораза­линнің «Тас киіктер», Р.Сейсенбаевтың «Өзіңді ізде», «Қазбектің оралуы», «Түнгі диалог», Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер», «Қош бол, ертегім!» пьесаларының тұңғыш қойылымдарын сәтті жүзеге асырып, рухани айналымға түсірді. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде Семей өнерпаздарының даңқы өрлеп, көркемдік табыстарының нәтижесі республика көлеміне мәшһүр болды. 1975 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері», 1988 жылы «Қазақстанның халық артисі» құрметті атақтарына ие болды. 1990 жылдар тәжірибелі сахнагер еңбек жолының өнердегі ұйымдастырушылық жұмыстарымен сәйкес келді. Ол қоғамдық, мемлекеттік қызметтерге белсене араласты. Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтының ректоры (қазіргі Ұлттық өнер академиясы), Мәдениет министрлігінің және Мәдениет комитеті төра­ғасының орынбасары қыз­меттерін абыроймен атқаруы оның басшылық қырларының жарқырай көрінуіне үлкен жол ашты. Профессор Е.Обаевтан дәріс алған шәкірттердің көбі республика театрларының сәні десе де болғандай. Республикамыздағы орыс, қазақ театрларының көбінде көркемдік құндылығы жоғары дерлік айшықты спектакльдер қойды. 2001 жылдан бері Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының директоры және көркемдік жетекшісі қызметін жемісті атқарып келеді. Осы сахнада ол қойған классикалық драматургияның інжу-маржаны – Н.Гогольдің «Пара» («Ревизор») комедиясы, М.Әуезовтың «Айман-Шолпаны», заманауи драматургиядан Т.Нұрма­ғанбетовтың «Ескі үймен қоштасуы», Ы.Сапарбайдың «Сы­ған серенадасы», Ә.Әм­зе­ұлы­­ның «Қара кемпір», Б.Жә­киевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай», Н.Келімбетовтың «Үміт үз­гім келмейді» спектакльдері дәл қазір зор табыспен жүріп жатыр. Айгүл КЕРІМ