Денис Теннің анасы соттың шешіміне шағымданбақшы

Оксана Тен ұлы Денис Теннің өлімі бойынша шыққан сот үкіміне шағымданбақшы. Бұл мәліметті Тengrinews.kz тілшісіне адвокат Нұрлан Үстеміров растады.

Еске салайық, осы іс бойынша Арман Құдайбергенов пен Нұрлан Қиясов 18 жылға, ал үшінші фигурант Жанар Толыбаева 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сот қылмыстық іс материалдарын зерттеп, үш сотталушының кінәсі бар деген шешімге келген еді. Нұрлан Үстеміровтің айтуынша, апелляциялық шағымда екі жағдай қарастырылады.

"Бүгін Оксана Алексеевнамен кездесіп, апелляцияны талқылауымыз керек. Ол апелляциялық шағым беруге келісті. Енді бізге қазір соттың шешімін алу керек. Осыған дейін біз екі өтініш қалдырған болатынбыз. Біріншісі - Толыбаева осы істе қылмыстық топтың барлық әрекетіне басшылық етті, сондықтан оны да 99-бап бойынша ("Адам өлтiру") айыпты деп тану керек. Екіншісі - осы істегі басқа да бұзақыларды, осы қылмысқа көмек көрсетіп, барлығын ұйымдастырғандарға қатысты деректерді бөлек өндіріске алу қажет", - деді адвокат.