Астаналық шенеуніктердің жалақысы 330 мың теңгеге өсті

Ұлттық бюроның елордалық департаменті қызметкерлерінің жалақысы 330 мың теңгеге өсті. Бұл туралы арнайы пресс-тур барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана қаласы бойынша департамент басшысы Жазира Жылқышиева мәлім етті, - деп хабарлайды baq.kz.

Алдымен Жазира Жылқышиева өткен жылы Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік органдар мен азаматтардың арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, бюджетті үнемдеу қажет деп тапсырма бергенін атап өтті.

Оның айтуынша, өткен жылы агенттік аталған тапсырмаларды орындау мақсатында мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын жаңа жүйе бойынша есептей бастаған. Нәтижесінде штаттағы қызметтердің саны оңтайландырылып, жақсы жұмыс істейтін қызметкерлер қызметте қалған. Ал қысқартылғандардың есебінен басқа қызметкерлердің жалақысы артқан.

«Дәл осы принципті сақтай отырып, агенттік Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Өзгерісті өзіңнен баста» деген бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Осыған байланысты біз осы жылдың 1 қаңтарынан бастап, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 16-қабатына көштік. Қызметкерлер санын 30%-ке дейін қысқарту есебінен аталған мекемедегі толық бір қабат босады. Сол қабатқа біз көшіп келдік. Осы күнге дейін біз Есіл ауданы әкімдігіне (орынды жалға алған үшін – автор) жылына 14 млн теңге төлеп келдік. Ал енді орынды жалға алған үшін жылына 3,5 млн теңге ғана төлейміз», - деді ол.

Сонымен қатар Жазира Жылқышиева ұлттық бюроның Астана қаласы бойынша департаменті енді Open space технологиясы бойынша жұмыс істейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл қызметкерлер арасындағы байланысты нығайтып, ашық жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Осы орайда ол департамент қызметкерлерінің жалақысы өскенін хабарлады.

«Енді департамент басшысының орынбасарлары мен қызметкерлері бір кабинетте жұмыс істейді. Бұл – жаңа форматтағы жұмыс моделі. Осыған дейін бізде 47 қызметкер болса, қазіргі таңда 32 қызметкер бар. Үнемделген қаржы есебінен олардың жалақысын 50%-ке дейін көтеруге мүмкіндік туды. Мысалы, қатардағы бас маманның жалақысы осыған дейін 220 мың болса, жаңағы 50% 110 мың теңгені құраса, жалақы 330 мыңға дейін көтерілді», - деді Жазира Жылқышиева журналистерге.

Сондай-ақ агенттіктің Астана қаласы бойынша департамент басшысы жақсы жұмыс істеген қызметкерлер жалақыдан бөлек 50%-ке дейін үстемеақы алатынын жеткізді.

«Қаражатты оңтайландыру есебінен өте тиімді жұмыс істеген қызметкерлердің өзі 50%-ке дейін үстемеақы алуға мүмкіндік туды. Сондықтан бізде мемлекеттік қызметте жақсы жұмыс істейтін қызметкерлер қалып жатыр десек болады», - деп түйіндеді сөзін ол.

Сөз соңында Жазира Жылқышиева департамент қызметкерлері тек таңғы 9-дан кешкі 18.30-ға дейін жұмыс істейтінін атап өтті.