Ауылдың еңсесін бірге көтерейік!

0
1248

– Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2014 жылға қарай 2 есе, ал 2020 жылға қарай 4 есе өседі, – деген болатын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына жолдауында. – Аграрлық секторда етті мал ша-руашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылады. 2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді, мұның құны 4 млн тонна бидай экспортына тең. Мемлекет бұл мақсатқа 130 млрд теңгелік несие ресурстарын бөледі. Бұл ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, 100 мыңнан астам ауыл тұрғындарының кіріс көзіне айналады. Мұның өзі малдың барлық түрінің асыл түліктері мен тұқымдарының бас санын көбейтуге мүмкіндік береді. Бұлардың барлығы сабақтас салаларда – ауылшаруашылық ма­шина жасауда, химия және тамақ өнеркәсібінде, жем­шөп өндірісінде, техника жөндеуде өндірісті ұлғайтуға қозғау салады. Үкімет, барлық өңірлердің әкімдері селодағы индустрияландырудың осы-нау маңызды бөлігімен айналысуға тиіс».
Қазақстан қазіргі кезде жедел дамып келе жатқан мемлекет ретінде ауылшаруашылығын қолдауға ерекше көңіл бөлуде. Мемлекеттің қаржылай қолдауының арқасында бүгінгі ауылдарға жаңа технологиялар мен қазіргі заманғы техника барып жатыр. Мәселен, соңғы онжылдықта Агроөнеркәсіптік кешенге (АӨК) көрсетілген мемлекеттік қолдаудың көлемі 19,1 есеге ұлғайып, 2010 жылы ол 235,5 млрд теңгені құрады. Бұл қаржының 20 пайызы немесе 44,4 млрд теңгесі – қарапайым шаруаларға берілген субсидиялар. Ал биылғы жылы АӨК-ді қолдауға 223,4 млрд теңге бөлінген, соның ішінде 33,9 млрд – демеу қаржы. Айтпақшы, халықаралық сарапшылардың бағалауынша, өткен жылы Қа­зақстан «Ауылшаруашылығына жұмсаған шығындары» деген көрсеткіш бойынша әлемдік рейтингтен 62-ші орынды иеленді. Сөйтіп, бұл бағыттағы өзінің орнын 31 тармаққа алға жылжытты. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамып, 13 пайызға өсті. АӨК экспортының көлемі 16,2 пайызға өсіп, импорттың көлемі 3,5 пайызға қысқарды.
Ауылшаруашылығының қай саласын алсақ та, тұрақты даму қарқыны сақталуда. Мәселен, малшаруашылығы. Бұл салада орташа алғанда барлық мал басының саны 2-3 пайызға артты. Мал көбейген соң, малшаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемі де айтарлықтай ұлғайды. Атап айтсақ, ет өндірісі – 1 млн 646 мың тоннаны, сүт өндірісі – 5 млн 341 мың тоннаны құрады. Аграрлық несиелік корпорация хабарлағандай, Ақмола облысының Ақкөл ауданындағы Азат ауылының «SC Food» ЖШС-іне Ангус тұқымына жататын 407 бас аналық әкелінді. Бұл жоғары өнімді мал шаруашылығы репродукторлары жүйесін құруға бағытталған инвестициялық жобаның шеңберінде Австралиядан әкелінген етті тұқымды мүйізді ірі қараның алғашқы партиясы. 7-8 айлық аналықтардың салмағы қазірдің өзінде 220-250 келі тартады. Жалпы құны 3 млрд теңгеге жуықтайтын жобаны жүзеге асыруға «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ-ы 12 жыл мерзімге 2 млрд 200 млн-нан астам қарыз ақша бөліп отыр. «SC Food» ЖШС-і ағымдағы жылдың қараша айында АҚШ-тан тағы 570 аналық пен 50 өгіз әкеледі. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың айтуынша, биыл Қазақстан шетелден 10 мың бас ірі қара мал сатып алады. Алайда, бұл тек тұқым үшін сатып алынатын мал.
Сондай-ақ, еліміздегі құсшаруашылығы да жедел қарқынмен дамып келеді. Ресми мәлімет бойынша, 2011 жылдың 1-ші қаңтарында 2010 жылдың 1-ші қаңтарымен салыстырғанда құстың саны 1,1 пайызға көбейіп, 33036,3 мың басты құраған. Осы көрсеткіштің есебінен бізге импорттан келетін тауықтардың үлесі айтарлықтай азайды. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 2010 жылы 673,3 млрд теңгенің азық-түлік өнімдері өндірілген. Бұл көрсеткіш 2009 жылмен салыстырғанда 13 пайызға өскен.
Қазіргі кезде елімізде АӨК-ді дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы іске асырылуда. Бұл бағдарламада Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше басымдық берілген. Өйткені, қазіргі таңда азық-түлік тапшылығы мәселесі көптеген дамыған елдерді де қатты алаңдатуда. Демек, жаңа заманның қауіп-қатерлерінен қорғануымыз үшін, ең алдымен еліміздің азық-түлік қоры мол болуы керек.
Биылғы Қазақстан халқына жолдауында мемлекет басшысы АӨК-ді дамытудың үш негізгі міндетін айқындап берген болатын. «Ахуалды өзгертіп, тұтынуға емес, еңбекпен қамту жағына басымдық беру керек. Сондықтан Үкіметке қаржы реттеушілермен бірігіп, шұғыл түрде тиісті заң жобасы мен кешенді шаралар жасауды тапсырамын. Ағымдағы жылы бұл мақсатқа қосымша 3 миллиард теңге қарастырылсын. 2012-2015 жылдары бұл қаржыландыру көлемі жыл сайын 10-15 млрд теңгеге көбейтілсін. Мемлекеттік желі бойынша берілген микронесиелердің барлық 100 пайызы тек өз ісін ұйымдастыруға ғана жұмсалуы тиіс. Жоғарыда айтылған малшаруашылығын дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру ондаған мың ауыл тұрғындарына жұмыс тауып береді. Басты мәселе – масылдықты еңсеру. Жұмыссызға жұмыссыз болғаны үшін емес, мамандық алу үшін грант берілетін болады. Кедейлік мәселесін мемлекеттік жәрдемақы есебінен жұмсарту емес, шешу керек. Мемлекет тек объективті тұрғыдан еңбекке қабілетсіздер мен әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға ғана көмектесетін болады», – деген елбасының арман-мақсаты – жалпы халыққа ортақ мұрат.

 

Егін орағы мәреге жақын 

Биыл диқандардың 25 млн тоннаға жуық астық жинап, соңғы 20 жылдағы рекордтық көрсеткішке жетуге мүмкіндігі зор. Облыстар әкімдіктерінің мәліметтері бойынша, бүгінге дейін жиналған астық көлемі 20,0 млн. тоннадан асып кеткен. Өткен жылы қатты қуаңшылық болғандықтан еліміздің диқандары 15,1 млн. га егістік аумағынан шығымдылығы 8 ц/г-дан бар-жоғы 12,2 млн-ға жуық тонна таза салмақта астық жинады. Соның 6 млн. тоннасы экспортқа шығарылды. Ал мамандардың айтуынша, биылғы болжам – дәл болжам. Ендігі бас қатыратын нәрсе – бітік шыққан мол өнімді ысырапсыз жинап, қамбаларға құйып алу.
– Қыркүйектің соңғы онкүндігінде жиналған мол өнім мен қазанда болады деп болжанған қолайсыз ауа-райы, бидайдың ылғалдылығының артуы, сондай-ақ көп мөлшердегі астықты қамбаларға тасымалдау қосымша көлемде дизельдік отын бөлуді талап етуде, – деді министр А. Мамытбеков Үкіметтегі отырыста.
Ал осы жиында Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбав еліміздегі жанар-жағар майдың бағасы қыркүйек айында Үкімет бекіткен шектеулі көлемде сақталғанын айтты. Құзырлы министрліктің басшысы 26 қыркүйектегі селекторлық отырыстан кейін журналистерге берген сұхбатында: «Қазақстанда жанар-жағар май тапшылығы болмайды!» деген мәлімдеме жасады. – Ресейде мұнай өнімдерінің барлық түрлерінің бағасы өсіп кетті. Осы жағдайды «Гелиос» сияқты бірнеше жанар-жағар май құятын бекеттер жеке пайдасына шешіп, бензин бағасын шектеулі деңгейден асырып жіберді. Бірақ бұған тосқауыл қойылады. Баға шегінен шыққандарды жауапқа тартамыз! Осыған орай, Үкімет 8 бірдей қаулы қабылдады. Енді сол қаулыларды заңға сәйкестендіруімізге біраз уақыт керек, – деді ол.
Диқандар қауымы биылғы астықтың түсімі былтырғыдан екі есеге дерлік мол болатынына қуанып-ақ жатыр. Бірақ, сол мол астықты сақтайтын қойма-қамбаларымыз іске дайын ба?
– Елімізде жалпы сыйымдылығы 13,6 млн. тоннаны құрайтын 217 лицензиясы бар астық сақтайтын қоймалар (АСҚ – Т.Т.) бар. Онымен қоса, ауыл шаруашылығы құрылымдарының 8,9 млн. тонна бидай сақтайтын алаңдары бар, – деді Үкіметтегі жиында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков. – Астық сақтайтын қамбалардың жалпы көлемі 22,5 млн. тоннаны құрайды. Бұл биылғы жылдың бидайын толық сақтауға жетеді. Ол аз десек, АШТӨ-дің 2,5 млн. тонна бидай сыятын асфальт төселген алаңқайлары тағы бар. Бұл – бидайдың негізгі көлемі арнайы астық қоймаларында сақталады деген сөз.
Министрдің айтуынша, «ойбай, осыншама тонна бидай қардың астында қалады» деп байбалам салудың қажеті жоқ. «Әрине, барлық диқандар бидайын бірдей деңгейде сақтайды деуге болмайды. Бұл жердегі іс адамға байланысты. Ең алдымен, әрбір уыс бидай сол диқандардың ала жаздай, күрең күздей еткен еңбегінің, төккен терінің жемісі ғой. Ендеше, оны сапалы күйінде сақтау, ыңғайлы бағаға сату – өзінің шаруасы» дейді ол.
Асылжан Мамытбековтың айтуына қарағанда, астық нарығындағы теңдестірілген сұраныс пен ұсынысты қамтамасыз ету мақсатымен биыл «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясы АШТӨ-ден әр тоннасына 25 мың теңгеден 5 млн. тонна бидай сатып алады. Мамандардың пікірінше, мұндай баға өнім өндірушілерге де, шикізатты тұтынушыларға (ұн шығаратын кәсіпорындар) да қолайлы. Себебі, бұл баға отандық АШТӨ-ге рентабельділікті сақтап, табыс тауып, өз қарыздарын дер уақытында қайтаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мемлекет ең алдымен халықаралық нарықтарға шығатын мүмкіндігі жоқ ұсақ және орта АШТӨ-дің бидайын сатып алады. 2011 жылдың 27-ші қыркүйегіне дейінг ахуал бойынша, «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясы әртүрлі бағдарламалар аясында құны 32,4 млрд. теңгені құрайтын 1,3 млн тонна астық сатып алған.
– Сатып алу талаптарын ашық өткізу үшін, облыстарда арнайы комиссиялар құрылды. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, қоғамдық және партиялық ұйымдардың өкілдері кіреді. Бұл жерде егістіктің көлеміне пропорционал етіп облыстарға квота берілген. Мысалы, ол Қостанай облысында 1 млн. 600 мың тонна, Солтүстік Қазақстан облысында – 1 млн. 450 мың тонна. Осы квотаны облыстық әкімдіктің жанынан құрылған комиссия әр тауар өндірушіге пропорционалды түрде береді. Ал «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясы осы квотаның тізіміне енген тауар өндірушілермен ғана келісім жасайды», – деді министр. Алайда, А. Мамытбеков кейбір облыстардың әкімдіктері тауар өндірушілердің тізімін бекітуді кешеуілдетіп отырғанын мәлімдеді. Сондықтан, Үкіметтегі селекторлық отырыстың хаттамасына осы мәселені шешуді тездету жөнінде тапсырма енгізілді.

Бетті дайындаған
Таңатар ТАБЫНҰЛЫ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз