ҚҰДА МА, ҚҰДАЙ МА? Құлыбаевтың құдіретін көргенде Әлиевке жылап көріседі екенсің...

d0b0d0bad183d0bbd0b8d0b1d0b0d0b5d0b2         

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы күйеу баласы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры төрағасының орынбасары Тимур Құлыбаев туралы Мұхтар Әблязовтың «жүздеген миллион доллар жымқырды» деген айыптауларын көшіріп басқан газеттердің бәрі осы айдың басында өте қиын жағдайда қалды. Біздің әлемдегі «самый гуманный, самый справедливый» сот тағы да таңғалдырып, Тимур Құлыбаевтың аты аталатын БАҚ-тың бәрін тұтқындауға шешім шығарды. Бұл туралы «Жас қазақ үні» газеті де жазды ( «Құлыбаевты мақтайын деп едім, сот рұқсат бере ме?.. Біздің соттың бет-бейнесін анықтап бергені үшін ...» №6 10.02.2010 ж)

        Заманның заңғар қайраткері Заманбекті өзін-өзі үш рет атқызған соттан бәрін де күтуге болады. Бізді таңғалдырғаны біздің сот емес... Сотты жолда қалдырған, үкімді өзі-ақ шығарып, «ұлы туралы жазғандардың бәрін қабырғаға тақап қойып, шетінен атып тастау

керек» деп мәлімдеген Асқар Құлыбаев! Иә, кәдімгі президенттің ортаншы құдасы, кезінде талай лауазымды қызметтер атқарып, зиялы аталып жүрген Асқар Құлыбаев мырза!..

          Құдасын құдайындай сыйлайтын қазақпыз, бірақ құдаға құдайдың құдіреті берілгенін естіген емес едік... Мейлі, ол кімнің құдасы болса да! Құдай берген өмірді, Құдай алады, құда алмайды... Тіпті бұндай сөзді осы уақытқа дейін Құлыбаевтың құдіретті құдасы да ешқашан айтқан емес. Егер жазатайым ел билігіне құлыбаевтар келе қалса, құрығанымыз сол бола ма деп ойлауға да тура келеді екен...

           Әрине, әркім өз баласын қызғыштай қорғайтыны белгілі. Ол үшін айыптауға да болмас, бәлкім. Бірақ әділдік деген таразы бар емес пе? Президенттің үлкен құдасы Мұхтар Әлиев ұлы Рахат тұғырынан түспей тұрғанда да, небір айыптаулар айтылып жатқанда жұмған аузын ашпай-ақ кетті ғой. Құдасы ел билігіне келмей-ақ Денсаулық министрі болып, академик атанған, жалпы жиырма мың адамның жүрегіне ота жасап, өмірін сақтап қалғандықтан да, Әлем азаматы Әлиевтің аузынан «Ату керек, асу керек» деген сөз шықпауы заңдылық та шығар. Кейін бастан бақ тайғанда, шаш ал десе бас алатындар ұлына қосып, әкесін де айыптап жатқанда, біздің «Жас қазақ үні» газеті Оңтүстіктен келген 33 еңбек ардагерінің (оның ішінде 9 Социалистік Еңбек Ері, бір Халық ақыны бар), Елбасыдан араша сұраған ашық хатын басты. Сонда облыстың бүкіл шенеуніктері бар шаруасын жиып қойып, идеологиялық «үгіт-насихаттау» жұмысына кірісіп кетті. Әлгі Еңбек Ерлерінің «жаздым, жаңылдым, біз білмей қол қойыппыз» деген хатын облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне бір аптаның ішінде жариялап үлгерді...

           Әрине, «Жас қазақ үнінде » бұған жауап ретінде түркістандық Елтай Бимағамбетовтың «Ердің екі сөйлегені - өлгені» -деген хаты да жарық көрді... Біраз жұрт «дұрыс екен» десе, көбісі құлап жатқан құланның құлағында ойнады... Бұны айтып отырған себебіміз, енді Асқар Құлыбаевтың астамшылығына біздің зиялылар неге үндемей қалды екен? Сол кезде қайта-қайта баспасөзде белсенділігін көрсетіп баққан Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев бастаған академиктер неге енді ауыз ашпай отыр?.. Әлде олар тағы да «бұйрық болар күнді» күтіп жүр ме екен?.. Ұлт мүддесі үшін аштық жариялағандарға «аштан өліп қаласыңдар» деп, «қатты жанашырлық» жасап жүрген Әзілхан Нұршайықов, Мырзатай Жолдасбеков секілді ақсақалдар не дейді екен? Аштан өліп қалмақ түгілі, бостан өліп қалатындар қабырғаға тұрғызылып жатқанда олар неге үнсіз?

          Иә, перзенті үшін ата-ананың мазасы кететіні анық... Олардың ақ-қарасы қандай екеніне де, ел алдындағы рөліне де қарамастан ... Бірақ, «елдің бәрі де өзімдей-ау» деп бір сәт ойлап та қою керек шығар... Кеше ғана 11 ақпандақандықол қарақшылар қасындағы екі серігімен қоса атып, далаға тастап кеткеніне 4 жыл болған көрнекті саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының әкесі, тоқсанға тақағанда бұл дүниеден қайғы-шер арқалап кеткен Сәрсенбай ақсақалдың жүрегі қандай жаншылғанын бір сәтке ойлап көрді ме екен, құдіретті құда Құлыбаев?.. Немесе қанша жылдан бері шетелде жүрген өзінің саясаткер ұлы Әкежанды қойып, Дариға Нұрсұлтанқызына жаны ашып отыратын, сол ұлынан топырақ та бұйырмай о дүниеге кете барған Қажыгелдиннің әкесі Мағжан ақсақалдың жағдайы қалай болды екен...

               Мұхиттың ар жағында жатқан Мұхтар Әблязов алғашқы соққымен-ақ алғашқы нәтижеге жете бастады деуге болады. Ол осы уақытқа дейін жұмбақ болып келген, сырт көзге сырбаз көрінетін ортаншы күйеудің шынайы бет-бейнесінің айқындалып шыға келуі. Бұл өзін бірден-бір мұрагер санайтын саясаткер үшін үлкен кемшілік. Оның үстіне Құлыбаевтар сарабдал саясаткерге жат дөрекі әрекеттерімен елдің бүкіл тәуелсіз баспасөзін (тіпті оның ішінде Әблязовке қарсы «Свобода слова» секілді газеттер де бар) БТА банктің экс төрағасымен бір лагерьге топтастырып берді. Соның нәтижесінде қазір бүкіл қоғамдық пікір Құлыбаевтарға қарсы болуда. Бұл да Әблязовтың пайдасына шешілуде. Ерінбегендер тіпті еңбек өтілі 21 жыл ғана болатын миллиардер Тимур Құлыбаевтың 2,1 миллиард американдық долларын («Форбс» журналының анықтамасы бойынша ғана ) 7665 күнге (21 жыл) бөліп, оның әр күні 300 мыңға жуық доллар табатынын, ал салығын қосса (егер төлесе) сағатына 40 мың долларға жуық қаржы табатынын есептеп жатыр (Zonakz. net). Ал ортаншы күйеудің бар қызметі, яғни негізгі байлығы мұнай сату екені белгілі. Ал мұнай дегеніміз құдайдың қазынасы, (құданың емес)... Яғни бар халыққа тиесілі байлық екенін, бірақ оның табысы неге ат төбеліндей азға ғана бұйырады деп ойласақ (әзірше ойлауға хақымыз бар) аттандап, алаңға шығып кетпей, шыдап жүрген халыққа рахмет айту керек шығар...

                  ЕҚЫҰ-ға   төраға болып, заңдылық пен демократия жайлы 56 елге ақыл айтатын мемлекеттегі соттың сорақы шешімі елдің тең құқылы азаматтарын құлыбаевтар мен құлдарға бөліп тастаумен бірдей деуге болады. Әйтеуір Жоғары сот пен Бас прокуратура араласып, Алматы қаласы, Медеу аудандық соты Дана Махметова өз шешімін өзгертіп, күшін жойды... Бірақ, Мұхтар Жәкішевтерді жылға жуық сүйреп келе жатқан сот Тимур Құлыбаев арыз берген сағатта-ақ шешім шығарып, оны сол күні-ақ орындауға сот орындаушылар кірісіп кеткендіктен, бірнеше тәуелсіз басылымдар біраз зиян шегіп үлгерді... Біразы құданың құдіретімен атылып кете жаздап, аман қалды әйтеуір.

                Құданың бір мәнісі болар, Құдай сақтасын дейік...

 

Қазыбек ИСА