«Ұлтына қызмет еткісі келмейтіндердің атасына нәлет!»
2010 ж. 25 ақпан
1388
0
Жақында Алматыдағы А.Пушкин атындағы Ұлттық кітапханада Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен Ұлттық білім беру жүйесіндегі мемлекеттік тілдің дамуы жайына арналған «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Министр әдеттегідей өз сөзінде білім саласындағы атқарылып жатқан жақсы істерді атап көрсеткендей болды. Мектептің де, балабақшаның да санының артқандығын айтты. Қазір бізде 600-ге жуық балабақша бар деді ол. Басқа да қол жеткізген жетістерін атап жатты. Бірақ, министр өзінен соң бірінші етіп сөз берген Мұхтар ШАХАНОВ осы тұста-ақ ол келтіріп отырған фактілердің көпшілігі шындыққа сәйкес келмейтіндігін айтты.
«Балабақшаның саны өсіп жатыр деген пікірге мен келіспеймін» деді Мұхаң. «1991 жылдың аяғында елімізде 8881 балабақша болды. Соның 4734-і қазақ тілінде еді. Жартысы аралас еді. Сол 4734 балабақшадан 100 шақтысы ғана қалдырылды. Қалғанының барлығы билік басындағылардың ағайын-туғандарына, басқа да адамдарға 1000 теңге, 1500, 2000 теңгеге сатылып кетті. Біздің парламенттегі кезінде «балабақшаларды тиынға сатып алған адамдар кері қайтарсын» деген айқайымыздан кейін біршама балабақша мемлекет тарапына қайтарылды. Өткенде ғана балабақшалар саны 400-ге жетті деген ақпар шығып еді, енді бүгін 600 дегенді естіп отырмыз. Мейлі, 600 бола қойсын. Жыл сайын Үкімет елімізде 7-8 ғана балабақша салуға қаржы бөліп отыр. Егер осы өгізаяңмен жүретін болсақ, 1991 жылғы балабақшалар санына жету үшін бізге әлі 400 жыл уақыт керек». Мұхаңның бұл сөзіне министр ешқандай дау айта алмады...
«Кезінде Гитлер 10 000 кітапты өртеткені үшін бүкіл әлем жабылып оны ағаш атқа теріс мінгізген еді» деп жалғастырды Мұхтар Шаханов өз сөзін. «Ал, бізде 10 000 кітапхана жойылып отыр. Балабақшалармен қатар мәдени ошақтардың да сатылып кеткендігін білеміз. Оларды әртүрлі діндердің өкілдері сатып алған жайт те аз кездеспеген болатын. Алматының төңірегіндегі Евангелия шіркеуінің өкілдері 600 орындық мәдени ошақты сатып алған. Жалпы мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Тағы да айта кетерлік нәрсе - мектепте қазақ тілінде өтілетін сабаққа баға қойылмайды. Егер баға қойылатын болса, жастарымыздың бәрі тілін білуге бет бұрған болар еді. Өзге ұлттың өкілдері де қазақ тілін білуге талпынар еді. Қазір Ұлттық тестілеу орталығының бастамасымен қазақ тілін меңгеру деңгейін барлайтын «Қазтест» деген жүйе қолға алыныпты. Тек нәтиже болсын деңіз.
Ендігі мәселе « Үш тұғырлы тіл» болып тұр. Бұл енді Е.Ертісбаев министр боп тұрған кезде көрініс тапты. «Үш тұғырлы тіл» өте қауіпті бастама. Өйткені жаңа туған балаға әлі оң қол, сол қолының қайсы екенін білмей жатып бірден үш тіл үйрету олардың миын аталаға айналдыру деген сөз. Бұл ешқандай педогогиканың заңына сай келмейді. Орыстың да, шет елдердің де үлкенғалымдары мұндай ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы пікір айтқан. Жапонияда бала 12 жасқа дейін тек қана өзінің ана тілінде білім-тәрбие алады. Өзінің ана тілінің құдіретін бойына сіңіреді. 12-ден асқасын барып басқа тілді меңгеруге жол алады.
Осы мәселелерді ескере отырып, балалардың бойына өзінің ана тілін сіңіруіміз керек. Одан кейін ғана басқа тілдерді үйренсе де кеш қалмайды. Бастауыш мектепте түгел өзінің ана тілінде оқыту керек». «Ашынғаннан шығады ащы даусым депті халқымыз. Көп ішінде бір жалғыз болып шырылдап жүрген Мұхаң да ашынған сөз айтты. «Бізде талантты ғалымдар бар, жазушылар бар, ақындар бар, басқа да көптеген қызметте істейтін жақсы мен жайсаңдар бар. Солар қазіргі жойылуға бет алған тіліміздің мүддесіне жаны ашымаса, соған қол ұшын беруге талпынбаса, ұлттық үлкен мүддеге қызмет етуге кіріспесе, осы ұлы істе бойкүйездік танытса ол азамат емес! Ол қазақ емес! Ондай орысшылдардың барлығының атасына нәлет!» Мұхаң артық айтты деуге кімнің аузы барады?..
Отырыста өз ойын ортаға салған басқа да азаматтар аз болған жоқ. Мысалы, жазушы Смағұл ЕЛУБАЙ Этнология және тарих институтына жоғарыдан «Алаш» қозғалысының тарихы туралы жазбаңдар» деген нұсқау келгені жайлы естігенін айтқанда министр әлгі аталған институт өкілінен осындай бұйрық алдыңдар ма деп сұрады. Ол министр сұрап тұрғанда не десін, алса да, алмаса да «жоқ» деп жауап берді. Бірақ бұл анау айтқандай адам таңғаларлық оқиға емес. Біздің басылымның өзіне Мәдениет және ақпарат министрлігінен әлдебір жас жігіт қоңырау шалып, жас тілші қызға «Шаханов жайлы, «Алға» партиясы жайлы материалдар басушы болмаңыздар» деп «тапсырма» беріпті...Биліктің аузынан шыққан бес ауыз сөзді бес бет мақалаға айналдырып жазуға машықтанып алған сенатор Ғарифолла Есім, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы және басқа да біраз азамат шығып сөз сөйледі. Біз солардың ішінен «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы, саясаткер Дос Көшімнің сөзін берумен шектелсек деп отырмыз.
«Біріншіден,» деді Дос, «орыс әдебиетін әлем әдебиетімен ығыстыратын кез әлдеқашан жеткен. Біз осы уақытқа дейін отар ел сияқты өзге елдің әдебиетін оқып келе жатырмыз. Бұл біздің елдің дамуына қарсы. Кеңес өкіметінен тараған соң оның қарауында болған өзге мемлекеттер орыс әдебиетін мектеп бағдарламасынан баяғыда-ақ алып тастаған. Орыс әдебиеті қырғыздар мен біздің елде ғана қалды. Менің бірінші ұсынысым орыс әдебиетін алып тастап, жедел түрде әлем әдебиетін енгізуіміз керек. Екінші ұсынысым оқулықтардың ішінде ұлттық идеология, мемлекеттік идеология мүлдем жоқ деуге болады. Мен тек қана мектеп оқушыларының әлеуметтік, экономикалық географиясын қарап шықтым. Оның ішінде «Қазақстанның байырғы тұрғындары қазақтар мен өзбектер» деген сөзді оқыдым. Не деген масқара десеңізші! Мұны көрген өзбектер не ойлайды? Біздің жерімізді басып алуға «жақсы жағдай жасалды» деп ойлайтын шығар. «Қазақтар Қазақстанда өте кең таралған» деген сөзді де көрдім. Мысалы сол жерлерде «тың игеру коллективтендіру қазақ жеріне пайда берді» дегенді де кезіктірдім. Мектеп оқулықтарында осы саланы дамытқан, осы саланың негізін қалаған деп орыс ғалымдарын атап көрсетеді. Мысалы географияны дамытқан Пржевальский, Семеновтар дейді. Құдды бір қазақтың географияға қатысы жоқ сияқты. Бұл да біздің тарихи отар екеніміздің белгісі. Қоғамдық ғылымдарды былай қойғанда, математика, қазақ тілі оқулықтарының өзінде біздің ұлттық идеологияға жат көптеген мәтіндер бар. Осынның бәрі қайта қарап шығуды қажет етеді. Басты мәселе ұлттық тәрбие. Барлық ЖОО-да тәрбие жөніндегі проректорлар жұмыс істейді. Менің таңқалатын және қорқатын бір нәрсем бар. Желтоқсан құрбандарын бәріміз құрметтейміз, желтоқсан кезінде алаңға шыққандардың негізі студенттер болған. Қаза тапқандар да, сотталғандар да студенттер еді. Мен өзім жыл сайын желтоқсанның 17-і күні алаңға барғанда төрт шоқ гүлді ғана көрем. Үш жыл бойы қатарынан солай болды. Ол жерге «Желтоқсан» ұйымынан, қалалық әкімшіліктен, «Ұлт тағдырынан» міндетті түрде бір гүл қойылады. Төртіншісін халық әкеп қояды. Өткен жолы ЖенПИ-ден Шәмшә Беркімбаеваның гүл шоғын әкеп қойғанын көрдім. Сонда Алматыдағы 40-50 оқу орны, ондағы қаншама деканаттар, қаншама факультеттер бар. Солардың бәрі 17 күні келіп неге желтоқсан боздақтарына тағзым етіп, олардың әруағына құран бағыштап, бір минут үнсіз тұрып еске алмайды. Қорқа ма, әлде оған жарамай ма? Мен осыны түсінбеймін. Бұл біздің тәрбие жұмысымыздың негізі болу керек емес пе? Егер келесі жылы топталып келіп, желтоқсаншылар рухына бас имесе олардың бәрін қарғыс атсын деп айтар едім! Президенттің өзі «мен желтоқсаншылардың рухына бас иемін» деген. Тәрбие беріп, балаларды алаңға алып келіп, тағзым етуге үйретуге тиіс ұстаздардың өзі, «бармаңдар», «тараңдар», «ауылдарыңа қайтыңдар», «демалыңдар» дейді екен. «Алаңға бармаймыз» дегізіп арнайы қағазға қол қойғызып алады екен. Бұл қандай тәрбие? Бұл қандай ұлттық мемлекет? Бұл қандай желтоқсанға деген құрмет?
Доктринаға қарсы біз балама тұжырымдама шығардық. Барлық, басылымдарға «мына тұжырымдамаға қарсы мақала жазыңдар» деген бұйрық келіпті...
Мұндай жағдайлар бізде көп болып жатады. Мен мұны биліктің екіжүзділігі дер едім. Біз бала емеспіз, оны жақсы түсінеміз. Бір жағынан министр келіп, «қазаққа байланысты мынадай жағдай жасап жатырмыз» дейді. Екінші жағынан үндемей-түндемей белгілі органдар «мынаны қоймаңдар, мынаны жүргізбеңдер» деген тапсырма береді. Оның кім екенін білмейміз, бірақ билік тарапынан екені анық. Біз қашанға дейін осының бәріне шыдап отыруымыз керек? Сондықтан осы мәселелерді уақыт оздырмай шешуді қолға алатын кез жетті». Дос дұрыс айтады. Ұлтың үшін отқа түсер шақ күн санап жақындап келеді. Біз орысша өмір сүруге дағдыланып қалған, сол үшін ғана қазақ тіліне, жалпы қазақтың толыққанды ұлттық мемлекетінің құрылуына жанын сала қарсыласып бағатын түрлі маргиналдардың, мәңгүрттердің, космополиттер мен мутанттардың құрбаны болып кетуіміз бек мүмкін. Қай заманда да бейбіт күнгі майдан – ең ауыр, ең қиын майдан. Қазақтың аяулы ақын қызы Айсұлу Қадырбаева айтқандай: «Бір қадам шегінбеңіз! Біз майдан шебіндеміз!» Бұл – ешқандай да асырасілтеушілік немесе елге үрей туғызушылық емес, көзге көрінбес, сол себепті де аса қатерлі қауіптің алдын алуға шақырушылық қана.
Өмірзақ АҚЖІГІТ