Заңгер: Тегін жер сұрағандардың өтінішін қабылдауды тоқтату керек
2018 ж. 21 желтоқсан
2589
0
Жер сұрағандардың өтінішін қабылдауға уақытша мораторий жариялау керек. Осы мәселеден хабары бар заңгер Бақытжан Базарбек осындай ұсыныс айтуда. Оның пікірінше, ең алдымен жердің кезегінде тұрған 1 млн 200 мың қазақстандықтың сұранысын қанағаттандыру қажет. Жалпы, тегін жер телімін беру көптеген мемлекетте жоқ, дейді заңгер. Ал 3 жылдан бері әкімдікпен соттасып жүрген Астана іргесіндегі Жібекжолы ауылы тұрғындарының ісіне нүкте қойылыпты.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Мына жерде болып жатқан әңгіме, бұлар деген өздерінің биліктерін асыра пайдаланып жатыр. Аршалы ауданының әкімі өзінің билігін пайдаланып, бізге қарсылық көрсетіп жатыр. Біткен сотты қайтадан басынан бастады. Біз шаршадық. Бәленбай сотта болдық», – дейді Жібек жолы ауылының тұрғыны Мәди Жақсыбаев.
3 жылға жуық уақыт ішінде 20-дан аса сот отырысына қатысып, әдбен шаршаған Аршалы ауданы Жібек жолы ауылының тұрғындары үшін әділдік жеңді. Жүздеген отбасы баспана тұрғызған жерлерін заңдастыра алмай жергілікті әкімдікпен ит жығысқа түсіп келген. Бірер күн бұрын өткен соңғы сот отырысында бұл іске нүкте қойылыпты.
«Сот шешім шығарды. Соттың шешімі азаматтардың пайдасына шешілді. Жерлер азаматтардың меншігінде қалды. Бірақ фактілер қайтадан орын алмау керек», – дейді заңгер Бақытжан Базарбек.
Қазіргі таңда еліміз бойынша 1 млн 200 мың қазақстандық жер кезегінде тұр екен. Әсіресе, Астанада 120 мың, Алматыда 150 мыңға тарта тұрғын ұлтарақтай жерге зәру. Бірақ, екі мегаполистің бас жоспары бойынша баспана салуға беретін бос жер жоқ. Біраз жылдан бері жер дауының ортасында жүрген заңгер жуырда үкіметке тың ұсыныс жасамақ. Жер кодексінің кемшіліктері көп, өзгерту қажеттігін көтерем дейді.
«Сондықтан 1 млн 200 мың адамды әп-сәтте олардың мұң-мұқтажын қамтамасыз ету мүмкін емес. Өкінішке орай, Жер кодексінде уақытша арыздарды қабылдауға байланысты мораторий енгізілмеген. Егер 2007, 2006 жылы енгізгенде қазіргі тізімдегі адамның саны едәуір аз болатын еді. Менің жеке ұсынысым, Ауыл шаруашылығы министрлігі арыздарды қабылдауды уақытша тоқтатуы керек», – дейді заңгер Бақытжан Базарбек.
Сенесіз бе, сенбейсіз бе, Қазақстандағы жер кезегінде тұрған 1 млн 200 мың адамның ішінде Махамбет Өтемісов пен Исатай Тайманов, композитор Моцарт пен Голливуд жұлдызы Курт Рассел де бар екен. Олардың тізімге қалай кіргенін сыбайластықпен күресетін агенттіктің мамандары да білмей, таңқалып отыр.
«Жасыра алмаймыз. Осындай ақпараттардың тарағаны рас. Қазір тексеріс шаралары жүруде. Мән-жайды анықтағаннан кейін жауапты тұлғаларға тиісті жаза қолданамыз. Оның барлығын өздеріңізге мәлімдейтін боламыз», – дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы Дидар Смағұлов.
19 ғасырда өмір сүрген бабаларымыздың аты-жөні бүгінгі жер кезегінде жүрсе, одан бері де өмірден өткен қанша адамның атында жылжымайтын мүлік бар екен. Айтпақшы, атқарушы билікке ұсыныс айтамын деп отырған заңгер Бақытжан Базарбек тегін жер беру әлемнің көптеген елдерінде жоқ деген аргумент айтып отыр. Оның сөзінше, тек Қазақстан мен ТМД құрамындағы бір-екі елде ғана қалған.