Ішкі істер министрлігінде 450 шенеунік қызметінен қысқартылады
2018 ж. 10 желтоқсан
3071
0
ҚР Ішкі істер министрлігінің штаты 10 пайызға азайып, 450 басшы қызметінен қысқартылады.
Бұл туралы ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап Stan.kz.
Штатты қысқарту 2018-2021 жылдарыішкі істер органдарын модернизациялау бойынша жол картасының жобасымен қарастырылған.
«Штат құрамының 10 пайызы қысқартылады. Аталған жұмыстың аясында басы артық басқару сатылары қысқаратын болады. Біз тергеушілерді, учаскелік полицейлерді, оперативтік полиция қызметкерлерін қысқартпаймыз. Министрліктің орталық аппараты, оның ведомстволары және өңірлік полиция органдарының аппараттарында шамамен 450 басшыны қысқарту жоспарланып отыр», – дейді Қасымов.
Министрдің сөзінше, штатты қысқарту нәтижесінде еңбекақыны төлеу қоры бойынша шығындарды оңтайландыру 16 миллиард теңгені құрайды. Бұл қаржы қалған полицейлердің жалақысын арттыруға жұмсалады.
«БҰҰ кеңесі бойынша 100 мың тұрғынға 300 полицейден келетін норма ұсынылаы. Мұндай шара мемлекеттердің полицейлер саны бойынша рейтингінде Қазақстанның позициясын жақсартуға мүмкіндік береді. Бүгінде 100 мың тұрғынға 471 полицейден келеді. Қысқартудан кейін, 100 мың адамға 424 полиция қызметкерінен келетін болады. Біз еуропалық нормаларға жақындап келеміз», – дейді ІІМ басшысы.