Мәңгүртстан

ман

Ақтан ТӨКІШ (Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Жалғыз қалған жағдайым - есеңгіреген күй, басым мең-зең, тұрақты бір ойға тоқтала алатын емеспін. Болған жағдайдың маған еш қатысы жоқ сияқты. Жаным да, тәнім де, сана-сезімім де жаңа пәтердің ішіндегі бөтен адамдікі сияқты. Бір өзім екі бөлменің егесімін, талай жыл бірге отырған жігіттер қасымда жоқ. Көз алдымда ондаған жылдар бір камерада жатқан әріптестерім тұр. «Камера» деген сөз камералық музыка деген сөзден шыққан деп әзілдейтін едік. Себебі бір камерада отырған төрт адам («квартет» сөзі де музыкалық термин) тату тұрдық. Айтпақшы, бүгін менің шәй дайындайтын кезегімнің келген күні. Кетер кезімде жігіттер маған: «шәй қою кезегіңнен қашып барасың» деп әзілдеп шығарып салған еді. Қазір олар не істеп жатыр екен? Рашид пен Нұрлан шахмат тақтасында шайқасып жатқан болар, ал Аман арамыздағы нағыз эрудит, колония үшін кезекті кроссвордты дайындап жатқан болар. Айтпақшы, қазір өте кеш уақыт. Олар ұйқыда болар. Кенеттен жігіттерге оралып қастарында болғым келіп кетті. Жан-жағыма қараймын, менің әмбебап пәтерім маған түрме сияқты болып көрінді. Мұндағының бәрі мен үшін бөтен, тұрмысы да, адамдары да, өзім де бөтенмін. Керуетіме қисайдым да бүгінгі естігендерімді ой елегінен өткізе бастадым. Сонымен, енді жалға беру мәселесі 49 жылдан 75 жылға дейін деп белгіленіпті. Қазір 2035 жылда өмір сүріп жатқанымызды ескерсек, жалға берілген жылдарды қайтару процесі енді 28 жылдан кейін ғана басталады, яғни 2063 жылы басталып 2090 жылға дейін созылады. Осындайды көзге елестету мүмкін бе? Жоқ! Бұл алаяқтық істі кім жасады, қашан? Қап, соны сұрауым керек еді, енді соны ойлап ұйықтай алмайтын болдым-ау. Қандай шарттар негізінде жалға берілді? Қазақтар қалай және қайда өмір сүріп жатыр? Шынымен-ақ бәрін айдап әкеліп бір облысқа тыққаны ма? Біздің жерімізде отырып басынғандары қалай? Жоқ, жоқ, бұл жерде басқа бір гәп бар. Ақсақалдардың айтқаны өтірік! Бұл жерде бір арамзалық тірлік бар. Олар мен сияқты талай адамның миын айналдырған! Өздері айтты емес пе, бірақ неге олай айтты? Бізден не күтеді? Осындай ойларды миға сіңдіріп есімізді ауыстырғысы келетін шығар? Әдейі бізді осы үйден шықпасын деп, басқалардың көздеріне көрінбесін деп шығарғысы келмейді. Осы ойым шындыққа жуысатын сияқты. Шынында да, не болғанын білу үшін не істеу керек? Әй, алжыған кәрі шал! Тез, қос телевизорды! Сағат түнгі 3 екен, бірақ түнде де телеарналар жұмыс істей беретін болар дегенім дұрыс екен, елу шақты арналардың 20-а жуығы істеп тұр. Барлығында көңіл көтеретін бағдарламалар, фильмдер, әртүрлі музыкалар. Арналар әртүрлі тілде сөйлеп жатыр. Бір арнадан екінші арнаға ауыстырып жатқанымда бұрын естімеген бір ән айтып жатқан әншіні көрдім. Бірнеше тілдің басын қосып жаңа интернационалдық тіл ойлап тапқан ба деген ой келді. Мұндай данышпандық жаңалық тек біздің қазақтан ғана шығуы мүмкін. Бұрынғы кездерде қазақ және орыс тілдерінде сөйлеуді «қоспа» дейтұғын. Енді бұл «қоспада» үш тіл біріктіріліпті. Бұл немене? Үш тұғырлы тілдің жемісі ме? Танымал қазақ әншісі былай деп шырқап тұр: You’re маган - a superman, Everything отдам for сен! Мен - bride-келін жуз per cent You’re маган - the better Кент! Wait me, please! Тохтановись! Married me, өтінемін, женись! Ашуланғаннан түкірдім де телевизорды сөндіріп тастадым. Әйтсе де, ақсақалдар айтқан әңгіме шындық емес болар деген ой есімнен шықпай қойды. Олар маған бұл әңгімені алжығандықтан айтып отыр, осы жерге тұруға жібергендер мені де сол шалдар сияқты алжып кетсін деп істегені деп ойладым. Колонияда 23 жыл тұрған өмірімде арамызда 4 рет «алжып» кету жағдайы орын алды. Ондайларды арнайы аймаққа алып кететін. Бірақ, мен алжыған жоқпын ғой, ақыл-есім дұрыс. Енді бір ғана нәрсе бар: сыртқа шығып, айтылған әңгімелердің рас-өтірігін, менің қандай Қазақстанға келгенімді анықтау! Ұйықтауға тырыстым. Түс көрдім, түсімде «қыстау»-колония. Барлығымызды түрмеден босатып жатыр екен, мәз-мейрамбыз. Түрме қақпасының сыртында туысқандарың күтіп тұр деген хабарды естіп одан да бетер қуандық. Бір жағынан, ойламаған жерден пайда болған қуаныш іштей үрейлендіріп, ол жақта күтіп тұрған кімдер екен, сыртта не болып жатыр екен деп күдіктендіреді. Бәріміз де бостандыққа шығып елімізге пайдамызды жаратамыз, бір жеріне кірпіш болып қаланамыз деген ойдамыз. Бір кезде мені қараңғы тар қапас бөлмеге алып кепті, дәл солай боларын өзім де білетін сияқтымын. Тек мені ғана қалдыратынын сезгендеймін. Жабылған темір есікке жүгіріп барып оны тарсылдатып ұрып жатырмын. Есікті жұдырығыммен ұрып, аяғыммен теуіп, басыммен де соғып жатырмын, көзімде жас... Есіктің қатты тарсылынан оянып кеттім. Біразға дейін өзімнің қайда екеніме түсінбей, сосын барып есімді жиып есікті аштым. Мұхтар, Сәбит және Андрей үшеуі келіп тұр. Менің сау екенімді көріп қорыққан түрлері тез жадырап кетті. Таңертеңгі асқа барайық, сосын жолға шығамыз деді. IV Тамақтанып алып қалаға шықтық, Сәбит келіскеніміз бойынша менің қасымда болады. Астанаға дейін қашық емес, автобуспен бір сағат қана жол.Сәбит жол үстінде кешегі кеште ұмыт қалған майда-шүйда айтпағандарын айтып келеді. Қазақстанда қазір 25,5 миллион халық тұрады екен, оның 13 миллионы ғана қазақстандықтар. Сәбиттің айтуынша, 12,5 миллион шетелдіктердің жартысы осы жерде туғандар болғандықтан қазақстандық азаматқа ие. Бірақ, бұл цифрлар нақты емес, 2029 жылғы деректер. Оның түсіндіруі бойынша, санақ жүргізілген кезде оңтүстіктің, әсіресе батыс аймақтың көптеген адамдары жасырынып қалған немесе шет елге шығып кеткен. Бұлай етудің басты мақсаты - жалдық келісім бойынша, жалға берілген мерзімде жергілікті халықтың саны (қазақтар мен қазақстандық азаматтығы барлар, олардан туған балалар) сол орданың халқының кем дегенде 50 пайызын құрауы тиіс. Санақ қорытындысы бойынша қазақстандықтар елде сәл ғана жартысынан көбін құрайды екен, бірақ аймақтарды аралағанымда, күдігім көбейе түсті. - Қалған 3 миллион қазақстандықтар қайда? – дедім шыдамай. Сүйтсем, ақшасы бар адамдар басқа елдерге көшіп кетіпті. Айтпақшы, Қазақстанды басқарушылар Лондонда тұрады, сол жақта тұрып елді басқарады. Елдің әр саласында өзінің үлесі бар адамдар, істерін атқарушы іскерлерге тапсырып қойған, өздері саяси тұрақты, табиғаты бұзылмаған, әлеуметтік жағынан ауқатты елдерде өмір сүреді, бай адамдар саналады. Олардың балалары да Қазақстанда тұрмайды, бірақ Қазақстанның байлығының арқасында ауқатты өмір сүріп жатқанын біледі. Тіпті ортаң қол ауқатты кісілердің өздері шетелдерде өмір сүреді. Бұл дәстүр қазір жаппай модаға айналған. Жастар жағы жаппай дерлік деуге болады, шетелдік білім алғандар. Көп жағдайда сол жақта қалып қояды. Неге олай екенін кейін өзің түсіне жатарсың деді Сәбит. Зейнеткерлер аз, көпшілігі зейнет жасына жетпей өледі. Бала туу күрт төмендеп кетті, әр отбасында бір ғана баладан туады, екі баланы туу - сирек жағдай. Ақмола облысында немесе қазіргі атымен айтқанда, Қазақ ордасында 1 миллион халық тұрады, оның 100 мыңы шенеуніктер, 350 мыңы әртүрлі қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндер, 50 мыңы - педагог пен дәрігерлер, 100 мыңы - өзін өзі асыраушылар. Бұл адамдарды кішкентай Қазақстанның белсенді бөлігі деп санасақ, қалған бөлігінің 300 мыңы - балалар, 50 мыңы - зейнеткерлер, 50 мыңы - мүгедектер, оның ішінде мүгедек болып туғандар көп. Елде жұмыссыздар жоқ, олар өзін өзі асыраушылар санатында. Сәбит бұрынғы билікте бол­ған барлық absentee дейтін­дерді боқтап келеді. Олар демо­кратиялық мемлекетте өмір сүрудің қаншалықты жақсы екенін біле тұра, мүмкіндіктері бола тұра Қазақстанды сондай елге айналдыруға түк істемеді. Елдегі дүниені түгелімен қиратып, ішіп-жеп, өз халқын қалдырып дап-дайын шетелдегі салтанатты сарайларына кетті де қалды. Шетелде тұратын ел басшылары елде не болып жатқанынан еш хабары жоқ, ол жағының оларға қажеті де жоқ. Жалгерлер тиісті жалдық пұлдарын уақытылы төлеп отыр. Жалға беруден түскен ақшаның басым бөлігі сыртқа кетіп жатыр, қалған бөлігі мемлекеттік аппаратқа, жәрдемақы мен зейнетақыға, қалған ақшалар 15 жылға дейін алынған ел қарызын төлеуге жұмсалады. Тағы бір бөлігі, кезінде аты шыққан Болашақ ұрпақтың қорына төленеді. Мектеп, клиникалар жеке меншікте, яғни мемлекет халыққа білім беру мен денсаулық сақтау мәселесімен айналыспайтын болды. Сәбиттің айтуынша Қазақ ордасында ештеңе өндірілмейді, өсірілмейді, барлығы басқа ордалардан тасылады. Мен үндемей тыңдап келемін, оларды ой елегінен кейін жалғыз отырғанда өткіземін. Әуелі бұл шалдардың айтқандары рас па, жоқ па, соған көзімді жеткізіп алайын. Енді Сәбиттің еліміздің мұндай құлшылыққа қалай жеткені жайлы әңгімесін күтіп отырмын. Икс сағаты туып, жаппай тазалау біткен соң елді қайта бөлу, өзгерту басталды. Бөліп алатын ештеңе қалмапты, бәрін билікте отырғандар әлдеқашан бөліп алған, тағы бір бөліктерді шетелдіктерге сатып жіберген. Жер сату басталды. Оны майда-шүйда емес, ірі деңгейде жүргізді: шұрайлы егістік, жайылымдық, шабындық, орманды шатқалдар бірінші болып сатылды, сосын аудандарды сата бастады. Одан соң шекарадағы жерлерді олармен шектесіп жатқан көрші мемелекеттерге сату басталды. Биліктегілер елді бірнеше ордаға бөліп алып жеке – жеке билемекші болып еді, бәріне көнгіш халық наразылық білдіре бастады. Бірақ, одан ештеңе шықпады. Елде көшбасшы болатын ешкім қалмады. Шетелде жүрген режимнің қарсыластары биліктің мұндай авантюрасына қарсы әлемдік қауымдастықты қарсы қойды. Билік амалсыздан бұрыннан сақтап келе жатқан вариантты - «Аймақтарды дамыту» бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарламаның мәні - енді шетелдіктерге тек қана қазба байлықтарға бай аудандарды емес, облыстарды іштеріндегі азып-тозған ауыл, аудандарымен қосып түгелімен жалға беру. Халыққа - бұл жұмыс уақытша шара, бұл шараның нәтижесінде аймақтарға қаржылық арналар ақша төгіп, бұл аймақтардың қарқындап дамуы басталады деп түсіндірді. Көпшілік бұған көнді, себебі елдің өз билігінің қолынан ештеңе келмейтінін білетін. Дамыған елдерден келетін басқарушыларға сенді. Жалға берудің шарты халық арасында талқыланған жоқ. Бұл іске шетелдерден шақырылатын атақты сарапшылар келсе жақсы болар деп үміт артты. Кейінірек билік басындағылар жалдық келісім-шарттың кейбір ерекше артықшылықтарын жария қылды. Мысалы, қазақстандық жұмысшылар мен қызметкерлердің жалақысының шетелдіктермен теңестірілетіндігі, әр аймақтағы жергілікті халықтың саны 50 пайыздан кем болмауы, сапалы білім беру мен денсаулық сақтау қызметін қамтамасыз ету. Қазақ елінің жерін жалға беру жөнінде келіссөздер басталғаннан кейін 20 жылдық үзілістен соң Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қамқорлық кеңесі жұмысын жалғастырды. Жоқ, бұл жерде бір кәдік бар, бұлай болуы мүмкін емес нәрсе, бүкіл бір елді халқымен қосып елу жылға жалға беру мүмкін емес деймін ішімнен Сәбитті тыңдап отырып. Телевизорды көремін, ескі газеттерді оқып шығамын, сосын барып бір қорытынды жасаймын. Мен күдікті болып бара жатқандаймын. Қалада көшелерді аралап ұзақ жүрдік. Барлық жердегі жазулар бақырайып ағылшын тілінде жазылған. Астананы бір жағынан танығандаймын да, екінші жағынан танымай да қалдым. Біраз жерлері өзгере де қоймапты, тозып ескірген, күңгірт басқан сияқты. Бірақ, адамдары жарқырап «мен мұндалап» киінген боп көрінді. Көшелерде тек қана әдемі машиналар жүріп жатқанын көрдім. Ертістің сол жағында кезінде мақтаныш қиқумен салынған үйлер онша көбеймеген. «Астана мақтанышы» және Министрлер үйлерін орнынан таба алмадым. Сәбит олардың 10-ы жылдары өртеніп кеткенін айтты. Ақорда мен Қазмұнайгаздың да ғимараттарын көрмедім, Бәйтерек қана орнында қалыпты. Сәбит Бәйтерекке көтерілуге ұсыныс жасады. Мен бұрын ол ғимаратта болмағанымды, радиусы жарты километр кеңістікті көру үшін ғана 100 метр биіктікке көтерілмеймін деп бас тарттым. Егер осы кең далада жан-жағы бірнеше километрге созылатын үлкен қаланы салған болса, адамзат баласының еңбегінің жемісін таңдана мақтану үшін шығуға болар еді. Қазіргі өте қайғылы көріністің қандай қызығы бар.

Орысшадан аударған Сағат ЖҮСІП (Жалғасы бар)