Бауыржан Байбек шетелдік қонақтарға қазақ тілінде баяндама жасады
2018 ж. 30 қараша
2401
0
Бүгін Алматыда VI Халықаралық «Almaty Invest 2016» инвестициялық форумы басталды. Аталған жиынға беделді саясаткерлер, инвестициялық корпорациялар, қаржы институттарының және халықаралық ұйымдардың басшылары қатысуда. Ресми дерек бойынша форумға 20-ға жуық елден құрметті қонақтар келген.
Бұл туралы abai.kz хабарлады.
Форумның жұмысын ашқан қала әкімі Бауыржан Байбек Алматының жақсы бизнес ахуалы бар жоғары инвестициялық тартымды қала екендігін атап өтті. Бауыржан Байбек мегаполистің бизнес әлеміндегі мол мүмкіндігін 4 салаға жіктеп түсіндірді.
Қала басшысының баяндамасына тоқталмас бұрын бізді шын қуантқан бір мәселеге тоқтала кетейік. Әкім әлемнің әр түкпірінен келген шетелдік қонақтардың алдында баяндамасын тек туған тілінде жасады. Сөйтіп ол инвесторлармен игілікті істі қазақ тілінде - мемлекеттік тілде игеруге болатындығын дәлелдеп берді. Алып шаһардың екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстап отырған әкім еліміздегі ең беделді саясаткерлердің бірі екені сөзсіз. Бұл беделді Бауыржан Қыдырғалиұлы ешкімнен сұрап алған жоқ. Өзінің елге жақындығымен, еңбекқорлығымен қол жеткізді. Бұған қоса жас әкім өзінің туған тіліне де аса құрметпен қарайтынын әркез әйгілеп жүреді. Оның бұған дейін де ірі спорттық, мәдени шараларда тек мемлекеттік тілде сөйлегеніне куә болған едік.
Біз ризашылығымызды білдіріп, мақтауын асырып отырған Бауыржан Қыдырғалиұлы баяндамасын қонақтарға Алматы қаласын таныстырудан бастады. Мың жылдық тарихы бар алып шаһардың тарихи маңызын, Ұлы Жібек жолының бойына қоныс тепкен географиялық артықшылығын, алдағы даму мүмкіндігін сөз еткен қала әкімі Алматы өмір сүру мен бизнес жүргізуге аса қолайлы қала екенін жеткізді.
Бауыржан Байбектің айтуынша, алып шаһардың инвестициялық мүмкіндіктерін талқылау мен іскерлік қатынастар орнатудың дәстүрлі алаңына айналған халықаралық Almaty Invest форумы 6-шы мәрте өтіп жатыр. Осыған дейінгі форумдар аясында жалпы сомасы 1 миллиард долларды құрайтын 40-тан астам меморандумға қол қойылған. Оның ішінде қазірге дейін жалпы құны 400 миллион долларды құрайтын 12 жоба іске асқан екен.
Алматы – шикізаттық емес экономикасы 35 миллиард долларды құрайтын Орталық Азиядағы ең дамыған мегаполистердің бірі. Алып шаһар еліміздің жалпы ішкі өнімінің бесінші бөлігін және салық түсімінің төрттен бірін береді. Жалпы өңірлік өнім жан басына шаққанда 20 мың долларды құрайды.
Қаламаға халықаралық компаниялар инвестицияны белсенді құюда. 10 жылда шаһарымызға 22,2 миллиард доллар инвестиция тартылған болса, оның 3,5 миллиарды шетелдік инвестиция. Биылғы жылы инвестиция көлемі 21%-ке, соның ішінде шетелдік инвестициялар 24%-ке артты.
Бүгінде қала экономикасының 86%-тін сауда және қызмет көрсету құрайды. Шағын және орта бизнестің үлесі 40%, яғни Алматыда мұнайдан тәуелсіз тұрақты экономика қалыптасқан. Джинни индексі – 0,29, бұл – бірқатар еуропалық елдер көрсеткішінен төмен.
Алматы – 1000 жылдық тарихы бар шаһар, Ұлы Жібек жолындағы аймақтағы ең ірі нарық. Қаладан небәрі 4 сағаттай қашықтықта 1,5 миллиард халқы бар Қытай орналасса, 180 миллиондық Еуразиялық экономикалық одақ пен 65 миллиондық Орталық Азия нарығына жол ашылған.
Қазақстан тұрғындарының 10%-тен астамы, ал агломерациямен қоса есептегенде 3 миллион халық Алматыда тұрады. Халықаралық консультанттардың бағалауы бойынша 2035 жылға қарай халық саны 2 есеге жуық өседі деп күтілуде.
Болжамдар бойынша, шамамен тағы да 70 шаршы километр тұрғын үй, әлеуметтік, өндірістік, кеңсе және сауда алаңдары қосымша қажет етіледі. Тек биылғы жылы қалада 2 млн. шаршы метрге жуық тұрғын үй салынатын болады, оның ішінде «7-20-25» бағдарламасының үлесі қомақты.
Келесі жылдың басында арнайы сайтта Қаланы дамытудың Мастер-жоспарының тұжырымдамасы жарияланады. Әрбір тұрғын және бизнес өкілі онымен танысып, өз ұсынысын енгізе алады.
"Қаланы дамытудың негізгі драйвері – бизнес" деген Бауыржан Байбек Алматының негізгі 4 бәсекелестік артықшылығын атап көрсетті.
Қала әкімінің айтуынша, бұл төрт артықшылықтың алғашқысы - қолайлы бизнес ортасы. Биыл жарияланған DoingBusiness бизнес жүргізудің жеңілдігі рейтингісі бойынша Қазақстан Бүкіләлемдік банктің бағалауына сәйкес 28-ші орынға шыққан. Ал бұл рейтинг Алматы бойынша есептеледі. Үкімет бизнес ортаны жақсарту бойынша реформаларды кезең-кезеңмен іске асыруда. Алматы қаласы тек Қазақстан қалаларының ғана емес, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ елдері шаһарлары арасында көш бастап тұр.
Одан да маңыздысы Алматыда бизнесті қағазсыз жүргізуге болады. Қалада Smart технологиялары белсенді енгізуде. Мемлекетпен өзара іс-қимыл жасасудың барлық рәсімдері жеңілдетілген. Интернет арқылы кәсіпорын ашу, шот-фактураларды алу, банктік операцияларды жүргізу, салық есептілігін тапсыру, құрылыс жүргізуге рұқсатты, эскиз жобасын келісу, электр көзіне қосылуға шарт жасасуға жағдай жасалған.
Бұдан өзге BigData қалыптастырылды, электрондық үкіметті дамыту жөніндегі Біріккен ұлттар ұйымының жақындағы рейтингінде Алматы 25 орынды иеленді.
«Бір терезе» қағидаты бойынша біздің «КазақИнвест», «Даму қоры», «Кәсіпкерлер палатасы», «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы», «Алматы қаласы даму орталығы» даму институттарымыз жан-жақты қолдау көрсетеді.
Екіншіден. Алматы – инфрақұрылымы дамыған қала. Алматыда капитал және операциялық шығындар тұрғысынан алғанда бизнес бастау тиімді. Өмір сүру сапасы жоғары өзге мегаполистермен салыстырғанда бізде бағалар төмен: электр жарығының 1 киловатының құны 4,5 цент, табиғи газдың 1 текше метрі – 9 цент.
Алматы қаласының дамуы транзиттік-бағдарлы әдіс және «инфрақұрылымға адамдарды тарту» принципі негізінде жүзеге асырылады. Дайын көлік және инженерлік инфрақұрылымы бар жер учаскелері жеңілдік шарттарымен ұсынылады.
Биылғы жылы «Tokyo Rope Almaty» жапон металл өңдеу компаниясының зауыты Токио қор биржасының листингісінде AAA+ рейтингін иеленді.
Халықаралық деңгейдегі сертификатты иленген электрлі автобустардың үшінші толқынын шығарушы «Falcon Eurobus» Қазақстан-Герман-Гонконг зауыты ашылды.
Сондай-ақ «Инновациялық технологиялар паркі» еркін экономикалық аймағында 163 гектар аумақта жоғары технологиялық компаниялар үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Мұнда 10 жылға жерді тегін алуға болады, қызметкерлерді жалдау рәсімі оңайлатылып, кедендік және салықтық жеңілдіктер қарастырылған.
Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес келесі жылы барлық жеңілдіктер мен преференцияларды сақтай отырып, қаланың коммуналдық меншігіне осы объектіні беру бойынша Заң қабылданатын болады. Арнайы экономикалық аймақ дәлме-дәл машинажасау, медицина, биотехнологиялар үшін кластер бола алады.
Қалада «қарапайым заттардың экономикасын» белсенді дамуда. Мысалы, жылдың соңына дейін KazTigerTape (скотчтар мен пленкаларды өндіру), КЕЛЕТ (газ қазандықтарын өндіру), Интер Мульти Сервис (картон мен қағазды өндіру жөніндегі зауыт) жобалары іске қосылатын болады.
Көлік саласындағы инфрақұрылымдық жобалар белсенді іске асырылуда. Қалада күн сайын шамамен 700 мың автокөлік жолға шығады. Сарапшылардың бағалауына сәйкес кептелістерден Алматы экономикасына келтірілетін күн сайынғы шығындар жылына 600 млн-нан астам теңгені немесе жалпы өңірлік өнімнің 2 процентке жуығын құрайды.
Бұдан басқа, оңтүстік кореялық және түрік инвесторлары мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша Үлкен Алматы айналым жолының құрылысын бастады. Құны шамамен 1,4 млрд. долларды құрайтын ауқымды жоба қаланы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі торабына айналдырады.
Туристер ағынын ұлғайту үшін екі теміржол вокзалын қайта жаңғырту басталды. Жеке инвестициялардың есебінен халықаралық әуежайды жаңғыртып, өткізу қабілетін жылына 13 млн. жолаушыға дейін, яғни 2,5 есеге ұлғайту да жоспарлануда.
Көлік саласына инвестициялау үшін ең ірі жобалар – бұл метро және ЛРТ. Метрода тек екі жаңа станцияны іске қосу жолаушылар ағынын тәулігіне 86 мың адамға дейін, яғни екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Елімізде алғаш рет BRT желісі ұйымдастырылып, қоғамдық көлік үшін жол жүру уақыты 32%-ке қысқарды.
Итальяндық инвестициялардың есебінен елдегі ірі «Anytime» каршеринг-сервисі іске қосылды. Бүгіннің өзінде жобаға 4 миллион еуро инвестиция салынды. Қазір 100 автомобиль қолжетімді түрде ұсынылса, келесі жылы автопарк 500 бірлікке ұлғаймақ.
Алдағы 10-15 жылдың ішінде қоғамдық көлікте, велосипедтерде және жаяу жүрудің үлесін 60%-ке дейін жеткізу жоспарлануда. 15 жылдың ішінде қоғамдық көлікті пайдаланатындардың саны 4 есеге, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілердің саны 3 есеге өсуі тиіс. Ал жеке автомобиль көлігінің саны осы деңгейде қалуы қажет.
Үшіншіден. Алматы – бұл туристерге тартымды 1000 бояулы, 1000 мүмкіндіктің қаласы.
Алматы – қонақжай, көп мәдениетті қала. Мұнда тамаша табиғат пен белсенді демалыс үшін керемет мүмкіндіктер бар. «Медеу» мұз айдыны бүкіл әлемге әйгілі. Шымбұлақ ТМД бойынша ең үздік тау шаңғы курорты деп танылған. Алматы агломерациясының 4 нысаны ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұрасына енгізілген.
Шаһарымызда әлемнің 50 түрлі мәзір ұсынатын 2 мыңнан астам мейрамхана, 237 қонақ үй мен хостел, 20 мұражай, 19 театр, 14 көрме мен галерея және люкстен масс-маркетке дейін 400 халықаралық бренд ұсына алатын 128 сауда орталықтары қала қонақтарына қызмет көрсетуге дайын.
Біз эко- және этно-, тау шаңғысы, оқиғалық, медициналық және өзге де салаларды дамытуды қолға алдық. Алматы бүгінде өңірлік туризм орталығы. Қазақстанға келген әрбір 2-ші турист біздің қаламызға арнайы ат басын бұрады.
Жыл сайын 50-ден астам халықаралық спорттық іс-шаралар, джаз, классикалық және этникалық музыка фестивальдері өткізіледі. «Тур Алматы», «Алматы марафоны», «Star of Asia» халықаралық фестивалі, Алматы кинофестивалі секілді бірқатар іс-шаралар брендке айналып, шет елдерде танылуда.
Төртінші. Алматыда адами капиталының сапасы жоғары.
Алматы – жастар қаласы, орта жас мөлшері – 33. Еліміздегі әрбір 3-ші студент Алматыдағы 38 жоғары оқу орнында білім алады.
Барлық мектептер алдыңғы қатарлы заманауи технологиялармен жабдықталған. Ағылшын тілі кеңінен оқытылады. TIMSS зерттеуіне сәйкес қазақстандық оқушылар математика пәнінен 39 елдің ішінен 7-ші орынды иеленді.
Қалада орналасқан 6 халықаралық мектеп –Haileybury, Tamos Education, Мирас, «Galaxy International School» және QSI халықаралық мектептері мен Назарбаев зияткерлік мектебінде батыс стандарттарына сәйкес білім беріледі. Қазақстан-Британ техникалық университеті, Қазақстан-Герман, Қазақстан-Ресей, Қазақстан-Америка және басқа да университеттер ашылған.
Жан басына сәйкес қаржыландыру білімді коммерцияландыру мен жеке инвестиция құюға кең мүмкіндіктер ашпақ.
Бүгінде жеке балабақшалардың 70%-тен астамы, колледждердің 60%-і және жоғары оқу орындарының 90%-і мемлекеттік тапсырыс алады. Орта білім беруде инвестиция құюға үлкен мүмкіндіктер жасалуда.
Бұған қоса қалада денсаулық сақтау саласы жақсы дамыған.
Бәсекелeстік тұрғысынан тартымды бағалар мен жоғары сапаның арқасында пластикалық, кардио-, нейро- және қан тамырлары хирургиясы, репродуктивті медицина мен стоматология салаларындағы қызметтер туристердің сұранысына ие.
Мәскеудегі онко-орталық негізінде онко-қызметті жетілдіру бойынша ресейлік «МедИнвестГрупп» компаниясымен меморандумға қол қойылды. №1 қалалық клиникалық емхана базасында оңтүстік кореялық «Severance» клиникасының үздік тәжірибелері енгізілмек.
Алматының бірегей климаты, көптеген санаторийлер мен емдеу курорттары медициналық оңалту мен қалпына келтіру емін дамыту үшін керемет мүмкіндік. Мысалы, келесі жылы Алматыда қолайлы гольф алаңдарымен бірге заманауи сауықтыру орталығы ретінде «Алатау» санаторийін жаңғырту аяқталатын болады.
Жалпы Алматы агломерациясының 26 демалу базасында, оның ішінде ыстық су және минерал көздерінде үлкен инвестициялық әлеует жатыр.
Қала басшысының форумға қатысушыларға шаһардың инвестициялық әлеуеті туралы баяандамасының қысқаша мазмұны осындай болды. Біз өз тарапымыздан мың бояулы мегаполистің алдағы уақытта бұдан да қарқынды дамитынына сенім мол екенін қосқымыз келеді.