ҰБТ жылына төрт рет өтетін болды
2018 ж. 22 қараша
3251
0
2019 жылдан бастап ақылы негізде оқуға түсу үшін Бірыңғай ұлттық тестілеу жылына төрт рет өтетін болды. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды Алтайньюс.
Тестілеуді қаңтар, наурыз, маусым және шілде айларында тапсыруға болады.
-2019 жылы жалпы ҰБТ-ның форматы өзгермейді. Бірақ тестілеуді жақсарту мен оның механизмі бойынша белгілі бір өзгерістер енгізілмек. Өткен жылы біз мүгедек балалар үшін мүмкіндік бердік – ыммен сөйлесетін мамандарды шақыртып, мұндай балаларға арналған жеке бөлмелер бөлінді, – дейді вице-министр.
Ағымдағы жылы желтоқсанның 1-нен 15-не дейінгі аралықта ақылы тестілеуге қатысу үшін өтініштер қабылданады. Ол 2019 жылдың 15-20 қаңтар аралығында өтеді екен.
Ал грантқа үміткерлер ҰБТ-ны сол бұрыңғыдай мектеп бітірген соң маусым айында бір рет тапсырады.
ҰБТ жақсы тапсырып шыққан 11-сынып оқушылары ЖОО-ға ақылы түрде түсе алады. IELTS және TOEFL сертификаттары барлары ҰБТ-да “Шетел тілі” пәні бойынша босатылады.
Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша берілетін болды. Министрлік сәйкес база құрады.