Көмірге талас кезінде қаза тапқан дзюдошының туыстары істің бұрмаланып жатқанын айтты
2018 ж. 17 қараша
4057
1
Семейде көмірге талас кезінде қаза тапқан дзюдошы Жасұлан Әбиевтің өлімі үшін бір адамның ғана қамалуына туыстары наразы. Қара жамылған жақындарының айтуынша, марқұмның ата-анасы арыз жазуға барған сәтте істің бұрмаланып кеткенін көріпті. Ондағы ақпараттың куәгерлер сөзімен үйлеспейтінін білген Әбиевтер отбасы күдіктілер он адамнан көп болған дегенді айтады. Сондықтан да, бірін қалдырмай жазаға тартуды талап етіп отыр.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.Қайғылы жағдай 12-ші қараша күні түнгі сағат 12 шамасында орын алған. Туыстарының айтуынша, дзюдодан ел чемпионы Жасұлан Әбиев Қаражыра көмір карьерінің сыртындағы көліктер кезегін реттеуші болып жүріпті. Сол күнгі кезекке талас кезінде басынан алған ауыр соққыдан қаза тапқан. Осы қылмысқа қатысты бір күдікті ұсталыпты.
Елеубек Оспанов, Семей қалалық ІІБ баспасөз хатшысы:
- Жедел жүргізілген іздеу шараларының нәтижесінде, қылмыс жасады деген күдікпен 1994 жылы туылған Семей қаласының тұрғыны құрықталды. Ол, уақытша тергеу абақтысында отыр.
Әйтсе де, қайғыдан қабырғасы қайысқан Әбиевтер отбасы ұлдарын жалғыз адам өлтірді дегенге сенбейді. Өйткені, туыстары оқиға куәгерлерінен күдіктілердің арнайы топталып келгенін естіпті. Осыған сүйенген қаралы отбасы, қылмыстық іс бұрмаланып жатыр деп санайды.
Жұлдыз Әбиева, Ж. Әбиевтің қарындасы:
- Кеше ата-анамыз арыз жазуға барғанда, бәрі бұрмаланғанын байқадық. Ол жерде екеуі ғана болған сияқты. Яғни менің ағам мен оны өлтірген жігіт. Бірақ, бізде куәгерлер көп. Олар алғашында үш адам, кейін жеті адам болды деді. Ал, кеше 15 адам болғанын айтып отыр.
Енді, қара жамылған отбасы топталып келгендердің барлығы заң алдында жауап беруін талап етіп отыр. Жасұлан Әбиевтің артында, 3 баласы қалды. Олардың алды 6 жаста, ал кенжесі 1-ден енді асқан.
Қанды қылмыс орын алған Қаражыра көмір кенішінде кезекте тұрған адам да көп екені анық. Сәйкесінше куәгерлер де көп. Әйтсе де, бәлкім біреулерден именді ме, бәрі де оқиғаның қалай боғланын камераға айтып беруден бас тартты. Ал, Қаражыра карьерінің өкілдері, қанды оқиға сыртта болғандықтан, біздің еш қатысымыз жоқ деп ақталудан әріге аспады.