Қазақ тілі қашан өз мәртебесіне ие болады?

10 Биыл «тәу етер жалғыз киеміз» – тәуелсіздігімізге – 20 жыл. Бабалар аңсаған бостандық бағы баянды болсын деп қана тілейміз бәріміз! Қай елдің болсын, басты байлығы – ұлттық құндылықтары. Тілін, дінін, салт-дәстүрін, тарихын ардақтаған ұлттың болашағы қашанда жарқын. Ал біз ұлттық байлығымызды ұлықтау жағынан ақсап тұрмыз. Азат ел атанғанымызға жиырма жыл толса да ана тіліміздің ахуалы аянышты. Ата Заңда көрсетілген «мемлекеттік тіл» мәртебесіне жете алмай, әлі күнге жетім баланың күйін кешуде. Өйткені, бізде қуаты қарымды «ресми тіл» бар ғой. Әзірге қазақ тілі сол «бәрімізге түсінікті тілдің» (орыс тілі) көлеңкесінде. Мемлекеттік тілдің қолдану аясының кеңеймей отырғанын бірнеше себептермен түсіндіруге болады. Қазақтардың саны алпыс пайыздан астам болғанмен тең жартымыз ана тілімізде сөйлеуге арланамыз. Кейбір құрбы-құрдастарымызға өз тілімізді шұбарламай таза сөйлейік десең, «ең бірінші министрлеріміз бен депутаттарымыз, әкімдеріміз қазақ тілінде таза сөйлеп алсыншы» дегенді алға тартады. Әрине, бұл жүрегінде ұлтына деген сүйіспеншілігі аз жастардың сөзі шығар. Бірақ, ойлап отырсақ, сөздерінің жаны бар. Көгілдір экранда екі сөздің басын қоса алмай күмілжіп тұрған көкелерімізді көргенде қанымыз қараятыны рас. Ел тізгінін ұстаған адамдар мемлекеттік тілдің ертеңіне енжар қараса, алдағы күндерден қандай да бір жақсылық күту бос әурешілік... Жақында Қарағанды облысына қарасты Абай ауданының тіл жанашырларының басқосуында болдық. Ұлы дана атымен аталатын ауданда өзге ұлт үлесі басым. Облыс орталығының іргесінде орналасқан ауданның қазақтары ұйқыдан енді оянғандай. Алып аудандық мәдениет үйінің қуықтай бір бөлмесінде ине шаншар жер жоқ. Бір-біріне иін тіресіп отыр. Әдеттегідей, арасында мекеме, бөлім басшылары жоқ. Тек тіл мамандары, аудармашылар келген. Тілге қатысты жиындарға басшылар ешқашан өз еріктерімен келмейді де ғой. Бұл басқосу өткен жылдар­дағыдай емес, өте мағыналы өтті. Тіл жанашырлары жай ғана ой білдіріп, бір-біріне наз шаққан жоқ. Нақты ұсыныстарын айтып, қандай да бір шара қолдану керек деген тұжырымға келді. «Асықпай арбамен қоян алатын» халықпыз, сөзден іске көшетін кез жетті деп тағы да бір-бірімізді қызу қолдадық. Шынымен, бұл жолы дөңгелек үстелге келген елжанды азаматтардың жанайқайы ащы еді. Мұғалімдер білім саласына енгізіліп жатқан небір сынақтар мен бақылаулар балалардың білімін емес, есте сақтау қабілетін тексереді дейді. Өзге ұлт балаларына сабақ беретін тіл мамандары сол сынақтардан өту үшін ертеден-кешке дейін ереже жаттатуға күш саламыз деп күңіренеді. Өйткені, мемлекетаралық бақылаулардың басты талабы осындай. Және ҰБТ-да орыс мектептерін бітірген балалардың қазақ тілінен жинаған ұпайы ескерілсе ұтар едік дейді ұстаздардың өздері. Сонда мектеп бітірушінің мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынтасы артып, тілдің қолдану аясы кеңейер еді. Абай қаласында 1 ғана қазақ мектебі, 4 орыс мектебі бар. Биыл бір орыс мектебінде қазақ сыныптары ашылды. Бұл нені аңғартады? ШаҺарға тағы бір қазақ білім шаңырағы керек деген сөз. Тіпті, өзіміздің қаракөздеріміз жалғыз қазақ мектебінде орын болмағандықтан балаларын орыс мектептеріне білім алуға беруге мәжбүр екен. Айта кету керек, аудан орталығындағы қазақ мектебін ашу үшін тәуелсіздік алған соң осылай тіл жанашырлары үй-үйді аралап үгіт жұмыстарын жүргізіп, қол жинап барып қана қазақ мектебіне қол жеткізген болатын. Осыдан 4 жыл бұрын «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша қазақ мектебі жаңадан салынған ғимаратқа көшірілді. Алайда, сол кезде бірер жылдардан кейін балалардың саны артады деп ешкім есептемесе керек. Енді, мұнда қазақтың балалары сыймай жатыр. Ұлттық тәрбие балабақшадан басталады деп жатамыз. Бірақ қалада 300 балаға арналған бір ғана қазақ балабақшасы бар екенін ескерсек, қалған 4 орыс бала­бақ­шасында қанша қазақтың балалары тәрбиеленіп жатқанын есептей беруіңізге болады. Бар ғұмырын медицина саласына арнаған, көп жылдар бойы Абай қаласының емхана меңгерушісі болған Қуан Жақұлұлы өз елінде қазақ тілінің мазақ болғанына намыстанады. Студент кезінде «қазақтар орыс тілінде акцентпен сөйлейді» деп бір орыстың баласы мазақ етіпті. Шамданып кеткен қазақтың жігерлі жігіті «түкірдім мен орыс тіліне» деп айтып салады. Сол-ақ екен, «ұлы орыс тілін құрметтемейді» деп оқудан шығаруға дейін барады. Сабақты кілең беске оқыған студентке кешірім жасалады. Бірақ содан бастап барлық ғылыми жұмыстардан шеттетіледі. «Ал біз қанша жерден қазақ тілін қорлап жатса да басынан сипаймыз. Басшыларымыз ұлтжанды емес. Барлығы басшыға байланысты. Мемлекеттік тіл – мемлекетке қызмет ету керек. Ол үшін біздің тіліміздің қауқары жетеді, мемлекетімізді мұзтауларға бастай алады... Бірде марқұм Ақселеу Сейдімбеков ағамыздың үйінде болдым. Немерелері орысша сөйлесе, «аузың арам, жуып кел» дейді екен асыл ақын. Сөйтіп мені немересі ұялтқан», – деп еске алды Қуан Жақұлұлы. Прокуратурадан келген Жазира Түсіпбаева әкімдікте өтетін жиындардың орыс тілінде жүргізілетініне наразы. Қазақ тілінде баяндама жасаймын дейтін басшылардың аузына қақпақ қойылады. Мансабын ойлайтын олар орыс тілінде оқып беруге мәжбүр болып, өз құқықтарын аяққа таптатады. Тілі үшін жанын шүберекке түюден қорқатын жалтақ басшылардың халқы үшін қандай да бір жақсылық жасайды дегеніне осыдан кейін қайдан сенеміз? Тиісті мекемелерге тұрғын­дардан келіп түсетін өтініш-шағымдар да ресми тілде. Мемлекеттік тілге оқытуға бөлінетін қаражаттар да мақсатты жұмсалып жатқан жоқ. Қазақ тілін оқыту курстарында «пәленбай адам оқыды» деп жалған ақпараттар беріледі. Сол оқытылғандар «сәлеметсіз бе?», «сау бол» дегеннен басқа бір ауыз қазақша үйренді ме екен? – дейді Абай атындағы әдеби-мемориалдық мұражай директоры Ақайша Рахым. Сөздікпен сөз сабақтаған сауатсыз аудармашылардан да арылғанымыз абзал. Өзге өркениетті елдерде біздегідей әр мекеме-ұжымда аудармашы деген болмайды. Ал қазақ елінің мемлекеттік тіліне неге аудармашы керек? Бұл Қарағанды облысындағы бір ғана аудандағы жағдай. Ал мұндай аудан-қалалар Қазақстанда қаншама?!. Конституциямыздағы 7 баптың екінші тармағын алып тастау керек деген ұсыныстар жасалды. Мемлекеттік тілге мәртебе бермей тұрған да осы бап. Егер 2020 жылға дейін қазақстандықтар мемлекеттік тілде сайрап кетсін деген мақсат қойсақ, «ресми тіл» деген болмауы тиіс.

Асылбек ТОЙБЕК Қарағанды облысы