«МЕККЕГЕ ҚАРАЙ ҰЗАҚ ЖОЛ» көрерменге ой салды
2011 ж. 14 қазан
2019
0
26-30 қыркүйек аралығында Алматыда, Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында XIX республикалық театр фестивалі өтті. Аталмыш шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылды. Фестиваль отандық театрлардың репертуарын қалыптастыру, заманауи сахналық үрдісті нығайту мен дамыту мақсатында өткізілді. Театр ұжымдарының шығармашылық ізденістеріне зер салу, заманауи сахналық үрдістің дамуындағы басым бағыттарды анықтау, республика театрларының репертуарларындағы көркемдік деңгейі жоғары қойылымдарды сараптау да осы фестивальдің құзырында.
Аталмыш театр мерекесінде көрермен қауым Астана қаласының Жастар театры «Меккеге қарай ұзақ жол», Қ. Қожамияров атындағы Мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театры «Гүлдәстә», М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Көктөбедегі кездесу», Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының «Перзентхана», Мемлекеттік республикалық корей музыкалық комедия театрының «Дорожка феи в саду», Ф. Достоевский атындағы Шығыс Қазақстан облыстық орыс драма театрының «Отырардың күйреуі» қойылымдарын тамашалады. Қазір елімізде 52 театр жұмыс істейді. Олардың ішінде орыс, ұйғыр, кәріс, өзбек, неміс театрлары да бар. Байқауға қатысқан өнер ұжымдары «Ең үздік спектакль», «Ең үздік режиссерлік шешім», «Үздік драматургиялық шығарма», «Үздік әйел бейнесі», «Ең үздік ер бейнесі», «Үздік екінші пландағы бейне», «Көрермен көзайымы», «Үміт» аталымдары бойынша жүлделер үшін бақ сынасты. Осымен 19-шы мәрте өтіп жатқан театр фестивалінің басты ерекшелігі – бұл жолы қойылымдар белгілі бір тақырыппен шектелген жоқ. Қай тақырыпта, қандай қойылым ұсыну мәселесін әр театрдың өзі шешті. Бір ескерерлігі, биыл фестивальге алдын-ала іріктеуден өткен облыстық және республикалық сегіз театр қатысты. Олар бес күн бойы жұртшылық алдында өз өнерлерін ортаға салды. Әр театр көрермен назарына жаңа Қазақстанның қалыптасуы мен жетістіктерін және Тәуелсіздіктің тарихи маңызын көрсететін ең үздік қойылымдарын ұсынды. Фестивальге қатысушылардың шеберліктерін театр майталмандарынан құралған қазылар алқасы он аталым бойынша баға беріп, анықтады. Бас жүлде – «Ең үздік спектакль» номинациясын Астана қаласының Жастар театры С.Раевтың «Меккеге қарай ұзақ жол» спектаклімен жеңіп алды. Қойылымның режиссері – Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген қайраткерi Нұрқанат Жақыпбаев. Бұл фестивальде Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының «Перзентхана» қойылымы бірден үш бәйгені қанжығасына байлады. «Ең үздік режиссерлік шешім» аталымы бойынша режиссер Гүлсина Мерғалиева марапатталса, «Ең үздік әйел адам бейнесі» аталымын «Перзентхана» спектакліндегі Хадиша Рысбаеваның ролін шебер сомдаған актриса Майра Бақбердиева иеленді. Сонымен қатар, бұл қойылым «Көрермендер көзайымы» жүлдесін де жеңіп алды. Ал М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актері Сергей Попов «Ең үздік ер адам бейнесі» номинациясына ие болды. Ол Қ.Мұхамеджанов пен Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» («Восхождение к Фудзияме») Мәмбет ролін үздік сомдаған еді. Сонымен бірге, бұл театр осы қойылымы үшін «Қазақ драматургиясын табысты меңгергені үшін» номинациясына да лайық деп танылды. Фестивальде «Сахналық ұзақ ғұмыр», «Үміт», «Ең үздік екінші пландағы ер адам бейнесі», «Ең үздік екінші пландағы әйел бейнесі» аталымдарының жеңімпаздары анықталды. Ал режиссер, Санкт-Петербург мемлекеттік театр өнері академиясының аға оқытушысы, актер шеберлігі жөніндегі халықаралық деңгейдегі маман, XIХ Республикалық театрлар фестивалі қазылар алқасының мүшесі Е.Е. Кузина актерлер мен режиссерлерге арналған шеберлік сабағын өткізді.
Ахметжан ҚАДЫРОВ, өнертану кандидаты: – Жыл сайын Қазақстанда өткізілетін бұл фестиваль театрлардың мүмкіндігін тексеруге қызмет етеді. Елімізде алпысқа жуық театр барын ескерсек, осы жылы фестивальге небәрі сегіз-ақ театрдың қатысқаны өкінішті. Қазылар ақылдаса отырып, театрлар арасынан ең жақсы ұжымды және олардың жұмыстарын таңдады. Бір айта кетерлігі, бұл жерде әр театр немесе әр қойылым тек өз шығармашылығының мүмкіндігін ғана көрсетіп қоймайды, сонымен қатар, әр театр тұтас ұжымның жұмысын көрсетеді. Екіншіден, театрлар арасында өзара тығыз әріптестік-шығармашылық байланыспен қатар, тәжірибе алмасу, сырткөз ретінде бір-бірінің артық-кемін сыни көзқараста сараптау жағынан пайдасы зор. Әрине, барлық театрлар бір деңгейде болан жоқ. Себебі, біздің кейбір театрлар өз репертуарларын таппай отыр. Көптеген театрлар әлеуметтік маңызы бар мәселелерді көтере бермейді, керісінше жеңіл қойылымдарды көрсетеді. Заманауи тақырыптың жоқтығы, актерлік шеберліктің кемшіндігінен театрларымыз ақсап, кенже қалып жатады. Соған қарамастан бұл фестиваль өз деңгейінде өтті. Өз жеңімпаздары мен көрерменін тапты деуге болады. Жанарбек ӘШІМЖАН, «Қаламгер–Медиа» орталығының директоры, фестивальдің әділқазылар алқасының мүшесі: – Фестивальда бар-жоғы сегіз театр қойылым көрсетті. Фестиваль жеңімпаздарын анықтауда қазылардың өз арасында түрлі пікірлер болды. Нәтижесінде ашық дауыспен қырғыз драматургі Сұлтан Раевтің «Меккеге қарай ұзақ жол» қойылымын (қазақшалаған Нұрқанат Жақыпбаев) көрсеткен Астана қаласының Жастар театры бас жүлдені, яғни «Ең үздік спектакль» аталымын еншіледі. Мен өз басым Жастар театрының бұл мәнді де, мағыналы қойылымы бәрімізді баурап алуымен әділ бағасын алды деген ойдамын. Патша болса да, құл болса да, әркім өмірінің соңында Жаратушы Иеге барып тіреледі. Әркімнің о дүниеде де бақытты болғысы, жұмаққа кіргісі келеді. Осындай мазмұндағы философиялық ойы терең, жанрлық, стилдік жағынан күрделі спектакльдің режиссерлік шешімі, актерлердің өнер өресі, ойнау мәнері, драматургиялық ізденіс иірімдері көрермендерді тәнті қылды деген ойдамын.
Әсел РЗАЕВА