Асылдар туралы толғау

  мырТәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қар­саңында түркітанушы, әдебиет­та­нушы ғалым Мырзатай Жол­дасбековтің «Асыл­дарым» атты кітабы халқымызға тарту етілді. Туын­дының алғашқы парақтары «кітап – адамзат ба­ласына ағарту һәм білім сыйлай бе­реді» деген елбасы Н.Назарбаевтың сөздерінен басталады. Бұл құн­ды кітапты жазушы ел Тәуелсіздігінің ұлықуанышына тарту етті. Жазушының мақсаты - сондай асыл тұлғаларымыздың бізге беймәлім тұстарын ашып беру, жетіп отырған тәуелсіздігіміздің, егемендігіміздің бірден-бір себепшісі - осы азаматтарымыз екенін қалың жұрттың тағы да бір есіне түсіру болса керек. Әрине ұлт азаматтарының тәлімді қасиеттері мен бізге қалдырған мол мұралары жайлы бір ғана туындының жеткіліксіз екені рас. Дегенмен бұл кітап көптің көкейіне ой салар, жүрегіне патриоттық сезімін оятар айшықты туынды деп. Шығарманың ең алғашқы бөлімінде кітап құдіреті туралы айтылады. Автор сол құдіретті кітап арқылы өз халқына ұлылардың ұлылығын ұлағаттайды. Жазушының өзі айтқандай, «біз ұзына бойы тарихымызда Ұлы далада небір қиындықтарды басымыздан кешірген, сұрапыл соғыстарды, жойқын жортуларды өткерген, сан рет қирап, сан рет бой түзеген, «тарихтың тағдырлы көші» дейтін ұзақ жолда жақсыны да, жаманды да көрген, салтанатты да өмір сүрген, хандары алтын сарайларда да тұрған, алтын тақта да отырған, іргелес елдермен бейбіт өмір сүре де білген елміз. Бізде көкірегінен жаны шыққанша елін қорғаған қаншама батырлар да, көш бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендер де, кемеңгер билер де, ақын-жазушылар да, ел бастаған хандар да болған...» Солардың бірегейі – Тәуелсіз Қазақстанның көшін бастап, ел басына күн туған қиын кезеңде ел тізгінін қолына алған кемеңгер елбасымыздың көрегендігі жайлы «Кемеңгер» атты бөлімшеден сөз басын бастайды. Автор сүйікті халқының ұлыларының мұраларын өз арамыздан қаншама азаматтар жоққа шығарып, теріске айналдырғанына қатты қынжылып, сол мұраларды, ата-бабалар өсиетін сақтай алмай, ұлттық құндылықтарымыздан айырылып бара жатқанымызға ашынады. Ұлы ақынымыз Абай жайлы ол былай дейді: «Абайды білетін сияқтымыз. Ал шындығына келсек, Абайды білдік, таныдық, тереңіне бойладық деп айта алмаймыз. Біз Абайды терең танып-білуге талпынбадық демейміз. Талпындық. Талаптандық. Өкініші, бойымызға сіңіріп, зердемізге қондыра алмай келеміз. Абайдың мұңы, Абайдың зары – халықтың, ұлттың зар-мұңы. Ел болудың, ұлт болудың қағидасы, қам-қаракеті екенін терең ұғына алмай келеміз» дейді. Абайша сүйініп, күйінген, Жамбылша толғап, жырлаған, Тәукенің есімін ұран еткен, кен кеуделі Кененнің қасиетін алған, Мұстафаның қайраткерлігін, Баукеңнің күрескерлігін, Мұхтар Әуезовтің кесек тұлғалығын бойына сіңірген ұлт ұрпағы саусақпен санарлықтай ғана. Жазушы ұлтын сүйген Абай, қазақты жырға кенелткен Жамбыл, қашанда халықтың мәртебесі болған Кенен, Қаныш, Мұхтар, Бауыржан, Әлкей, Дінмұхаммед, Мұстафа Шоқай, Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаев, Нұрғиса Тілендиев, бүгінгі Олжас Сүлейменов пен Сағат Әшімбаев т.б жайлы да тебірене сөз қозғайды. Аталған әрбір тұлғаның Қазақстан Тәуелсіздігінде алатын орны ерекше, оларға тарих беттерінен ойып тұрып орын берілсе артық болмайды. Автордың ұлт ұлыларына деген сағынышының, ұлтына деген сүйіспеншілігінің бір ғана бөлігін кітапты парақтап отырғанда сезінеміз. Оның өзі де «Өзімді керуені қара үзіп, елі көшкен жұртта қалғандай сезінемін. Бәзбірде жан әлемімді айтып болмас мұң кеулейді. Ойласам-ақ, іштен өрт шалған ормандай боламын. Ағыл-тегіл сағыныш сазынан сарғаямын, жүрегім талады. «Қайдасыңдар, асыл ағаларым» деп шарқ ұрып іздеу салғым келеді» деп ұлы сағынышын жеткізеді.

Марал БОТАЕВА