Астана-ізгілік ордасы

0
1111

– Келесі жыл Астана үшін «2012 жылғы түрік әлемінің мәдени астанасы» деген ұранмен өтеді, – деп хабарлады Мәдениет пен өнерді бірлесіп дамыту жөніндегі халықаралық ұйымға (ТҮРКСОЙ) мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің тұрақты кеңесінде Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Ол «2012 жылғы түрік әлемінің мәдени елордасы – Астана жылын» өткізу идеясын ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің жария еткенін және бұл идеяның өткен жылы түркітілдес мемлекеттер басшыларының Ыстамбұлдағы саммитінде қолдау тапқанын атап өтті.

– Қазақстанның 2012 жылғы бюджетінде «Түркі әлемінің елордасы – Астана жылын» өткізуге арнайы қаражат бөлінген. Ал келер жылы Астанада «Опералия» атты халықаралық опера өнерінің және «Ұлы дала сазы» атты дәстүрлі өнер орындаушыларының фестивалін, Шәмші Қалдаяқов әндерінің байқауын, Орталық Азия елдерінің халықаралық театрлар фестивалін, «Еуразия» халықаралық кинофестивалін, түркітілдес мемлекеттердің эстрада фестивалін және басқа да бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланған, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. – Мұндай іс-шаралар түркітілдес халықтардың мәдениетаралық өзара қарым-қатынастарын кеңейтеді және нығайтады деп үміттенемін. Сондай-ақ, бұл Қазақстанның түркі әлеміндегі рухани-мәдени біріктіруші ел ретіндегі беделін арттыратын аса маңызды оқиға болары сөзсіз.
ТҮРКСОЙ – түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту жөніндегі халықаралық ұйым. Ол түркітілдес мемлекеттер мен Еуразия құрлығының халықтарының мәдениет саласындағы ынтымақтастығын нығайту мен дамыту мақсатында құрылғаны белгілі. Тарихқа үңілсек, бұл ұйым 1993 жылы Алматыда бас қосқан құрылтайшы елдер – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Түркия мәдениет министрлері қол қойған келісімшарттың негізінде дүниеге келді. Кейінірек, ТҮРКСОЙ келісіміне бақылаушы елдер есебінде Ресей Федерациясының құрамындағы Татарстан, Башқұртстан, Хакасия, Тува, Алтай, Саха-Якутия және Молдованың құрамындағы Гагауз елі қосылды. ТҮРКСОЙ-дың штаб-пәтері Түркияның астанасы – Анкарада орналасқан.
– ЮНЕСКО-ның белсенді мүшесі ретінде біздің еліміз БҰҰ-ның мамандандырылған ұйымының мақсаттарына адалдығын білдіре отырып, көптеген жаһандық бастамаларды көтеріп келеді, – деді Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Астанада өткен ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялардың аймақтық кеңесінде сөйлеген сөзінде. – Мысалы, Қазақстан 2010 жылы ЮНЕСКО үлкен табыспен өткізген Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру жылын өткізу идеясын ұсынды. Қазақстан ішкі және сыртқы саясатта ашық мәдениетаралық диалогты қалап отыр. Сондай-ақ, халықаралық деңгейдегі ұлттық, мәдени, діни төзімсіздіктің кез-келген формасымен күресуге дайын. Жаңа заман өз ережелерін енгізуде. Мұндай жағдайда төзімділік пен алуан түрлілікті сыйлау принциптеріне негізделген мәдениеттер диалогына балама жоқ. Қазіргі кезде бұл ұстаным әлемдегі үдерістерді дұрыс түсінуге және одан қорғануға қажетті заңдылық. Осы орайда, Қазақстанның адам құқықтарын қорғауға және өркениетаралық диалогқа бағытталған ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық қарым-қатынасы біздің халықаралық саясаттағы басым бағыттарымыздың бірі.
Ержан Қазыхановтың пікі­рінше, әлемдік мәдениетті қалыптастыру үшін барлық деңгейде мәдениетаралық және дінаралық өзара түсіністік іс-әрекеттер қажет. Бұл орайда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылдан бері Астанада тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайын атап айтуға болады. – Бұл форум өркениеттер мен конфессиялар арасындағы диалогты нығайтуға, төзімділік пен жалпыдамзаттық құндылықтар принципіндегі әлемді құру идеясын жүзеге асыруға бағытталған, – деді Қазақстанның Сыртқы істер министрі. – Бейбітшілік пен өзара ынтымақтастық тақырыбы, сондай-ақ, Қазақстанның ЕҚЫҰ және ИЫҰ-на төрағалығының шеңберіндегі ірі-ірі саммиттер мен конференциялардың қорытынды құжаттарында көрініс тапты. Әлем мәдениеті деген ұғымға бейбітшіліксүйгіштік, жанжалдардың алдын-алу және реттеу, ерікті түрде білім беру процесі кіреді. Бұл қазір ЮНЕСКО насихаттаайтын «жаңа гуманизм» идеясымен тығыз байланысып жатыр. Бұл тұжырымдаманы дамыту ісінде Қазақстанның қосқан үлесі зор. Мысалы, біздің еліміз ғаламшар үшін ең қауіпті болып табылатын қатер – ядролық қаруды таратпау жөнінде жаһандық көшбасшы болып отыр. Оған дәлел, 2009 жылы Қазақстанның ұсынысымен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 29 тамызды «Халықаралық ядролық сынақтарға қарсылық күні» ретінде жариялау жөнінде арнайы резолюция қабылдады. Биылғы жылы бұл атаулы күн Семейдегі ядролық полигонның жабылуының 20 жылдығымен тұспа-тұс келді. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын өз жарлығымен жабуы Орталық Азия елдері үшін де үлкен маңызға ие. Өйткені гуманизм, бейбітшілік, даму мен ынтымақтастық принциптерінің күшеюі барлығымыз үшін аймақтық өзара әрекеттің лейтмотивіне айналуы керек, – деп атап өтті министр.
Қай жағынан алсақ та, Астана – біздің мемлекетіміздің көпвекторлық саясатының табысты үлгісі. Өйткені, тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ, Астана ізгі бастама көтеруден, әртүрлі жанжалдарды шешу жолдарын ұсынудан жалыққан емес. Әрине, мұның бәрі Астананы бейбітшілік пен ізгіліктің синониміне айналдырған мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі. Жуырда ғана АҚШ-қа барған сапарында Қазақстан басшысы әркез біздің басты ұстанымымыз ядролық әлемге қарсы қадам басу болып қалатынын қадап айтты. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев жақын болашақта ядролық державаларды суық қаруы жоқ мемлекеттерге қатысты қоқан-лоққы жасамауға міндеттейтін халықаралық конфенция қабылдау қажеттігін айтты. Яғни, Астана ядролық қауіпсіздікке келгенде аймақтық қана емес, әлемдік деңгейдегі көшбасшыға айналды.
Астана – әлемнің рухани елордасы болуға лайық қала екенін бірнеше мәрте дәлелдеді. Қазіргі кезде бізбен қарым-қатынас жасайтын елдердің барлығы бұл идеяның дұрыстығына көз жеткізді. Өйткені, бұл идея Астанада жиі-жиі өтетін халықаралық әртүрлі форумдар, конференциялар, руханиятты дамытуға арналған басқосулар арқылы беки түсуде. Осылайша, әлемдегі ізгі ниетті күштердің барлығының үні рухани орталыққа айналған Астанадан естіліп жатыр. Яғни, Астана әлемнің рухани орталығы миссиясын адал атқарған қасиетті қала деуге болады. Онымен қоса, Астана барша адамзатты рухани жақындасуға, бейбіт өмір сүруге үндеп отыр. Жаңа заманда рухани мәдениет адамзат өркениетінің негізгі басымдығына айналуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, Астана ұлттық, мемлекеттік мүддеден де жоғары тұрып, жер бетіндегі халықтарды жалпыадамзаттық мүдделерді қорғауға шақырып отыр.

Таңатар ТАБЫНҰЛЫ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз