«ҚазМұнайГаз өнімдері» директоры пара алды деген күдікпен ұсталды
2018 ж. 08 қараша
2053
0
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Youtube хостингіндегі ресми арнасында "ҚазМұнайГаз Өнімдері" ЖШС бас директоры Қуандық Құлмурзиннің ұсталған сәтінің видеосы жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Ол қоластындағы қызметкері "ҚазМұнайГаз Өнімдері" ЖШС-тың ШҚО бойынша филиалының директоры міндетін атқарушыдан оның қызметіне болысқаны үшін 4,3 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді. Кінәсін толықтай мойындауына байланысты екеуіне қатысты кепілге алу түріндегі бұлтарпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр", - деді агенттіктің ресми өкілі Жанна Бастарова.
Бастарованың айтуынша, кепілдің сомасы - 5 миллион теңге. Осыған дейін "ҚазМұнайГаз Өнімдері" ЖШС бас директоры Қуандық Құлмурзиннің 3 қарашада кепілмен босатылғаны хабарланған болатын.
Қуандық Құлмурзин "ҚазМұнайГаз Өнімдері" ЖШС басқарма төрағасы болып 2017 жылдың 12 қазанында тағайындалған. Мұның алдында ол Мұнай және газ министрлігінде Мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры қызметінде болған.