Монополистер тарифті негізсіз өсіріп 30 миллиард пайда тапқан
2018 ж. 25 қазан
3909
3
Коммуналдық тарифтерді негізсіз өсіріп, 30 миллиард теңгеге жуық пайданы заңсыз тапқан! Бас прокуратараның тексеруінен соң, елімізде ондаған монополист компанияның жылу мен жарықтың ақысын әдейі өсіріп, құйтұрқы жолмен ақша жинап келгені анықталды. Заңсыз жолмен келген қыруар қаржының алды жұртқа қайтарылып жатыр.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.Прокурорлардың тексеруі тұрғындарды «тонап» келген талай компанияның былығын әшкерелеп берді. Тіпті монополистер заңсыз ақша табудың жолын тауып, жұртты оп-оңай алдап келген.
Андрей Лукин, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
- Мәселен, «Астанаэнергосбыт» электр энергияны 11,8 теңгеге сатып алатынын көрсеткен. Бірақ, бұл қағаз жүзінде ғана. Негізі компания жылуды бұдан екі есе арзанға алып, кейін тұрғындарға қымбатқа сатып келген. Сөйтіп, елордалықтардан 3 миллиард теңгеге жуық артық ақша жинаған.
Дәл осындай жолмен аңғал жұртты ондаған компания алдаған. Соның ішінде «Қарағанды Жарық», «Жамбыл электр желісі», «Талдықорған жылу», «Көкшетау» мен «Қапшағай жылу» компаниялары бар. Тариф ақысын негізсіз өсіргендер 30 миллиард теңгені тұрғындардан артық жинаған. Прокурорлар монополистердің бұлайша коммуналдық ақыны негізсіз өсіруіне бақылаудың төмендігі себеп дейді.
Қайрат Қожамжаров, ҚР Бас прокуроры:
- Энергетика және Ұлттық экономика министрліктері тарапынан бақылау тиісті деңгейде жүргізілмейді. Мәселен, монополияға қарсы қызметтің үш жылдық жұмысын, прокурорлар бір ғана тексеру арқылы артығымен орындап тастады.
Әрі осы тексеруден соң, 14 өңірде жылу мен жарықтың бағасы төмендеді дейді Қожамжаров. Оның үстіне монополистер 5 миллион тұтынушыға 13 миллиард теңгені теңдей бөліп қайтарып берген.
- Енді қалған соманы да монополистер тұрғындарға жақын арада қайтарып беруі тиіс. Бұл оларды жауапкершіліктен құтқармайды. Қазір аңғал жұртты алдаған компания басшылары 160 миллион теңгеге жуық айыппұл арқалады. Әрі 10 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалған.