АҚЖОЛДЫҚТАР ЖОЛДАУҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТТІ
2018 ж. 21 қазан
3058
1
Алматыда «Ақ жол» демократиялық партиясы қалалық филиалында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауын талқылауға арналған конференция болып өтті. Конференция жұмысына партия төрағасы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев, фракция депутаты Ерлан Барлыбаев, партия төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, Орталық Кеңес хатшылары Әбдіразақ Сұлтанов, Нұрлан Жазылбеков, қатардағы партия мүшелері, еңбек ардагерлері және белсенді жастар қатысты.
Күн тәртібінде бірнеше мәселе қарастырылды. Отырыс бірінші кезекте Елбасының Қазақстан халқына арналған биылғы жолдауын талқылады. Конференцияда алдымен партия жетекшісі Азат Перуашев жолдауда жүктелген міндеттерді атай отырып, арнайы баяндама жасады.
Мәжілісмен өз сөзінде бүгінде әлем елдерінің көшбасшыларын дүниежүзілік саяси ахуал мен қор нарығы, тауарлық тартыс, түрлі экономикалық санкциялар ерекше алаңдатып отырғанын атай келе, мемлекет басшысы биыл өз жолдауында басты назарды қарапайым адамдардың мүддесі мен қатардағы тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға аударып отырғанын атап өтті. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуда отандық өндірісті өркендететін кәсіпкерлік, шағын және орта бизнесті дамыту өте маңызды. «Ақ жол» партиясы кәсіпкерлікті қолдап шағын және орта бизнес өкілдерін тұрақты түрде қорғап келе жатқаны белгілі. Осы аталған сала қарапайым тұрғындардың тұрмыстық деңгейін көтеруге тікелей әсер етері белгілі. Әсіресе кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, біз өз экономикамызды көтеруге жұмыс істейміз. Импортты барынша азайту үшін отандық өндірістің көкжиегін кеңейтуге міндеттіміз. Перуашев бүгіндер біз шетелден тауарлар сатып алуға жылына кем дегенде 40 млрд. доллар жұмсайтынымызды мысалға келтірді. Егер өз өндірісіміз дұрыс жұмыс істесе осы қомақты қаржы елімізде қалар еді. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында «Ақ жол» партиясы фракциясы көптеген тиімді заңдарды қабылдауға мұрындық болды. Дегенмен, кедергілер әлі де баршылық. Оны ашық айтып, кемшіліктерді түзетудің жолдарын көрсеткен көптеген депутаттық сауалдар жолданды. Тіпті, шешімін таппаған кейбір сауалдарды Үкіметке қайта-қайта ұсынуға тура келген кездер де аз емес. Партия жетекшісі осы орайда кәсіпкерлікке кедергі болып отырған бірнеше түйткілдерді мысал ретінде келтірді. Қазір кәсіпорындарды тексеру барысында айыппұл 5 жыл мерзімді есепке алады. Нәтижесінде, кәсіпкерлерге салынатын айыппұл салық көлемінен ондаған есе асып кетеді. Бұл кез-келген кәсіпорынды бонкротқа жеткізіп, жабылуына әкеледі. Біздің мақсатымыз өндірісті, кәсіпкерлікті дамыту болғандықтан оны үш жылға шегеріп, айыппұлды жеңілдету қажет. Бір сөзбен айтқанда отандық өндірушілердің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік жасағанымыз жөн. Шеттен әкелінетін тауарларды рәсімдеуде сәл қателік кетсе ол контрабанда болып есептеледі. Сол үшін қылмыстық іс қозғалады. Бұл да тым қатал шара, оны үлкен айыппұлмен алмастыруды ұсынамыз деді партия жетекшісі.
«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса бұл жолғы Жолдау халықтың әлеуметтік жағдайына баса назар аударылуымен ерекшеленетінін атады. Аталған салалардың ішінде мұғалімдердің еңбегіне көңіл бөлінгені, педагогтар туралы арнайы заң қабылдау туралы Елбасының ұсынысына қолдау білдірді. Біздің болашағымыз білімде болғандықтан, осы сала жұмысына ерекше көңіл бөлу қажет. Түрлі реформаларды тықпалайтын біздің бас мұғаліміміз Президенттің тура қойған сұрағына жауап бере алмай, екіліктен көз ашпайтын нашар оқушыдай күмілжитінін мысалға келтірді. Біздің халықтың үштен бірі жастар болғандықтан келесі жылды – жастар жылы деп атауды қолдаған Қазыбек Иса оларды баспанамен қамту негізгі міндеттердің бірі екенін білдірді. Осы ретте бір кезде «Ақ жол» партиясы бастамашылық жасап, жастарға жатақхана, жас отбасыларға шағын пәтерлер салу ұсынысы Елбасының қолдауына ие болғанын да айтты. Осы Жолдауда және «7-20-25» бағдарламасында көрсетілген міндеттер барысында бұл аса қажет ұсыныс нақты іске асады деп сенім білдірді. Рухани жаңғыру аясында «Ақ жол» партиясының Алаш арыстарының есімін жаңғыртып, тарихтан лайықты орын алуына күш салып келе жатқанын, бұл игі істер алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.
Конференция барысында өз ой-пікірлерін білдіргендер Жолдауды түрлі бағыттар бойынша қолдайтындықтарын жеткізді. Еңбек ардагері Көпесбай Жампейісов бұл жолы Жолдауда ардагерлер туралы айтылмаса да, жастарды тәрбиелеуде өз үлестерін қосатынын, ҚазҰУ доценті Арман Жұмәділ білім саласына қатысты көрсетілген міндеттерді құптады. Сол сияқты кәсіпкерлер Марал Томпиев пен Дмитрий Васильев өндіріс саласына қатысты өз ойларын ортаға салды. Партия жиынында ұйымдастыру мәселесі қаралып, дауыс беру нәтижесінде Нұрлан Әбдіжапарұлы Жазылбеков Алматы қалалық филиалы төрағасы болып бірауыздан сайланды.
Партия атқарған іс-шараларда «Ақ жол» жастар қанатының да белсене қатысқанын айтып өткеніміз орынды. Олардың басым бөлігі ауылдан келген студенттер. Президенттің үндеуін қолдаған жастар «Ақ жол» партиясының өткен жылы жатақхана мәселесі жөнінде көтерген бастамасы үшін өз алғыстарын білдірді. Жиын соңында партияның жаңа мүшелеріне билеттер табысталды. Олардың қатарында жастармен бірге өмірлік тәжірибелері мол еңбек ардагерлері де бар. Жиын соңында конференцияға қатысушылар күн тәртібіндегі аталған мәселелер бойынша қаулы қабылдады.
Қазақ үні