Виктор Храпунов пен әйелі ұзақ жылға сотталды
2018 ж. 09 қазан
2112
0
Ерлі-зайыпты Храпуновтар ісіне қатысты сот үкімі шықты. 400 томға жеткен атышулы істе Алматы қаласының бұрынғы әкімі мен оның сыбайластарына қандай жаза тағайындалды?
Соғызша созылған атышулы істің нүктесі қойылды. Сот әу баста шақыртуды пысқырмаған басты айыпталушыларсыз басталып, үкім де ерлі-зайыпты Храпуновтарсыз оқылды. Сотқа Храпуновтың бұрынғы әріптестері бірі қалмай түгел келіп, залға сыймай қалды. Олар мемлекеттің жылжымайтын мүлігін иеленді, пара алды, қылмыстық топқа қатысы бар деп айыпталған еді. Судья көп созған жоқ. Бірден үкімді оқуға кірісті.
Қасым Қалмағамбетов, судья:
- Виктор Храпунов жасаған қылмыстары үшін кінәлі деп танылып, оған мүлкін тәркілеумен бірге максималды қауіпсіздігі бар қылмыстық-атқару жүйесінде 17 жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Ол Ұлттық банк, қаржы мекемелері, мемлекеттік ұйымдар мен басқа да мекемелерде қызмет атқару құқығынан айрылады.
Сондай-ақ, Алматының бұрынғы әкімі барлық атақтарынан айрылды. Ал, оның жұбайы Лейла Храпунова 14 жылға сотталды. Судья Храпуновтың бажасы Аяр Ілиясовты назардан тыс қалдырмады. Шетелде қашып жүрген оған 5 жыл жаза тағайындап, Алматыдағы барлық мүлкі мемлекет меншігіне қайтарылу туралы шешім шықты. Ал, бастығымыздың бұйрығын орындадық деп Храпуновқа бар кінәні үйіп-төккен оның 9 әріптесі жазадан оңай сытылып кетті. Әр жылдары Алматы қалалық әкімдігінде лауазымды қызмет атқарған экс-шенеуніктер осыған дейін тағылған айыптың ескіргенін алға тартқан еді. Судья айтқандарын еледі ме, әйтеуір барлығын қылмыстық жауапкершіліктен толықтай босатты.
2007 жылы елдің қаржысын жымқырып қашқан ерлі-зайыпты Храпуновтардың мемлекетке келтірген шығыны 250 млн доллардан асады. Швецарияда алшаң басып, ештеңкеге алаңдамай өмір сүріп жатқан қашқын экс-шенеунік пен оның жақындарына Интерпол баяғыда-ақ халықаралық іздеу жариялаған еді.Енді Қазақстан билігі Храпуновтың тезірек ұсталып, елден тонаған қаражатын қайтаруын күтуден басқа амалы жоқ.